Видео

Әскери ұшақ апаты: оқиға орнынан түсірілген видео

Жазылу
Қазақстандықтар әскери ұшақтың апатқа ұшырағанын ең алдымен интернетте тараған хабарлардан білді. Ан-26 әскери ұшағы Алматы әуежайының маңында құлағаны және ұшақ бортында экипаждың алты мүшесі болғаны туралы ресми ақпараттар кейінірек жарияланды

Аман қалған екі әскери қызметкер оқиға орнына жақын жердегі ауруханаға жеткізілді. №4 қалалық клиникалық ауруханның білікті дәрігерлері зардап шеккендерге шұғыл көмек ұйымдастырып, тиісті ем-дом жасап жатыр.

Олардың бірі – экипаж командирі, 1987 жылы туған капитан Әшіров екені хабарланды. Оның сол жақ жамбас сүйегі ашық жағдайда сынған және бас-миының жабық жарақатын алған.

Ал екінші әскери қызметші – 1996 жылы туған бортехник, аға лейтенант Есләмов. Ол ауруханаға саусақтары сынып, екінші және үшінші дәрежелі күйікпен ашық бас-ми жарақатымен жеткізілген.

№4 қалалық клиникалық аурухананың травматология бөлімінің бастығы, травматолог-ортопед Марат Тоқышев пациенттердің жағдайы туралы айтты.

"Қазіргі уақытта науқастар жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр. Барлық қажетті көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр", – деді ол.

Ол аман қалған әскерилерге келген туыстарына да дәрігерлер тарапынан тиісті көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.

Ұшу-қону жолағына жете алмады

Ұшақ ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиациялық қызметіне тиесілі. 13 наурызда Нұр-Сұлтан – Алматы бағытында қатынаған Ан-26 әскери ұшағы Алматы әуежайының маңындағы Қызыл ту ауылының іргесінде құлады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұшақтың авиациялық қызметке тиесілі екенін растады және қазіргі кезде ведомство апат себептерін анықтауда.

Борттағы алты адамның төртеуі оқиға орнында қайтыс болды. Олар: аға лейтенант Баймұратов Досжан – 43 жаста, майор Барлықбаев Ғабит – 34 жаста, сержант Евгений Васильков – 34 жаста және лейтенант Сағынбаев Мұхтар – 26 жаста.

Ұшақ құлаған жерге Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев барды. Ол қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көмек көрсетуді және оқиғаның салдарын жоюға қатысты тиісті тапсырмалар берді.

Марқұмдардың отбасына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты.

Мемлекет басшысы апаттың себептерін тергеуді тапсырды.

Айта кетейік, Алматы маңындағы ұшақ апаты ҰҚК-нің авиациялық қызметі құрылған күні болды.

Бұл шекара қызметіне тиесілі ұшақтың қатысуымен болған екінші қайғылы оқиға. 2012 жылы Шымкент маңында Ан-72 ұшағы құлап, 27 адам көз жұмған.

Жаңалықтар
0