Видео

Яковлев Латвиядағы журналистерді қудалауға қатысты пікір білдірді – видео

Жазылу
Baltnews агенттігінің бұрынғы бас редакторы Андрей Яковлев Балтық маңындағы елдерде ресейлік БАҚ-пен күрес бұрыннан жалғасып келе жатқанын және ол Батыстың геосаяси стратегиясының бір бөлігі екенін айтты

Латвияда "Россия сегодня" халықаралық ақпарат агенттігімен әріптестік орнатқаны үшін орыс тілді жеті журналиске қарсы қылмыстық іс қозғалды. Арнайы қызмет мәлімдемесі бойынша, тілшілер Еуроодақтың санкциялық режимін бұзған.

Яковлевтің айтуынша, бұл бұқаралық ақпарат құралдарын шектейтін репрессиялық әдіс болып саналады.

"Есік қоңырауын естіп, баспалдақпен төмен түстім. Есікке жақындағанымда, әскери киінген адамды көріп, оны муниципалдық полицей екен деп ойладым. Есікті ашып едім, бетперде киген бір топ азамат кірді. Тергеуші тек ковидке қарсы медициналық бетперде тағып алған. Олар маған сот шешімін көрсетіп, тінту туралы хабарлады. Мына тартпада жатқан флеш-карталардың барлығын алып кетті", - деді Яковлев.

Ол өзіне тағылған айып "Россия сегодня" халықаралық ақпарат агенттігінің құрамына кіретін құрылымдар үшін мақала жазған журналистердікінен сәл басқаша екенін атап өтті.

"Менің бұл елдегі бұқаралық ақпарат құралына құрылтайшылық еткен компаниям болды. Ол Baltnews.lv деп аталды. Латвиялық бұл БАҚ заң негіздерінде жұмыс істеді. Бірақ маған тиесілі компаниямен құрылған БАҚ-ты мен ресми түрде латвиялық мемлекеттік тіркеу арқылы басқа заңды тұлғаға, яғни, "Россия сегодня" ХАА-ға бергенімде, мен ресейлік медиаларға жұмыс істейтін латвиялық журналистерге Латвиядағы журналист мәртебесін алуға мүмкіндік бердім. Яғни, латвиялық БАҚ мәртебесі. Бұл бәз біреулерге онша ұнамады", - деді экс-редактор. 

Яковлев өз үйіне тінту жүргізеді деген үш ұйықтаса, түсіне кірмегенін айтады. Оның пікірінше, бұл әрекет тіпті логикаға сыймайтын теріс қылық.

"Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын шектейтін репрессиялық әдістер. Егер, батыстық мемлекеттік корпорациялардың бірі, мысалы, ВВС Ресей жайлы негативті ақпарат жарияласа, ал Ресей оны санкциялық тізімге енгізсе, осыдан кейін ВВС-мен әріптестік орнатқанның барлығына қарсы қылмыстық іс қозғау керек пе? Логика солай ма?", - деп таңданыс білдірді ол.

Журналистің ақпараты бойынша, үйдегі барлық бөлмеге тінту жүргізілген.

"Жәшік пен тартпалардың барлығын қарап шығып, Біраз затты тәркіледі. Біздің саяхат кезінде түскен фотоларымыз бар альбомдарды да қарап шықты. Өте көп затты тәркіледі. Тіпті, қажет емес дүниені де тәркілеп алып кетті. Жақын күндері ғана ішінде ешқандай ақпарат жоқ модем мен роутерді қайтарып берді", - деді Яковлев.

Бұрынғы бас редакторды жауап алуға алып келген кезде, оған екі сұрақ қойған: бірінші қағазда жазылған айыптауды, яғни, оны не үшін айыптап отырғанын түсінетіні сұралса, екінші сұрақ оны өз кәнісән мойындауына қатысты болған.

"Бұл қандай да бір ресейлік ықпалды ығыстырудың әдістемелік әрекеті. Білетініміздей, ресейлік ықпал БАҚ арқылы да жүзеге асып жатыр. Ақпарат алаңын тазартып, балама пікірлердің көзін жою әрекеттері кем дегенде ширек ғасырдан бері орындалып жатыр. Балтық елдері өзінің геосаяси қарсыласы деп санайтын Ресей аясындағы "санитарлық тазалауларды" орындау үшін бекітілген. Ұжымдық Батыс русофобиялық саясатты қолдап, сол бағытта өз міндеттерін орындайтын елдерге демеушілік етеді", - деп түйіндеді Андрей Яковлев.

Жаңалықтар
0