Видео

"Карантин түсінігі діннен келген": мешітте бес уақыт намаз қалай оқылып жатыр - видео

Жазылу
2 қарашадан бастап Қазақстан мешіттерінде күн сайынғы бес уақыт намаз жамағатпен оқыла бастады

COVID-19 әкелген өзгеріс

"Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевтың айтуынша, індеттің алдын алу үшін намаз кезінде адамдар міндетті түрде бетперде тағып, бір-бірінен екі метр алыста тұрады. Залдағы адам саны 100-ден асып кетпеуі тиіс.

"Шариғат бойынша жамағатпен иық тірестіріп намаз оқу абзал болып есептеледі. Бірақ осындай жағдайларда шариғат рұқсат береді. Адамның өмірін сақтау өте маңызды. Құранда Алла Тағала бір адамның өмірін құтқару – бүкіл адамзатты құтқарғанмен тең, ал бір адамды өлтіру – бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең дейді. Сол үшін жұқпалы індеттің алдын алу үшін ғұламалар кеңесінің шешімімен адамдардың арасы ашық болады", - деп түсіндірді Өткелбаев.

Карантин уақыты болғандықтан, бес уақыт намазға қазір адам аз келеді. Мешітке кіреберісте барлығының дене қызуы өлшенеді. Күзет қызметкері температурасы жоғары адамды бірден сыртқа шығарып, қажет болған жағдайда жедел жәрдем шақырады.

Бұдан бөлек, имамдар жамағатқа бір-бірімен қол алыспай, алыстан тұрып сәлем беруге кеңес береді. Шариғатта алыстан амандасу абзал болып саналады.

Жамағатпен оқылған әр намаздан кейін мешіттің есік-терезесі ашылып, іші дезинфекцияланады.

Сырқаттанып қалған имам мешітке кіре алмайды

Мешіт имамдары ара-тұра коронавирусқа тексеріліп тұрады. Бірақ, Өткелбаевтың айтуынша, ПТР тест тапсыру міндетті емес.

"Егер имам шет елге іссапармен барып қайтса, өз ақшасына тест тапсырады. Ыстығы көтеріліп, сырқаттанып қалған қызметкер жұмыстан уақытша босатылады. Оған мешітке кіруге уақытша тыйым салынады", - деді наиб имам.

Ол "Әзірет Сұлтан" мешітінде бүгінге дейін қауіпті вирусты жұқтырғандар болмағанын айтты.

"Індет шыққан жерден қашыңдар"

Бақытжан Өткелбаевтың айтуынша, карантин түсінігі, негізінде, діннен келген.

"Пайғамбарымыз (с.ғ.с) кезеңінде, Хәзірет Омардың кезеңінде болған. Пайғамбарымыз "Індет шыққан жерден жыртқыш хайуаннан қашқандай қашыңдар" деген. Бұл карантинді білдіреді. Хәзірет Омар халифалық тұсында Шам өлкесі жағына іссапармен шығады. Шам өлкесінде жұқпалы індеттің тарағанын естіп, сол жерден тоқтап артқа қайтқан. Сонда Шам өлкесінің әкімі хат жазған: сіз Алланың тағдырынан қаштыңыз ба, неге келе бермедіңіз деген мағынада. Сонда Хәзірет Омар "Алланың тағдырынан екінші тағдырына қаштым" деген екен. Негізі бұл індеттен сақтануды біздің шариғатымыз, дініміз бұйырады", - дейді ол.

Жұма намазына неге әлі рұқсат жоқ

Наиб имам жұма намазына рұқсат беру мәселесін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шешпейтінін атап өтті.

"Рұқсат етіп-етпеуді үкіметтің жанындағы ведомствоаралық комиссия шешеді. Бұл елдің бас санитарының қаулысына, індеттің таралып-таралмауы, эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып-жақсармауына байланысты. Сол себепті біз сол жаққа қараймыз. Олардан рұқсат келуі керек. Яғни, бізге қатысты мәселе емес", - деп түсіндірді Өткелбаев.

Қазақстанда соңғы күндері коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп жатыр. Осыған байланысты республикада карантин қайта күшейді. Бірнеше облыста блок бекеттер қойылып, жүріп-тұруға шектеу қойылды. Кей қалаларда мешіттер қайта жабылып жатыр.

Соңғы дерекке сүйенсек, наурыздан бері барлығы 115 439 адамда COVID-19 диагнозы расталды. Ал ковидтік пневмонияға 38 882 адам шалдыққан.

Жаңалықтар
0