Видео

Туды ерекше әдіспен жасайтын студент өз өнерінің құпиясын айтып берді – видео

Жазылу
Астаналық студент Тынысбек Палманұлы жүздеген Рубик кубигінен керемет туындылар жасайды. Бала кезінде сурет салуды және кубик жинауды ұнатқан бала бүгінде осы екі өнерді ұштастырып, шығармашылық шабытын ұштап жүр

Кешегі хобби қосымша қаржы көзіне айналды, бүгінде жан-жақтан тапсырыс көптеп түсіп жатыр. Sputnik Қазақстан ерекше өнер иесін қонаққа шақырып, Рубик кубигінен сурет жасаудың қыр-сырын біліп алды.   

Тынысбек Палманұлы – Түркістан облысы Созақ ауданының тумасы. Еуразия ұлттық университетінің төртінші курсында оқып жүрген студенттің мамандығы - инженер-механик. Бірақ бала кезінде сурет салуды ұнатып, Рубик кубиктерін жинауға қызығатын.

Оның айтуынша, биыл карантин басталғанда бос уақыт көбейген. Содан ол өзінің бұрыннан бері ойлстырып жүрген идеясын іске асыруға кірісті. Ол – кубиктерден сурет жасау. Жас жігіт үйде отырғанын пайдаланып, осы қабілетін ұштауға күш салды.

"Бас кезінде 100 кубикпен әртүрлі жапырақтарды, мультфильм кейіпкерлерін және тағы басқа нәрселерді жасап, соған қызығатынмын. Сөйтіп, қазіргі таңда 600 кубиктен үлкен көлемді туындыларды жасап жүрмін. Бір портретті жасауға, шамамен, бес-алты сағат қажет, кей кезде сегіз сағат кетеді. Бір Рубик кубигін бір минутта жинаймын. Қазіргі кезде осы хобби қосымша қаржы көзіне айналды, тапсырыстар да түсіп жатыр. Қазақстанда Рубик кубиктерінен портрет жинайтын адамды көрген емеспін", - деді Палманұлы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Осы уақытқа дейін автор ұлы ақын Абай Құнанбайұлы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров сынды танымал тұлғалардың портретін құрастырып үлгерді. Ал Sputnik Қазақстан редакциясына арнап Қазақстанның туын жинап берді

"Негізі, әрбір туындының өз ерекшелігі мен қиындығы бар. 600 кубиктен бес-алты сағат бойы портрет жинау оңай емес. Адамға процестің өзі ұнауы тиіс. Онсыз болмайды. Жалпы, бұл - математика мен бейнелеу өнерінің қосындысы. Бұндай портрет жасау үшін есте сақтау қабілеті жақсы болуы керек. Ойлау қабілеті жақсы болуы қажет және шабыт керек. Бұл менің хоббиім болып қала береді. Алдағы уақытта елімізге танымал тұлғалардың портретін жасаймын", - деп атап көрсетті Палманұлы.

Айта кетейік, жұмбақ конструкцияның құрылысын венгерлік сәулетші, архитектура профессоры Эрно Рубик ойлап тапқан. Рубик Будапешт қолданбалы өнер академиясының интерьер дизайны факультетінде өнеркәсіп дизайны мен архитектура пәнінен мұғалім болып жұмыс істеді. Ол өзі ойлап тапқан кубигін білім бағдарламасына да енгізген. Ал Рубик кубигінен портрет жасау өнері "мозаикбилдинг" деп аталады.

Жаңалықтар
0