Видео

Көлік тізгінінде 61 жыл – жамбылдық полиция жүргізуші әжей туралы видео түсірді

Жазылу
Жамбыл облысында 60 жылдан бері көлік жүргізіп, бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған әйел жас полицейлерге шеберлігін көрсетті

Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері 85 жастағы Лидия Сидоренкомен кездесіп қайтты. Ол жүргізуші куәлігін 1959 жылы Жамбыл қаласында алған. Көп жыл облыстық тұтынушылар одағында жұмыс істеген, деп хабарлайды Polisia.kz.

"Лидия Сидоренко 61 жылдан бері көлік жүргізеді. Ол жолдағы тәртіпті жүргізуші, осы уақыт ішінде ешқандай заңбұзушылық жасамаған", - деді полиция.

Осы уақытқа дейін әжейдің төрт көлігі болған. Ең біріншісі – "Москвич-восьмерка". Одан кейін қызыл түсті Москвич-2140 көлігін айдаған. 1990 жылы сарғыш ВАЗ-2106 көлігін алды. Ал 2011 жылы Волга ГАЗ-24 көлігін алып, қазірге дейін осы көлікті тізгіндеп жүр.

"1976 жылы маған жұмыстағы жетістігімді бағалап Москвич автокөлігін берді. Облыстағылардың барлығы мені сол көлігімнен танитын. Ешқашан жол ережесін бұзған емеспін", - дейді Сидоренко.

Жергілікті полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов Лидия Сидоренкомен кездесіп, жол ережесін қатаң сақтап жүргені үшін алғыс айтты.

Сондай-ақ, Сидеренко Волга, Жигули, Москвич көліктерін айдап, жиналған жас полицейлерге шеберлігін көрсетті.

"Көп жылдан бері Қазақстан заңдары мен жол қозғалысы ережені қатаң сақтағаныңыз және жауапты азаматтық ұстанымыңыз үшін сізге шынайы алғысымды білдіремін. Тұрғындар арасында көлік жүргізу тәртібін қалыптастыруға және нығайтуға баға жетпес үлес қосып келе жатырсыз. Сізге зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін", - деді Жанат Сүлейменов.

Сонымен қатар тәжірибелі көлік жүргізушісі Лидия Сидоренко жастарды жол ережесін қатаң сақтауға шақырды.

Жаңалықтар
0