Дерекқор

Ауыз қуысы аурулары: түрлері мен емдеу жолдары

© Photo : AndrzejRembowski/РixabayМакет челюстей, иллюстративное фото
Макет челюстей, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.10.2021
Жазылу
Тісжегі және қызыл иектің қабынуы – бұл ауыз қуысының ең көп таралған ауруы. Алайда, ауыз қуысы ауруының түрі өте көп

Ауыз қуысы ауруларының белгілері

Ауыз қуысы аурулары – бұл тіс, қызыл иек пене шырышты қабықтың зақымдалуын қамтитын аурулардың ауқымды тобы. Өкіннішке қарай, көп адам бұл ауруға жете мән бермейді және стоматолог қабылдауына жазылуға асықпайды. Бірақ дәл сол тісжегі адам денсаулығы мен өмірі үшін үлкен қауіп төндіруі мүмкін.

Мына симптомдар байқалған кезде медициналық көмекке жүгінген абзал:

  • тіс пен қызылиектегі ауырсыну;
  • қызылиектің қанауға бейімділігі;
  • ауыздағы жағымсыз иіс;
  • ауыз қуысындағы шырышты қабықтағы афталар (жаралар);
  • төменгі жақсүйек асты түйіндердің ұлғаюы;
  • ұрт пен беттің ісінуі.

Сонымен қатар дене температурасының көтерілуі, тәбет пен еңбекке қабілеттілігінің жоғалуы, ой-санасының бұзылуы секілді симптомдар да болуы мүмкін.

Ауыз қуысының ауруы қандай болады

Ауыз қуысының барлық анатомиялық құрылымы мен органы эндокринді, иммунды, ас қорыту сынды басқа да жйүелермен тығыз байланыста болады. Сондықтан ішкі органдардың ауруы ауыз қуысына және керісінше, ауыз қуысындағы аурулар ішкі органдарға әсер етеді.

Жалпы ауыз қуысы ауруларын шартты түрде тістердің, шырышты қабықтың және пародонттың зақымдалуы деп жіктеуге болады.

Эмаль гипоплазиясы

Сүт және тұрақты тістер эмалінің жете дамымауын гипоплазия деп атайды. Көп жағдайда бұл патология ағзадағы зат алмасудағы проблемаға байланысты туындайды және тістің пішіні мен сыртқы бейнесінің өзгеруі түрінде пайда болады. Эмальда ақшылдау түс, жырашықтар пайда болады. Гиперплазияның асқынған түрі – аплазия кезінде эмаль толығымен жоқ болып, адам жиі жағдайда тамақ ішкенде ауырсыну сезінуі мүмкін. Эмаль гипоплазиясы тісжегі, пульпит, периодонтит сынды асқынуларға алып келуі, сондай-ақ тістеудің бұзылуын қалыптастыруы және тістердің патологиялық жойылуын тудыруы мүмкін.

"Тіс эмалінің гипоплазиясын емдеу кезінде оны дер кезінде анықта өте маңызды. Сондықтан кішкентай балалардың да стоматолог тексеруінен тұрақты өтуі аса қажет. Егер дәрігер қандай да бір өзгеріс байқаса, баланы есепке қойып, оны жіті бақылайды", - дейді стоматолог дәрігер Олеся Кудоярова.

Эмаль гипоплазиясын емдеудің қандай әдісі бар? Ең алдымен, бұл тістерді реминерализациялау (тіндерді кальций және фторидпен қанықтыру), эмальді тегістеу, ақауларды пломбалау. Эмаль мен дентиннің айқын көрінетін ақауларын жасыру үшін металл-керамикалық қаптамалар немесе винирлер орнатуды қамтитын ортопедиялық емдеу тағайындалады.

Эмаль аплазиясы

Тіс эмалінің аплазиясы – бұл тістерде эмаль толығымен немесе ішінара жоқ болатын гипоплазияның ауыр түрі. Сондай-ақ тіс эмалінің аплазиясы өздігінен туындайтын патология болуы да мүмкін. Аплаззия кезінде эмаль семіп, өзінің барлық қорғаныс функциясын жоғалтады. Бұл ыстық немес салқын сусынға гиперсезімталдылықтан бөлек, бүкіл тістің уақыт өте келе бұзылуына алып келеді.

Флюороз

Флюороз – бұл ағзаға фтордың шамадан тыс көп мөлшерде түсуімен байланысты тістердің зақымдалуы. Осының салдаарынан тістерде ақ немесе сары-қоңыр дақ пайда болады. Флюороздың ең ауыр түрі тістің бұзылуы мен түсуіне алып келеді.

Өз өңіріңіздегі ауыз суға мән беріңіз. Егер оның құрамында фтор көп болса, онда тіс эмалінде алдымен дақ пайда болып, кейін ол қуысқа айналады және тіс бүліне бастайды. Флюороз сүт тістерді де, тұрақты тістерді де зақымдай алады.

Флюороздың бірінші сатысында тіс эмалінде түсі өзгерген учаскелер (сызық, жолақ) пайда болады. Эмаль өз жылтырын жоғалтып, бұжырлана бастайды. Науқас ыстық немесе салқын тағамға сезімталдылыққа, тістердің сынғыштығы мен бүлінуіне, тісжегінің көп пайда болуына шшағымдануы мүмкін. Патология асқынған сайын зақымдалған учаскелер кеңейіп, эмаль сары немесе қоңыр түске өзгере бастайды.

Флюорозды емдеу тіс эмалі қаншалықты зақымдалғанына байланысты болады. Бастапқы сатыда тістерді реминерализациялау арқылы жеңіл ағарту көмектесуі мүмкін. Егер дентинге зақым келсе, онда металл-керамикалық қаптама немесе винир орнату қажет болады. Бұл эстетикалық проблеманы шешіп қана қоймай, сондай-ақ тісті сыртқы әсерден және зақымдалудан қорғайды.

Тісжегі

Тісжегі – тістердің бұзылуының патологиялық процесі және балалар мен ересектерде тіс түсуінің ең кең таралған себебі. Алдымен эмаль, содан кейін дентин зақымдалады да, тісжегі тіс пульпасына ("жүйкесіне") жеткенде асқыну пайда болады.

Тісжегінің ең қиын тұсы – оны бастапқы сатыдан "қолға түсіру" күрделі. Адамдар тіс ауырып, бұзыла бастаған кезде ғана проблеманы байқайды. Ал бұл аурудың асқынған сатысына жатады. Сондықтан мына симптомдарға баса назар аудару керек:

  • ауыздан шығатын жағымсыз иіс;
  • эмаль түсінің өзгеруі;
  • салқын, ыстық немесе тәттіге жоғары сезімталдылық.

"Тісжегінің алдын алу үшін қарапайым жеті ережені есте сақтау керек, - дейді стоматолог Олеся Кудоярова. - 1. Тіс щеткасын 2-3 ай сайын ауыстырып отыру керек. 2. Тісті міндетті түрде таңертең және кешке тазалау керек. 3. Тамақтанғаннан кейін тіс жібін қолданған дұрыс. 4. Шырын мен лимонадты түтікше арқылы ішу керек. 5. Тәттілердің орнына жеміс жеген абзал. 6. Тамақтанғаннан кейін 1-2 минут сағыз шайнау тістеріңізді тазалайды. 7. Жылына екі рет стоматолог дәрігердің тексеруінен өту қажет".

Пульпит

Тістің жұмсақ тіндері – пульпалардың (қантамыр-жүйке шоғыры) қабынуын пульпит деп атайды. Көп жағдайда пульпит дер кезінде емдемеу салдарынан тісжегінің асқынуы түрінде кездеседі. Пульпитті созылмалы және ауыр деп жіктейді.

Ауыр пульпит симптомдары: өткір әрі сыздататын ауырсынулар. Ол химиялық және температуралық әсер кезінде ғана емес, тітіркендіргіш жойылғаннан кейін де ұзақ уақыт бойы сақталады және тіпті үдейді. Кейде тіс күні бойы ауырады да, түнге қарай одан бетер өршиді. Ауырсыну самайға, жаққа қарай өтуі мүмкін. Тісті тақылдату кезінде оның сезімталдылығы төмен немесе мүлде жоқ екені байқалады. Егер ауыр пулпитті емдемесе, ол созылмалы пульпитке айналады, - дейді стоматолог дәрігер Олеся Кудоярова.

Пульпит кезінде тез арада стоматологқа қаралу керек. Дәрігер зақымдалған тіндерді, қабынған жүйкені алып тастап, жара орнын шайып, емдеп, арналарды пломбалайды. Егер ауруханаға баруды кейінге қалдыра берсеңіз, пульпит периодонтитке айналуы мүмкін. Ал ол көп жағдайда емдеуге келмейді және тісті жұлуға себепші болады.

Периодонтит⠀

Периодонтит – бұл тістің айналасын қоршап тұрған біріктіруші тіннің қабыну процесі. Периодонтиттің үш түрі бар: инфекциялық (тісжегі немесе пульпиттің асқынуы салдарынан тіс арналарынан инфекция таралады), жарақатты (қатты соққы немесе жарақат алудан кейін пайда болады) және ретроградты (патогенді микрофлора қан түйіндері арқылы өтетін сирек кездесетін түрі).

Периодонтиттің ең жиі кездесетін симптомдары ретінде әсіресе түн уақытында асқынатын солқылдап немесе сыздап ауруын, ауру тістің басқа тістердің биік тұрғандай сезілуін атауға болады.

Егер периодонтитті осы сатыда емдеп бастааса, онда ауру созылмалы түрге көшіп, ірің немесе киста пайда болады. Периодонтиттің созылмалы түрінде қызылиек ісіп, қанай бастайды, тіс орнынан қозғалып, түсіп қалуы мүмкін.

Периодонтитті емдеу оның сатысы мен түріне байланысты болады. Бастапқы сатыда түбір арналар тазаланып, бактерияға қарсы құралдармен өңделеді. Арналар толық тазартылғаннан кейін дәрігер пломба қояды. Егер ауру асқынған болса, хирургиялық емдеу әдісі қолданылуы мүмкін.

Периостит

Периостит (флюс) – бұл инфекциялық қабыну прцесі. Соның салдарынан сүйек қабығы үстінде ірің пайда болып, абсцесс туындайды. Науқастың қызылиегі мен беті ісіп, мойындағы қан түйіндері ұлғаяды және ол маңдайға қарай өршіп бара жатқан ауырсынуға щшағымданады.

Периоститке стафилокок пен стрептокок себепші болады. Олар асқынған тісжегі, созылмалы периодонтит, альвеолит, асқынған пародонтит, сонымен қатар созылмалы гайморит пен тонзиллит кезінде тіс арқылы сүйек қабығына ене алады. Тоңу, күйзеліс немесе иммунитет әлсіреу кезінде қабыну ошағында ірің жиналып, абсцесс немесе терең жара пайда болып, ірің сыртқа ұмтылады.

Перисотитті емдеу кезінде ауырған аумаққа жансыздандыратын дәрі егіп, дәрігер қызылиекті аздап тіледі де, іріңді сыртқа шығарады, содан кейін дренаж орнатып, периостит ошағы толығымен тазаруын қамтамасыз етеді. Егер тісті емдеу мүмкін болмаса, оны жұлады. Сонымен қатар антибиотиктер, қабынуға қарсы және ауруды басатын препараттар тағайындалады.

"Іріңді ісікті өз бетінше емдеу жақ остеомиелиті немесе бет пен мойындағы жұмсақ тіндер флегмоны сынды ауыр жағдайға алып келуі мүмкін екенін есте ұстау керек. Сондықтан жылыту компрестерін жасауға, антибиотиктерді бей-берекет ішуге тыйым салынады. Тез арада дәрігерге қаралу керек", - дейді маман.

Тіс кистасы

"Киста деген тіс түбірінің жоғарғы жағындағы "іріңді қапшық" немесе түбір айналасындағы сүйектің қабынуын білдіреді. Асқынған тісжегі немесе тістің зақымдалуы, күшті инфекция немесе нашар емделген тіс арналары арқылы түбір арналарына түскен микроб тіс кистасына себепші болады. Науқас тістеу кезіндегі ауырсынуға, ауру тістің өзге тістерден биік тұрғандай сезілуіне, тіс түбіріндегі тінді басқанда ауырсынуға шағымдануы мүмкін. Мұндай патология тез арада емдеу жүргізуді қажет етеді. Себебі адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін абсцесс немесе жақ-бет аумағының флегмоны сынды асқынудың алдын алу қажет", - дейді стоматолог дәрігер Олеся Кудоярова.

Ауыз қуысындағы шырышты қабық аурулары

Бұл өздігінен туындайтын немесе басқа патологиялардың симптомы ретінде туындайтын аурулардың кең түрі. Ауыз қуысындағы шырышты қабық ауруларына глоссит, хейлит, лейкоплакия жатады.

Стоматит

Стоматит - балалар мен ересектерге тән шырышты қабықтың қабынуы. Көп жағдайда стоматит бактериялық, вирусты немесе зеңді сипатта болады. Қылшықтары қатты, тырнайтын тіс щеткасы, нашар бекітілген брекеттер немесе тіс қаптамалары, ұрт пен ерінді тістеу әдеті стоматитке әкелуі мүмкін.

Жиі жағдайда стоматит ұрт ішінде, тілдің немесе қызыл иектің ішкі бетіндегі қышитын ашық қызыл немесе ақшыл қабықша жапқан жара немесе эрозия түрінде кездеседі. Науқас ұрттың дызылдап ауруы мен ісінуіне, аузынан жағымсыз иіс шығуына, тағам шайнағанда және жұтқанда ауырсынуға шағымдануы мүмкін. Асқынған жағдайда температура көтеріліп, ұйқы бұзылуы мүмкін, адам ашуланшақ болуы да ықтимал.

Ересектердегі стоматитті емдеу зақымданған аумаққа антисептик қолданумен, тіндердің жазылуын жеделдететін құралдармен жүргізіледі. Сонымен қатар, қажет болса, дәрігер антибиотиктер мен вирусқа қарсы препараттар тағайындауы мүмкін.

Глоссит

Глоссит – бұл тілдің қабынуы. Ол жарақат (мысалы, күю) салдарынан немесе ауру қоздырғыш мироағзалар салдарынан немесе қандай да бір жүйелі ауру симптомы ретінде пайда болуы мүмкін. Глоссит көп жағдайда ауыз қуысындағы жайсыздық немесе дызылдап ауру түрінде байқалады.

Адамның тілі ашық қызыл түске боялып, біршама ісінеді және сілекей көп мөлшерде бөлінуі мүмкін. Адамның дәм сезуі жоғалып, тамақтану немесе сөйлеу кезінде аузы ауыруы мүмкін.

Глосситті емдеу үшін шаю мен компресс жасау үшін антисептикалық және қабынуға қарсы препараттар, сондай-ақ зақымдалған тіндердің қалпына келуін жеделдету үшін А авитамині тағайындалады.

Хейлит

Хейлит (немесе хейлоз) — бұл ауру кезінде ерін жарылып, қабыршықтана бастайды, ал ауыз шетінде ауыздықтар пайда болады. Оған жел мен күннің әсері, аллергиялық реакция, тері зақымдалатын созылмалы аурулар (дерматит, псориаз және басқа), эндокринді патологиялар немесе зеңді зақымданулар себеп болуы мүмкін.

Хейлитті емдеу кезіндебастапқы себепті жою аса маңызды. Сонымен қатар дәрігер физиотерапия (лазер, ультрадыбыс, электрофорез), иммунотерапия және А, С, В тобындағы витаминдерді қабылдауды тағайындауы мүмкін. Аллергиялық реакция жағдайында ащы, тұзды, ысталған және маринадталған тағамдарды жеуді азайту қажет.

Ауыз қуысы лейкоплакиясы

Ауыз қуысы лейкоплакиясы – темекі шегу сынды агрессивті факторлардың салдарынан шырышты қабықтың қабыршықтануы. Бұл обыралды жағдай болып саналатындықтан, міндетті түрде емдеуді қажет етеді.

Жиі жағдайда ауыз қуысының лейкоплакиясы ауыздағы шырышты қабықтағы ақшыл, сұр немесе қызыл түйіншектер, бүдір немесе қабыршақты учаскелер түрінде пайда болады. Науқас ауырсыну немесе жайсыздықты сезінбегендіктен дәрігерге баруға асықпайды.

Лейкоплакияның туындай себебі әлі күнге дейін нақты анықталмаған. Темекі шегу, алкоголь, шырышты қабықтың созылмалы жарақаты, адам папилломасы вирусы, қатты ыстық немесе тым ащы тағамды жиі тұтыну, асқазан-әшек жолдар немесе эндокринді жүйе ауруы, ағзада темір мен А витаминінің жетіспеуі және тұқым қуалаушылық факторды осы ауруды асқындырушы фактор ретінде атауға болады.

Лейкоплакияны емдеу оның туындауының бастапқы себептерін (никотин мен ішімдіктен, ащы және ыстық тағам және сусыннан бас тарту, тістеуді қалпына келтіру, тісті емдей, жарықшақтарды реттеу) жоюды қамтиды. Ауыздағы шырышты қабықтың зақымдалған учаскелеріне емдеп жазатын құралдар жағылады.

Пародонт аурулары

Пародонт – тісті қоршап тұрған және оны өз орнында ұстап тұрған тіндер кешені: қызылиек, тіс-қызылиекті байланыс, периодонт, түбір цементі және сүйек тіні. Пародонт ауруларына қатарына мыналар жатады: гингивит, пародонтит және пародонтоз.

Гингивит

Гингивит – бұл жиі жағдайда ауыз қуысы гигиенасының жетіспеушілігі немесе тұрақсыздығы салдарынан туындайтын қызылиектің қабынуы. Ауру тудыратын микроағзалар тіс өңезі және тіс тасында жиналып, қабыну процесін тудырады.

Гингивит кезінде қабыну қызылиектің тек үстіңгі бетіне қатысты болады. Сондықтан қанауға бейімділік, қызылиектің ісінуі, басу кезінде аздаған ауырсыну немесе жайсыздық, ауыздан жағымсыз иіс шығуы болуы мүмкін. Егер емдеуді бастамаса, қабыну одан әрі асқынып, пародонтқа да қатысты болады.

"Гингивитті емдеу кезінде әдетте кәсіби тазалау немесе тіс тасын алып тастау, сондай-ақ қабынуға қарсы препараттар тағайындау қарастырылады", - дейді стоматолог.

Пародонтит және пародонтоз

"Көп жағдайда науқастар пародонтит пен пародонтозды шатастырып жатады. Пародонтит – пародонт тіндерінің қабыну ауруы және соның салдарынан қызылиектің қанауға бейімділігі мен тіс түбірінің біртіндеп ашылуы және тістің орнынан қозғалуы мен жұлынуы тіркеледі. Пародонтоз – бұл пародонттың қабынусыз зақымдалуы және ол жағдайда қызылиектің шырышты қабығы мен жақтың сүйек тіні келе-келе кеміріле бастайды. Тіс тіндерін бірнеше жыл бойы зақымдайтын пародонтитке қарағанда пародонтоз өте баяу дамиды және ондаған жылдарға созылуы мүмкін. Науқас өзінде қызылиек ауруы бар екенін білмеуі де мүмкін. Ауыз қуысының басқа ауруларымен салыстырғанда пародонтоз өте сирек кездеседі.

Бұл аурулардың туындауына мыналар себеп болуы мүмкін:

  • нашар гигиена,
  • сілекей құрамы,
  • қан тамырлары аурулары,
  • ағзадағы гормоналды өзгерістер,
  • қант диабеті,
  • генетикалық бейімділік және тағы басқа.

"Неғұрлым ұзақ тексерілмей жүре берсе, ауруды емдеу де соғұрлым күрделі болады. Сондықтан дәрігер қарауына ерте барған дұрыс", - дейді стоматолог дәрігер Олеся Кудоярова.

Ауыз қуысы ауруларын қалай емдейді

Емдеу кешені диагноз бен оның асқыну деңгейіне байланысты болады. Ал бұл хирургиялық және консервативті әдімтердің үйлесімі болады. Себебі тіске препарация жасау (тесу) – бұл хирургиялық әдіс болып саналады.

Тіс ауруларын, яғни, тісжегілі емес патологияларды, тісжегі және оның асқынуларын емдеу кезінде дәрігер препарация жасау, эндодонтикалық әдістер арқылы пломбалау, қаптама немесе протез салу әдісін қолданумен зақымдалған тіндері алып тастайды.

Шырышты қабық аурулары мен пародонтты емдеу ұзаққа созылады және өте күрделі. Ол консервативті және зирургиялық емдеу әдістерін қамтиды: зақымдалған тіндерді алып тастау, қызылиекті қалпына келтіру операциялары, сүйек тінін ауыстыру, дәрі қабылдау, ауыз қуысын шаю және тағы басқа.

Ауыз қуысы ауруларының алдын алу

Үйде ауыз қуысының толыққанды гигиенасы тісжегі мен қабыну ауруларына дейінгі барлық ауыз қуысы ауруы профилактикасының негізі болады.

Стандартты гигиена құралдарын пайдалану арқылы тісті күніне екі рет тазалау керек: бұл тіс щеткасы мен пастасы және тілге арналған тырнауыш, тіс жібі, ауыз шаю құралдары сынды қосымша заттар болуы мүмкін.

Тіс щеткасы мен пастасының түрі қандай болса да, тіс өңезін толық жою мүмкін емес. Уақыт өте келе бұл өңез тісжегі немесе қызылиектің қабынуына алып келуі ықтимал. Сондықтан мұнымен ауыз қуысының кәсіби гигиенасы арқылы күресуге болады.

Ауыз қуысы ауруларының алдын алудың міндетті шарттары:

  • зиянды әдеттерден бас тарту;
  • тамақтануды реттеу, яғни ұзақ және мұқият шайнауды қажет ететін тағамның басым болуы, тәтті тағамдар санын қысқарту;
  • ішкі орган ауруларын уақтылы емдеу;
  • күйзеліс пен оның салдарының алдын алу;
  • су ішу режимін сақтау;
  • стоматологиялық тексеруден тұрақты өту.
Жаңалықтар
0