Халық киімдерінің ең мәнерлісі – әйелдің бас киімдері. Соның ішінде тақияның орны ерекше, оны күнделікті тұрмыста киген. Тақия – барқыттан, қамқадан тігілетін жазғы жұқа бас киім. Ертеректе оның шеттері ақ тиіннің, сусар мен бұлғының үлбірімен көмкерілген, күміс және алтын әшекеймен сәнделген.
Тақия тарихы
Өнертану саласының маманы Сабыркүл Асанованың "Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы" еңбегінде қазақтар ұлттық бас киімдерін 15 ғасырда Қазақ хандығы орнағаннан бастап кие бастағаны айтылады. Қазақтар бас киімдеріне қарай қай таптың, қай тектің өкілі екенін таныған.
Ал 19 ғасырдың екінші жартысынан бастап халық киімдеріне өзгерістер ене бастаған. Әсіресе олар Батыс және Солтүстік Қазақстанда, Ертіс жағалауында, орыстар көп тұрақтанған жерлерде байқалған.
Қазақ халқының бас киімі екіге бөлінеді: ерлер және әйелдерге арналған. Әйелдерге арналған бас киімдер құрастырылуының күрделі болуы және бай безендірілуімен ерекшеленген. Оның ішінде тақияны тұрмысқа шықпаған қыздар киген, бірақ оны кию міндетті саналмаған.
Тақия 18 ғасырдан бастап киіле бастаған. Ол Қазақстанға Орта Азия қолөнершілері арқылы келген. Қазақстанның Оңтүстік аудандары мен Сырдария жағалауындағы қазақтар тақияны қызығушылық негізінде сатып алған. 19 ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ тұрмысын зерттеушілердің жазуына қарағанда қыздар киетін "скуфияның" төбесі үшкірлеу келген.
Оқи отырыңыз: Қазақ кимешекті қай кезден және қалай киген - фото
19 ғасырдың соңында төбесі дөңгелек түрінде тұтас ойылған, онша биік емес цилиндр пішінді тақия пайда болды. Қыздар тақиясы алтын және күміс кестелермен өрнектелген. Ақша, майда моншақ, қымбат тастар, маржан, шашақтармен әшекейленген. Тақияның төбесіне майда моншақ жіптермен көз-тілден сақтайды деген сеніммен үкі таққан.
Үкінің жүні қазақтың ескі салты бойынша әсемдіктің белгісі саналады. Ертеректе киімдердің етек-жеңіне ою-өрнек салу, үкі тағу жын-перілерден, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан қорғайды, магиялық күш әсер етеді деген сенімнен туған. Кейіннен үкіні тақия, сәукеленің төбесіне, домбыраға, бесікке қадаған. Үкінің қара қасқасын ерлер, балақ жүнінің ұлпасын әйелдер қолданған. Үкі құсын қазақ қасиетті деп білген. Ежелгі бақсылар, батырлар, сал-серілер де үкі тағып жүрген. Тіпті бір үкі бір аттың құнына бағаланған.
Қазақ қыздары үкілі тақияны үш жасынан бастап киген. Бес жасқа толғанда шашын өріп, шолпы таққан. Ал бойжеткен соң кәмшат бөрік киген. Қыздардың тақиясы қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түстермен барқыт секілді матадан сырып тігілген. Ол түрлі-түсті моншақ-маржанмен безендірілген.
Тақияны ерлер де киген
Қазақта тақия тек қыздардың ғана емес, ер адамдардың да бас киімі саналады. Кейінгі кезде тақияны тек ер адамдар кигенін байқаймыз. Ер адамдардың тақиясында моншақ, ақша, әшекейлер болмайды. Ерлер биік төбелі, тегіс төбелі, үшкір төбелі тақия киеді. Олар киген тақия мүйіз, шырмауық секілді өрнектер салынады. Тақия пүліштен тігілген, ал астарын жібек матадан тіккен.
Тақия туралы өлең мен әндер
Ел арасында тақия туралы нақыл сөз де, өлең де аз емес. Соның бірі ақын Тұрсынхан Әбдірахманованың "Тақия" өлеңі.
Зер төккен, бұрын қыздар армандаған,
Тақия сыйладың сен арнап маған.
Қазақта қадірі ерен бас киімнің,
Маған да ештеңе жоқ ардақты одан.
Ат, атан сыйлығыңмен ол барабар,
Жүреді тон орнына қол орамал.
Шешеді сүйіншілеп бас киімді,
Хабары жақсылықтың басқа қонар.
Жерге әсте бас киімді тастамайды,
Әрісі жастық етіп жастамайды.
Сыйлайды сирек, қимас досқа ғана,
Беруді бастан киім қостамайды.
Босаға емес, оны төрге іледі,
Бейсауат басып өтпес жерге іледі.
Танытар бас қадірін, дос қадірін,
Халықтың ғұрпы қандай мөлдір еді!
Бар қауым бұл ғұрыпқа ұйып өтті,
Қазаққа дос қадірін сүйікті етті,
Төрімде зер тақияң азиз досым,
Жанымды Алатаудай биіктетті.
Осы қатарды публицист Мұхтар Кәрібайдың "Әкемнің тақиясы" өлеңі де толықтырып отыр.
Көк тақия – көмескілеу, кестелі,
Әкемнен қалған елеусіз ғана естелік
Тіршілік күйлеп дүние кезген ұлыңның
Жүгімен жүрсің жаманаттардан ескеріп.
Көк тақия – көзіндей дана қартымның,
Ғұмыр көшіне өсиеттеріңмен артындым.
Түйсініп бірде, ұға алмай, бәлкім, қалдық-ау
Сөзіңде тұрған жалғанның мына бар шынын!
Көк тақия – соңғы кез киген әкемнің,
Есімде жоқ – кімдер қайдан әкелді.
Белгілісі – марқұм шебер шешемнің,
Үлгісіне ұқсамайды, әттең-ді...
Көк тақия – белгісіндей жалғыздық,
Ұмытып, кейде жуылмай да қалғыздық.
Кемпірің болса, жарқыратып қояр-ау,
Қауымда жүрген шырайын имам шалының,
Көк тақия – ізіндейсің өткеннің,
Бейдауа күндер иеңмен бірге өткердің.
Өзегі болып таусылмас өмір-өзеннің,
Ұрпақтарға аманат – жоғалмай сенің жеткенің!
Сонымен қатар әнші Төреғали Төреәлі мен Ұшқын Жамалбектің орындауындағы "Тақия" әні көпшіліктің көңілінен шықты.
Тақиялылар ата жолын жалғайды әрі тоңбайды.
Тақия киген қазағымның жігіттері мен үшін,
Алтын тас киген елін сүйген патшалардан аумайды.
Тікпейтін долчи мен габан да, зараң да, Жарасар маған да саған да.
Тақи, тақи, тақия,
Киіз үймен копия.
Тақияңа тар келмес,
Киіп алсаң тақия.
Абай киген тақия,
Шәмші киген тақия.
Біз де киіп тақия,
Болайықшы мафия.
Бөріктілердің бастарына тақиямен бақ қонсын,
Көріктілердің отауында уайым қайғы жоқ болсын.
Миллион қыздың орындалмас арманына айналған,
Қазақстанда тақиялы періштелер көп болсын.
Тікпейтін долчи мен габан да, зараң да,
Жарасар маған да саған да.
Бұл ән YouTube платформасында екі жыл ішінде 4 миллионға жуық қаралым жинаған.
"Тақиялы періште" фильмі
Тақия киген ер адам – қазақ кинематографиясының үздік образдарының бірі. Кеңес кезеңінде түсірілген комедияның режиссері – Шәкен Айманов. Фильмнің тұсаукесері 1969 жылы өткен, фильм Алматыда түсірілген.
"Тақиялы періште" фильмінің басты кейіпкері – Тайлақ есімді география пәнінің мұғалімі. Ол фильм бойы тақия киіп жүреді.
Ол тіпті дастархан басында да басынан тақиясын тастамайды. Сол арқылы фильмді түсірген топ қазақы болмысты көрсеткен. Фильмде алпамса денелі, көңілі періштедей ер адамға анасы жар іздейді.
Келін іздеп Алматыға келеді. Фильм "тақиялы періштенің" жар табуына дейінгі аралықты қамтиды.
"Тақиялы періште" фильмі қанша уақыт өтсе де көрерменін жоғалтпаған фильм. Ол туралы бірқатар ән шыққан. Соның бірі – жас әнші Еркебұлан Манарбековтің "Тақиялы періште" әні.
- Этнограф қазақ қыздары сәукеле мен бөрікті қандай жағдайда кигенін түсіндірді
- Ер де, әйел де киген: бөрік туралы не білеміз