Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, Қазақстанға жеткізілген COVID-19 инфекциясына қарсы Vero Cell вакцинасы иммундық жүйені ынталандырады және ауру тудырмай антиденелер қалыптастыруға ықпал етеді.
Вакцинаны өндіруші – Бейжің биологиялық өнімдер институты (Beijing Institute of Biological Products Co., Ltd), Sinopharm компаниясы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Vero Cell вакцинасын биыл 7 мамырда төтенше жағдайда қолдануға арналған дәрілер тізіліміне енгізді.
Vero Cell вакцинасын қай жастан бастап салдыруға болады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Vero Cell вакцинасын 18 жасқа толған адамдарға салуды ұсынды. 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге жоспарлы түрде вакцина салдыру ұсынылмайды, дей тұрғанмен қазір осы аурудың алдын алуға қатысты бұл нұсқа да зерттеліп жатыр.
Vero Cell вакцинасын неше рет салдыру керек
Vero Cell вакцинасының бір дозасы – 0,5 миллилитр. Вакцинаның екі дозасын салдыру ұсынылады. Екеуінің арасы 3-4 апта немесе 21-28 күн болуы қажет.
Егер екінші бөлігін бірінші компонентін салдырғаннан 3 апта өтпей салдырар болса, оны қайта салдырудың қажеті жоқ. Ал егер екінші дозаны алу 4 аптадан созылып кетсе, мүмкіндік туа сала салдырған жөн. Мұндай жағдайда дәрігермен кеңескен дұрыс.
Vero Cell вакцинасының кері әсері
Мамандардың айтуынша, клиникалық зерттеулер кезінде байқалған жағымсыз әсерінің өзі әлсіз немесе орташа күйде болған, оның өзі бірнеше күнде басылған.
Өте жиі болатын реакция:
- ине салған жердің ауыруы;
- бастың ауыруы.
Жиі болатын реакция:
- дене қызуы;
- шаршау;
- бұлшықет пен буындағы ауырсыну;
- жөтел, ентігу;
- жүрек айнуы;
- диарея;
- тері қышуы.
Сирек болатын реакция:
- ине салған жердің қызаруы, ісінуі, қышуы, қатаюы;
- бас айналу;
- тәбеттің жоғалуы;
- тамақ ауырып, жұтынудағы қиындық;
- мұрын біту;
- іш қату;
- жоғары сезімталдық.
Өте сирек болатын реакция:
- әлсіздік, ұйқышылдық;
- ұйқысыздық;
- түшкіру, жұтқыншақтың қабынуы, мұрын бітуі;
- тамақтың құрғауы;
- тұмау;
- қоздырғыштарға сезімталдықтың нашарлауы;
- аяқ-қолдың ауыруы;
- жүректің жиі қағуы;
- бөртпе, безеу, терінің қалыптан тыс жағдайы;
- іштің ауыруы;
- көздің ауыруы.
Vero Cell вакцинасын кімге салдыруға болмайды
Sinopharm компаниясы өндірген вакцинаны салдыруға қарсы көрсетілім ретінде вакцинаның кез келген компонентіне анафилаксиялық реакцияны (жедел белгі беретін аллергиялық реакция) атауға болады. Егер вакцинаның алғашқы компонентін салдырғаннан кейін сондай жағдай болса, екіншісін салдырмаған жөн.
Сонымен қатар дене температурасы 38,5 градустан жоғары адамдарға температура қалыпқа келгенше вакцина салдыруды кейінге қалдыру ұсынылады.
COVID-19 белгілері бар адамдар да толық қалпына келуін күтуі керек.
Бұл вакцинаны жүкті әйелдерге салуға қатысты мәлімет жеткіліксіз, сондықтан оның жүктілікке қалай әсер етуі мүмкін екенін айту қиын. Алайда мамандар Vero Cell вакцинасының белсенді емес екенін, оның құрамы көптеген басқа вакцинада кеңінен қолданылатын және құжатталған қауіпсіздік профилі бар адъюванттан тұратынын айтады. Ал ол жүкті әйелдер үшін де қауіпсіз деп танылған.
Vero Cell вакцинасы Қазақстанға жеткізілді
10 тамызда Vero Cell вакцинасының бірінші партиясы Бейжіңнен Алматыға жеткізілді. Екінші рейс 11 тамызға жоспарланған. Жалпы 4 миллион доза жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы салмағы 20 тонна медициналық жүк 2-8 градус температуралық режимде термоконтейнерлерде тасымалданады. Вакцинаны дәл осы температурада жарықтан қорғалған жерде сақтау ұсынылған.
Кей мәліметке сәйкес, Vero Cell вакцинасы әлемнің 45 елінде қолданылады. Оның ішінде Қытай, БАӘ, Түркия, Сербия, Беларусь, Бахрейн және басқа елдер бар.