Дерекқор

Іш қатудың негізгі бес себебі және оған жол бермеудің амалы қандай

© Sputnik / Кирилл Каллиников / Медиабанкке өтуАрхивное фото унитаза
Архивное фото унитаза  - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.05.2021
Жазылу
Денсаулығымыз сыр берген шақта дәрігердің көмегіне жүгінеміз. Алайда ішекті тұрақты босату режимі бұзылуына мән бермейміз. Ал бұл әрбір үшінші әйелде кездесетін күрделі проблема

Іш қатуды елемей қоюға және оған өздігінен шешілетін жеңіл проблема ретінде қарауға мүлде болмайды. Себебі созылмалы іш қату астың қорытылуы мен көңіл-күйдің бұзылуына ғана емес, сондай-ақ иммунитеттің төмендеуіне алып келіп, онкологиялық аурулардың туындау қаупін арттырады. Иммунитетке жауапты және ауру-сырқауға төтеп беретін жасушалардың басым бөлігі ішекте орналасқаны ғылыми тұрғыда дәлелденіп қойған. Сондықтан ішектің дұрыс жұмыс істеуі және толық тазарып отыруы аса маңызды.

Диета қаупі

Іш қатуға ең бірінші диета себеп болуы мүмкін. Артық салмақтан арылуға әрекет еткенде тұрған не бар деп ойлауға болады. Алайда көп диета көмірсуларды тұтынуды шектеуді, жалпы аз көлемде тамақтануды қарастырады. Тамақтану әдетіндегі мұндай күрт өзгерістер ағзаға әсер етпей қоймайды: тұтынатын тағам көлемі азайған соң, оның бұл аз көлемі ішекке тиісті дәрежеде нәжіс түзуге және ішекті босату рефлексін іске қосуға жеткіліксіз болады.

Көмірсулар, әсіресе жармалар мен жеміс-жидектердің көлемін азайту арқылы осы өнімдердің құрамында болатын жасұнық мөлшерін де азайтасыз. Бұл жағдайда іш қату туындап, токсиндер мен қалдықтар ағзадан шығарылмай қалады. Сондықтан қант, ақ ұн, тазартылған күріш, картоптан дайындалған кейбір тағам құрамында болатын зиянды көмірсулардан бас тарту керек екенін есте ұстаңыз. Ал ағзаның қалыпты жұмысы мен ішектің тазару рефлексін іске қосуға қажетті жасұнық бар азық-түлікті тиісті көлемде тұтыну қажет.

Жасұнық (клетчатка) жайын ұмытпаңыз 

Ас талшықтарын (жасұнық) жеткіліксіз көлемде тұтыну да іш қатудың пайда болуының бір себебі. Рационда көкөніс пен жемістің көп болуы пайдалы екенінен барлығы хабардар. Бірақ себебі неде? Мәселе біздің ағзамызға ағуыздар, майлар мен көмірсулардан бөлек жасұнықтың та қажеттігінде. Жасұнық – бұл өсімдіктердің жапырақтары мен сабақшалары, көкөністер, жемістер мен жармалардың қабығы мен мәйегінде бар ас талшықтары. Жасұнықты ағза қорытпайды. Ол ішек арқылы транзит түрінде жүріп өтеді де, сол жол бойы біраз пайдалы іс тындырып үлгереді.

Дәнді дақылдардан, жемістер мен көкөністердің қабығынан, бұршақ тұқымдастар және дәнді дақылдардың қабығынан алынған ерімейтін жасұнық асқазан-ішек жолдары арқылы тағамды жүргізеді де, ас қорыту жүйесін жеңілдетіп, ішектегі қорытылмаған ас қалдықтарын тазартады. Көкөністер мен жемістердің, жидектердің, жаңғақтардың және дәнді дақылдардың (сұлы, арпа, кебек) мәйегінде бар еритін жасұнық су мен асқазан сөлін сіңіріп ісінеді және ішектің ішіндегіні жұмсартатын гель тәрізді зат түзеді. Бұл перистальтикаға көмектесіп, ішектің оңай босауына ықпал етеді.

Жасұнық токсиндерді сіңіріп, оларды ағзадан шығарады, зат алмасу мен ас қорыту жұмысына қатысады, "нашар" холестерин деңгейін төмендетеді, пайдалы бактерияларды қоректендіреді, ішек микрофлорасына жағымды ықпал етеді. Ересек адамарға тәулігіне 30-35 грамм жасұнық қажет. Ал біз тазартылған тағамдарға басымдылық бере отырып, бұл тиісті мөлшердің көп дегенде жартысын ғана тұтынамыз. Соның салдарынан бірінші кезекте ішектеріміз зардап шегеді.

Көп су ішу керек

Күні бойы тиісті көлемде сұйықтық тұтынбау да іш қатуға алып келетін дәйекті себептердің бірі. Күніне 1,5-2 литр таза су ішу қажет екенін бәріміз жақсы білеміз. Алайда барлығымыз осы кеңесті кәдеге жаратып жүрміз бе? Екіталай. Күнделікті қарбалас әрі қызу тіршілік су ішу қажеттілігін естен шығарып жібереді. Соның салдарынан ішектегі тұтынылған астың құрамы қатайып, ішек өз жұмысын дұрыс атқара алмайды. Оның ақыры іш қатуға алып келеді.

Гормонда қандай гәп бар

Іш қатуды тудыратын төртінші қауіп жүкті әйелдердің барлығында дерлік кездеседі. Эмбрион жатырда бекуі үшін әйел ағзасы прогестерон атты гормонды шығара бастайды. Бұл кіші жамбас органдарының бұлшықеттер тонусын төмендетіп, нәтижесінде ішек босаңсиды және оның белсенділігі төмендейді. Жүктіліктің соңғы кезеңдерінде жатырдағы бала салмағы өсуінен ішекке қысым артып, бұл да қосымша проблемалардың туындауына алып келеді.

Болашақ ана мен сәби үшін іш қатудың зияны үлкен. Себебі іш қату ағзада ауру тудыратын бактериялардың қалыптасуына алып келіп, кейде мерзімінен бұрын босануға себеп бола алады. Сондықтан жүктілік кезінде үлкен дәретке бару режиміне аса үлкен мән беру қажет.

50 жастан асқан әйелдерде етеккірдің тоқтауы кезінде болатын гормоналды өзгерістер де іш қатуға алып келеді. Гормондар тапшылығы ішектегі қозғалыстың бәсеңдеуін, бұлшықет талшықтарының қысқару қабілетінің азаюын және іш қату тудырады. Ағзаның улануын және денсаулықтың нашарлауына жол бермес үшін ішек жұмысын қалпына келтіру керек.

Құрамында темір бар дәрілердің зияны

Құрамында темір бар препараттарды пайдалану іш қатудың бесінші себебі болып отыр. Анемия, яғни қанның аз болуы әйелдер арасында жиі кездесетін ауру. Себебі әйелдер ай сайын етеккір келген кезде қан жоғалтады, жүктілік пен бала емізу кезеңдерінде ағзадағы темір көлемі азаяды. Адам ағзасы өздігінен темір түзе алмайды. Сондықтан күнделікті туындайтын шаршаңқылық және ашушаңдықпен күресу үшін құрамында темір бар препарат қабылдауға тура келеді. Ол препараттар гемоглобин синтезін ұлғайтады және анемияны жоюға тиімді әсер етеді, бірақ, іш қатуға алып келеді.

Іш қатуды қауіпсіз шешу жолдары

Жоғарыда аталған жағдайларда іш қату туындаса, оны тиімді шешу жолы бар ма? Әрине! Біз жасұнықтың пайдасына кеңінен тоқталдық. Оны рационға біртіндеп енгізе отырып, іш қатуды ұмытуға және ішекті сауықтыруға болады.

Ең алдымен ас қорыту мен нәжісті қалпына келтіруге ықпал ететін еритін жасұнықтан бастаңыз. Ол іш кебу мен асқазандағы қолайсыздықты жойып, іштің түйілуінсіз және дәретке жиі барусыз-ақ үлкен дәретке бару тұрақтылығын табиғи жолмен қалыптастырады. Сонымен қатар күні бойы таза су ішуді ұмытпаңыз!

Жаңалықтар
0