06:29 29 Қараша 2021
Тікелей эфир
  • USD431.07
  • EUR485.51
  • RUB5.69
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
Өмірбаяндар (128)
1182 0 0

Ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің өмірі мен шығармашылығы туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

"Қазақ осы күй шығарып, ән салып,

Көкпар тартып, қыз қууға жаралған" деп жырлаған ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Ғинаятұлы Мырзалиев 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауылында туған. Қан майдан, сұрапыл соғыс ақынды жақындарынан ерте ажыратты, балалығын ұрлады.

...Сүмбіледе суы кепкен өзекте

Құрақ ордық,

Тердік тіпті тезек те.

Әкемізді аттандырып майданға,

Тоқаш үшін тұрдық күнде кезекте...

немесе

...Біздер үшін тым ертерек басталды өмір сынағы.

Біреуміздің басымызда әкеміздің тымағы.

Балалардың жоқтық көрген белгілі ғой халдары

Біреуміздің бұтымызда әкеміздің шалбары.

Жерұйық

"Туған жерім тарихта бар. Сәкен Сейфуллиннің "Тар жол, тайғақ кешу" романында бар. Батыс Қазақстан қазақтары Алашорданың іргесін өздерінше сол жақта қалаған. Бірақ орталығына Оралды таңдамаған... Ол жерде тәп-тәуір ұлттың қамын ойлаған азаматтар болған. Олардың бәрі ұсталып кеткеннен кейін ести алмай өстік. Жас кезімізде байқағаным, ол жақтың азаматтарын билікке, ел басқаруға көп арластырмайтын", – деген еді ақын туған жері жайлы естелігінде.

Айтуынша, өзі өскен ауданға басқа жақтан адамды әкеліп, өңір тізгінін ұстатып отыратын болған.

"Мәдени деңгейі, ұлттық деңгейі, ұлттық сана басқаша болатын. Аталарымыздың ол жерді Алашорда астанасындай көргені содан шығар", – деген Қадыр Мырза Әли Жымпиты жайлы.

Сол кезеңде жүздеген баланың әкесі соғыстан аман оралмады. Оның арасында Асқар Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әли жетім балалар арасынан суырылып шығып, әдебиетке үлес қосты.

Бұл туралы Қадыр Мырза Әли бір өлеңінде:

Өмірімді ойлаймын күнімен де,

Өмірімді ойлаймын түнімен де:

Мен жалғызбын – жоқ жалғыз аға менде,

Мен жалғызбын – жоқ жалғыз іні менде.

Өмірдің бір қызығы – туысқан ғой,

Осылайша мазалар тоғысқанда ой…

Соның бәрі, о достар, әке жоқтан,

Әке жоғы – кешегі соғыстан ғой!, деген.

"Балдырғаннан" басталған еңбек жолы

1958 жылы Қадыр Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.

"Оқуды бітіргеннен кейін не істеймін деп ойладым. Жұрттың бәрі жүгіріп жүр. Мұғалімнің, ғалымдардың қолы тимейді. Университетті бітіргеннен кейін бір жерге қарауылшы болып орналасайын деп ойладым. Күндіз қолым бос, түнде отырған жерімде жұмыс істеуге болатын еді. Бағыма орай, мен бітірген жылы "Балдырған" журналы ашылды. Еліме, әріптес ағаларыма өкпем жоқ. Олардан көп пайда көрдім", – дейді Қадыр Мырза Әли.

Иә, ақын еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған "Балдырған" балалар журналынан бастаған. Ол кезде журналдың редакторы – белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев болған.

"Аға буынның қазаққа деген көңілдері сондай таза еді. Сәбит Мұқановтың "Есею жылдары" шыққаннан кейін Жазушылар одағы тәлтіректеп қалды. Ғабиден ағам Жазушылар одағының төрағасы. Бір апта талқылады. Арыстандай айқасқан азаматтар жастарды араластырған жоқ. Бұл – қазақтың бірлігін ерте түсінген буын", – деген ақын.

Одан кейін Қадыр Мырза Әли "Жұлдыз" журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары "Жазушы" баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, "Балауса" баспасының редакторы болды. Кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған.

"Әр заманның өз ауру, дерті болады. Бізде 1970 жылдарға дейін поэзия өте қатты өсті. Қазір сол деңгейде көтеріліп жатқан поэзия бар деп айта алмаймын. Бұл трагедия Кеңес үкіметі құламастан бұрын басталған", – деген еді.

Адам жанының суреткері

Оның тұңғыш туындысы 1954 жылы республикалық "Пионер" балалар журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде оның жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. 200-ден астам әнге сөз жазды.

Бір деректерде бала Қадырдың өлең жинағын жақын досының өртеп жібергені туралы да айтылады.

"...Өлеңнің жөні бөлектеу. Ол қай сапардан келе жатқаныңа, қай көлікте келе жатқаныңа қарамайды. Ол жарқ етті де, жоқ болды көрген түстей, сағымдай... Адам әр шығармаға отырарда мешіттен шыққандай болу керек. Айғайламай, ант ішпей-ақ, адам ретінде қалсаң болады", – деген еді ақын поэзия жайлы.

1966 жылы Қадыр Мырза Әлиге "Ой орманы" жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. Сонымен қатар ақынның "Дала дидары", "Ақ отау", "Домбыра", "Көш", "Жерұйық", "Алақан", "Қорамсақ", "Қызыл кітап", "Күміс қоңырау", "Мәңгі майдан" секілді жыр жинақтары шықты.

Қадыр ақын Қазақ даласының барлық аймағын аралап, оны "Жерұйық" кітабына арқау етті. Сол үшін 1980 жылы ақынға Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы берілді.

1995 жылы Қазақстанның халық жазушысы атағы берілді. 2001 жылы Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығын алды.

1992 жылы республика әнұранының мәтіні мен әніне конкурс жарияланды. Сонда Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев бірлесіп жазған мәтін 750 нұсқа арасында жеңіп шықты. Алайда 2006 жылы жаңа Әнұран қабылданды. 

Дала дидары

"Ұйықтар алдында бір сағат тек афоризмдерді ойлап жатамын. Сәтті шумақтар түсіп жатса жазып қоямын. Жатарда бас жағымда кітап, дәптер, қарындаш жатады. Ұйқы қысып жатса да еріншектікті қойдық", – деген еді ақын бір естелігінде.

Осылайша халқы сүйген ақын ұл Қадыр мырза Әли 2011 жылдың 22 қаңтарында 77 жасқа қараған шағында мәңгі ұйқыға кетті.

Мен ақынмын,

Әулие емен,

Бақсы емен.

Әрине ғой, күндерім бар көксеген.

Соның бірі –

Ел есінен шықпайтын

Жазып кету ғажайып бір жақсы өлең.

Керемет күш

Кернеп шығып жер төсін,

Кесірлердің түп-тамырын өртесін!

Деген оймен жатамын да кешқұрым,

Тек сол оймен оянамын ертесін...

Осылайша, ғұмырының соңына дейін қаламды серік еткен ақын артында өлмейтін сөз бен өшпейтін із қалдырды.

Тақырып:
Өмірбаяндар (128)
Кілт сөздер:
ақын, жазушы, Қадыр Мырза Әли
Загрузка...

Басты тақырып