20:19 18 Сәуір 2021
Тікелей эфир
  • USD430.39
  • EUR515.52
  • RUB5.68
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
8716 0 0

Қазақта "сәуір болмай, тәуір болмас" деген сөз бар. Наурыз табиғи құбылыстарға толы өтсе, әрі қарай мамыражай мезгіл басталады

НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз — Sputnik. Қазақ наурызды жыл басы деп санайды. Ал Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулы жандана түсетін бұл мезгіл табиғи құбылыстарға толы. Күн мен түн теңелетін мезгілді халық асыға күтеді. Себебі әрі қарай күн жылынып, халық көшпелі тұрмысын жалғастырады. Алайда оған дейін де бірқатар табиғи құбылыс болады.

Sputnik Қазақстан наурызда болатын табиғи құбылыстарға шолу жасады.

Амалдың ақша қары

Қазақстанның батысында, әсіресе Маңғыстау өңірінде 14 наурызда Амал мерекесі басталады. "Көрісу" күнінде дастархан жайып, қонақ күтеді. Бір-бірін жас қосуымен құттықтайды. Бір-біріне өкпе-ренішін кешіріп, амандық-саулық тілейді.

Маңғыстаулық ақын Светқали Нұржанның "Амалдың ақша қары" деген өлеңі бар. Ол жерде ақын:

"Қош келдің, көктем! Қош, қалқам!

Кәрі қыр, баққа жарығыр!

Далама жайған дастархан.

"Амалдың ақша қары" бұл", деп жұт, жаманшылық болмайтын жылдары 14 наурызда Маңғыстауда міндетті түрде "Амалдың ақша қары" жауатынын айтады.

Бұл күннің қыр сырын жергілікті ақын, өлкетанушы Медет Дүйсеновтен сұрадық. Ақынның айтуынша, қазақ ұғымында жаңа жыл 13 наурыздан 14 наурызға қараған түні басталады.

"Наурызды қазақ халқы амал айы дейді. Қазақтардың ұстанымында 9 наурыздан 7 сәуірге дейінгі аралық амал айы деп айтылады. Осы екі аралықта 14 наурыз жаңа жыл деп есептелген. Себебі 13 наурыздан 14-іне қараған түні жаңа ай туады", - дейді Медет Дүйсенов.

Айтуынша, 14 наурызға дейін күн құбылмалы болады. Ал оның барлығы айдың тууына байланысты.

"Ауа райы аспандағы айдың қалай тууы, көрінуіне байланысты. Ай шалқасынан туа ма, тігінен туа ма – сол арқылы шаруаға жайлы болу-болмауы көрінеді. Қазақ ай шалқасынан туса өзіне жайлы, шаруаға жайсыз деп айтады. Ай желтоқсан-қаңтарда шалқасынан түседі. Көктемде бірте-бірте мамырға дейін қайтадан түзеледі", - дейді ол.

Амалдың ақша қары 14 наурызда жауады. Қар жаумаған жылдары аз болса да белгі беріп өтеді. Құр өтпейді, бірақ ол ұзаққа созылмайды. Сол күні ақша қарды күтеміз. Бірде бұршақ түрінде жауса, бірде қылаулап, тез басылып қалады, дейді Медет Дүйсенов.

Тасбақаның дауылы

Тағы бір табиғи құбылыс – тасбақаның дауылы. Ол құмды жерлерде байқалатын көктемгі құбылыс. Халық арасындағы әңгімелерге сай, қыс басталарда тасбақа аузына бір шөкім шөп тістеп, ініне кіріп ұйықтайды. Ал көктемде оянған кезде үстіндегі құмды өз күшімен сілкіп түсіре алмайды. Сондай сәтте табиғат-ана оған көмектесу үшін дауыл тудырады.

Ел арасында сондай сәтте тасбақаның аузындағы шөпті алған адамның арманы орындалады деген түсінік бар.

"Тасбақаның дауылы бірде ерте, бірде кеш келеді. Тасбақа інінде жатады. Тасбақаның дауылы – адам көрмеген жел, шаңды, дауылды өтеді. Сол уақытта тасбақалар шығады. Бұл наурыздың аяғы – сәуірдің басында болады", - дейді ақын Медет Дүйсенов.

Бесқонақ

Бесқонақ – байырғы қазақ күнтізбесінің жұрнағы. Ертеде Орта Азия 360 күннен тұратын мерзімге 5 күн қосып жыл соңында күнтізбені дәлдеп отырған. Осы күндерді қазақ "бесқонақ" деп атаған. Мысалы, 12 айда 30 күннен бар десек, 360 күн шығады. Оған халық  тағы бес күн қосып есептеген.

Мұндай тек қазақ халқында ғана емес б.з.б. 4-мыңжылдықта Мысырда да болған. Ол жақта кейіннен қосылған 5 күнді Осирис, Гор, Сет, Исида және Нефтида деп құдайдың атымен атаған.

Тарихи деректерге сәйкес, сол бес күн қазақ күнтізбесінде 17 наурыздан 21 наурызға дейінгі аралыққа келіп отырады. Бұл бес күнде күн салқын болады, жауын-шашын көп жауады.

Отамалы

Бесқонақтан кейін отамалы келеді. Бұл суықтың әлі толық кете қоймаған шағы, қарасуық кезең. Алайда отамалының қазіргі күнтізбе бойынша нақты қай айда болатыны туралы әртүрлі пікір бар. Кейбір зерттеуші мұны наурыздың соңында болады десе, енді бірі сәуірдің басында болатынын айтады.

"Ертедегі кісілердің сөзінше, отамалының екі мағынасы бар. От – шөп, отты жер. Бұл жерге көк шығып, малдың аузы көкке тиетін кезі. Екінші бір мағынасы ақпанға сәйкес келеді. Ақпанда күн аяз болып, малдың аузы көкке тимейтіндей болатын мезгіл", - дейді ақын Медет Дүйсенов.

Алайда ескі деректерге сүйенсек, зерттеуші Шоқан Уәлихановтың деректерінде наурыз отамалы айы деп көрсетілген. Ол наурызды – отамалы, сәуірді саратан, мамырды көкек деп көрсеткен.

Ал кей деректе отамалының тек батыс өңірге тән құбылыс екені, малшылар отамалы өтпей сақтықта жүретіні жазылған. Демек, отамалы өтпей, күн суық болады.

Қазақта "сәуір болмай, тәуір болмас" деген сөз бар. Наурыз табиғи құбылыстарға толы өтсе, әрі қарай мамыражай мезгіл басталады.  

Кілт сөздер:
көктем, табиғи құбылыс
Загрузка...

Басты тақырып