Дерекқор

Төл теңгеге 27 жыл: Қазақстанның ұлттық валютасы қандай ерекшеліктерге ие

© Sputnik / Абзал КалиевДеньги, тенге монеты стопка
Деньги, тенге монеты стопка - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Теңге белгісі нені бейнелейді, алғашқы ақша қалай шығарылды және 27 жыл ішінде біздің валюта қалай өзгергенін Sputnik Қазақстан әзірлеген материалдан таныс болыңыз

Нұр-Сұлтан, 15 қараша – Sputnik. Бүгін – Ұлттық валюта күні. Төл теңгеміздің қолданысқа шыққанына 27 жыл. Sputnik Қазақстан теңгенің қалай пайда болғанын, ұлттық валюта неліктен осылай аталғанын және ақшаның қай жерде басылғанын еске түсіреді.

Ұлттық валюта қалай жасалды

Елде ұлттық валюта енгізілгенге дейін бұрынғы КСРО республикаларының ақша айналымындағы қиын жағдайға байланысты оқиғалар аз болмады. 1993 жылы шілдеде Ресейдің Орталық банкі ақша реформасын жүргізді. Кеңестік рубль айналымнан шығарылды және олар жаңа ресейлік банкноттарға айырбасталды.

Ескі рубль аймағының күйреуі нәтижесінде кеңестік рубльдер ағыны бұрынғы одақтас республикаларға, оның ішінде Қазақстанға құйылды. Баға шарықтап, ақша құнсызданды. Бұл гиперинфляция мен адамдардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеп соқты.

Өзінің ұлттық валютасын енгізу туралы шешім республиканың дағдарыстық жағдайдан шығуының және экономикалық дамудың жаңа кезеңіне өтудің кілті болды.

1993 жылы 3 қарашада Қазақстан президенті премьер-министр Сергей Терещенконың төрағалығымен ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрды. Кейін премьер-министрдің орынбасары Дәулет Сембаевтың басшылығымен жұмыс тобы құрылды. Комиссия әдетте, күн сайын, кешке жиналып отырды.

"Теңге" атауы қалай таңдалды

Ұлттық валюта атауын таңдау көптеген қайшылықтар тудырды: "алтын", "ақша", "тәнга" нұсқалары болды. Бастапқыда қазақстандық валютаны "сом" деп атау жоспарланған. Өйткені, кеңестік рубль банкноттарының қазақша аудармасында солай көрсетілген еді.

Алайда, 1993 жылы қырғыз сомы енгізілгеннен кейін, Қазақстанда басқа атауға ие болды – "теңге". Бұл ортағасырлық түріктердің "денге" немесе "тәнга" күміс монеталарының тарихи атауы. Бұл атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Оның жүз еселенген бөлшегі "тиын" деп аталды.

Бүгінде ұлттық валютаның өзіндік белгісі бар (〒). Теңгенің көрсетілген графикалық бейнесі транскрипциядағы "т" дыбысын білдіретін ежелгі түрік алфавитінің белгісі болып табылады. Одан "теңге" сөзі басталады, сонымен қатар "тәңірі", яғни барлық түркі халықтары үшін қасиетті болған аспан бейнесін бейнелейтін құдай. Символ ақша бірлігінің тұрақтылығы, жоғары әлеуеті, Қазақстанның ұлттық экономикасының даму және өсу динамикасын білдіреді.

Ұлттық валюта қалай жасалды

Теңгенің дизайнын дайындау Тимур Сүлейменов жетекшілік еткен Алина Меңдібай мен Досбол Қасымов және Ағымсалы Дүзелхановтан тұратын авторлық дизайнерлер тобына тапсырылды.

Мәдениет пен ғылымның және саясаттың әр түрлі салаларындағы Қазақстанның ірі қайраткерлерінің портреттерін ұлттық ою-өрнекпен үйлестіріп шығару туралы шешім қабылданды. Ал артқы бетінде сәулет ескерткіштері мен Қазақстанның әсем көріністері орналасқан. Бұл серияның дизайны қарындаш, акварель және темпер көмегімен қолмен жасалды.

1993 жылы 12 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы" жарлыққа қол қойды. 15 қарашадан бастап теңге елдегі жаңа есеп айырысу бірлігіне айналды.

Бұл күні банкноттардың бірінші сериясы "Портреттер" айналымға енгізілді:

  • 1 теңгеде – әл-Фарабидің портреті
  • 3 теңгеде – Сүйінбайдың портреті
  • 5 теңгеде – Құрманғазының портреті
  • 10 теңгеде – Шоқан Уәлихановтың портреті
  • 20 теңгеде – Абай Құнанбаевтың портреті
  • 50 теңгеде – Әбілқайыр ханның портреті
  • 100 теңгеде – Абылай ханның портреті.

Банкноттар фабрикасы қалай құрылды

1992 жылы 26 мамырда Қазақстан ұлттық банкі үшін полиграфия фабрикасын құру туралы президенттің жарлығы шықты. Егемен Қазақстан тарихында тұңғыш рет 1993 жылы маусымда қағаз тиындар мен бағалы қағаздар шығаратын цех іске қосылды.

Алғашқы банкноттарды Англияның Harrison&Sons фирмасы басып шығарды. Олар апта бойы ұшақпен 18 рейс жасау арқылы Қазақстанға жеткізілді.

Осындай көпжылдық тәжірибенің арқасында Алматыдағы Банкнот фабрикасы өзінің жеке баспа базасында барлық әлемдік сапа мен технология стандарттарына сай келетін банкноттар шығарылымын толық жолға қойды.

Отандық монеталар қайда соғылады

Қазақстан теңге сарайы 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының негізінде құрылды.

Айналымдағы монеталардың алғашқы коммерциялық партиясы 1998 жылы қарашада Қазақстан теңге сарайында шығарылды. Кәсіпорын Ұлттық банктің түсті металдардан, алтыннан және күмістен ұлттық валюта монеталарын шығару жөніндегі тапсырыстарын орындайды.

Олар диаметрі 100 миллиметрлік, салмағы килограммға дейін тартатын шеңберлі, естелік, коллекциялық монеталар мен түрлі номиналды "proof" сапасындағы бағалы металдардан жасалған ерекше заттар. Монета сарайы сонымен қатар мемлекеттік наградалар мен медальдар да шығарады.

Қазақстандық теңге сарайы Монета сарайлары қауымдастығының мүшесі болып табылады. Ал оның құрамына осы нарықтың алпауыттары кіреді. Мысалы, мың жылдық тарихы бар Англияның Корольдік монета сарайы.

Қазақстан монеталарды таяу және алыс шетелдердің де тапсырысын орындайды.

Айналымда қандай банкноттар мен монеталар бар

Қазақстанда 27 жыл ішінде теңгенің төрт сериясы шығарылды. Алты номинал мен жеті монеталардан бірқатар банкноттар қалыптасты. Номиналды сериялар есептеудің екілік және ондық жүйелерінің артықшылықтарын қамтитын етіп жасалған. Бұл түрлі елдердің валюта нарығындағы номиналдар қатарын құрудың ең кең таралған схемасы болып табылады.

Бүгінгі күні банкнот сериясы 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10 000 және 20 000 теңгелік банкноттар номиналдарымен ұсынылған. Ал монеталар қатары – 1, 2, 5, 10, 20, 50, 100 және 200 теңгелік монеталармен қалыптастқан.

Айналымға шығарылған барлық банкноттар шартты түрде "Портреттер", "Әл-Фараби", "Бәйтерек", "Самұрық" сияқты бірнеше серияға бөлінеді.

Ұлттық валюта монеталары шартты түрде үш түрге бөлінеді: айналым, инвестиция және коллекция.

Ақшаның қорғалуы

Жаңа банкноттардың дизайны мен қорғау ерекшеліктерінде халықаралық тәжірибеде күрделі баспа элементтерін көбейту үшін қолданылатын ақша белгілерін басып шығару саласындағы соңғы жетістіктер пайдаланылады: кескіндер бедері мен бояулардың, металл жылтырлығы, сандардың түрлі көлемді болуы, күрделі су белгісі, қағаздың қауіпсіздігі, әсіресе түсті-түсті банкноттың алдыңғы және артқы бетінің күрделі арақатынасы.

Банкноттардың қорғаныс қасиеттері әр түрлі: номиналдың құнынан қарай оның қорғаныс қабілеті жасалады. Мысалы, 200 теңгелік купюрада 10 мың теңгелікке қарағанда қорғаныс құралдары аз болады. Айталық, 10 мың теңгелік банкнотта 18 дәрежелі қорғаныс бар.

Халықаралық марапаттар

Қазақстан банкноттары халықаралық көрмелер мен байқауларда жоғары баға алады.

Халықаралық банкноттар қоғамы (IBNS) бар – бұл жыл сайын интернетте дауыс беру арқылы жылдың үздік банкноттарын таңдайтын бүкіл әлемнің банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі. Қоғамдастық мүшесі ретінде 90-нан астам елдің сарапшылары тіркелген.

Қазақстандық банкноттар үш жыл қатарынан, 2011 жылдан бастап 2013 жылға дейінгі аралықты қоса алғанда, әлем бойынша ең үздік деп танылды. 2014 жылы түркі жазуына арналған қазақстандық "КҮЛТЕГІН" ескерткіш банкноты осы қоғамдастықтың пікірі бойынша 2013 жылдың ең үздік банкноты болды.

Халықаралық валюта қауымдастығы (IACA) 2007 жылы 10 мың теңгелік банкнотты әлемдегі ең үздік деп таныды.

Оқи отырыңыз: Экономистер теңгенің болашағына болжам жасады

Сондай-ақ, 2016 жылы High Security Printing Europe конференциясында номиналы 20 мың теңгелік банкнот та марапатқа ие болды. Ол 2015 жылдың ең үздік аймақтық банкнотасы деп танылған болатын. Сол жылы IACA оны валюта саласындағы ең жақсы техникалық жетістігін айрықша атап өтті.

Сонымен қатар, 2000 жылдан бастап, Қазақстан теңге сарайы мен Ұлттық банк жыл сайын халықаралық байқауларға қатысады. Бүгінге дейін дизайн мен технологиялық жаңашылдығымен әртүрлі номинациялардағы 23 марапатқа ие болды.

Жаңалықтар
0