Дерекқор

Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры

© Photo : пресс-служба театраЖүсіпбек Аймауытов атындағы музыкалық драма театр
Жүсіпбек Аймауытов атындағы музыкалық драма театр - Sputnik Қазақстан
Жазылу
1990 жылы 7 желтоқсанда Жүсіпбек Аймауытов атындағы драма театр алғашқы маусымын Мұхтар Әуезовтің "Айман-Шолпан" пьесасымен ашты

 

Театрдың негізін қалауға мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері, театрдың бас режиссері Ерсайын Тәпенов, әртістер – Сейітжан Тәжібаев пен Рауза Тәжібаева, С. Бекболатов пен А. Бекболатова, Амангелді Жүке көмектесті. Осы азаматтар Павлодар театрының Қазақстанның үздік өнер ордаларының қатарына қосылуына мұрындық болды.

Театр репертуары

Репертуар негізінен отандық және алыс-жақын шетелдік драматургтердің шығармасынан құралған. Олардың ішінде Имре Кальманның "Сильва", Флоримон Эрвенің "Мадемуазель Нитуш", Антон Чеховтың "Шағала", Иоганн Штраустың "Жарқанат", Эврипидтің "Медея", Уильям Шекспирдің "Лир патша", Авксентия Цагарелидің "Ханым", Мольердің "Сараң" және т.б. қойылымдары бар.

Театрдың биылғы маусымында 40 спектакль сахналанды. Үш премьера көрермен назарына ұсынылып үлгерді. Тағы үшеуі алдағы уақытта көрсетіледі деп жоспарлануда. Әдетте бір маусымда көрермен назарына 6-7 премьера ұсынылады, олардың ішінде балаларға арналған қойылымдар да бар.

Театр жетістіктері

1995 және 2008 жылдары театр актерлері Мысырдағы халықаралық ұлттық театрлар фестивалінде лауреат атанды.

2001 жылы Бішкекте өткен халықаралық театрлар байқауында театр актері Бейбіт Шәнім "Үздік ер адам рөлі үшін" номинациясымен марапатталды.

Ақтау қаласында өткен XVI республикалық Нұрмұхан Жантөриннің 80 жылдығына арналған театр өнері фестивалінде Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театры мен Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театры бірінші орынды өзара бөлісті.

Театр өзге өнер ордаларынан бірінші кезекте симфониялық оркестрімен ерекшеленеді. Қазақстанның басқа драма театрларында мұндай оркестр жоқ. Театрдағы музыка кештері мен моно қойылымдарды көрермен қауым сүйіп көреді. 

Жаңалықтар
0