Дерекқор

"Өнер табыстырған жұлдызды жұп" Тоқтар мен Бейбіт туралы не білеміз?

Жазылу
Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева – өнерде де, өмірде де жұптары жазылмай жүрген қос әнші. 2000 жылдардың басында танысқан жұлдызды жұп жеті жылдан кейін шаңырақ көтеріп, қазір көпке үлгілі отбасы, алтын асықтай төрт ұл тәрбиелеп отырған жайы бар.

Тоқтар Серіков 1975 жылы Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген. 1999 жылы қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. Әнші, мемлекеттік "Дарын" сыйлығының лауреаты, сазгер. Әкесі осыдан төрт жыл бұрын қайтыс болған, ал анасы Маруся Назарбекқызы Алматыға немерелерін көруге жиі келіп тұрады. Тоқтардың анасы он бір құрсақ көтерген, бірақ бүгінде тек тоғыз баласы ғана қасында. Әншінің әке-шешесі өнерден құр алақан емес, марқұм әкесі жас кезінде тойларда асаба болып, домбыра тартқан өнерлі жан болған екен. 

Тоқтар Серіковтің аяулы жары Бейбіт Сейдуалиева 1979 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданында туған. Тараз қаласындағы М.Дулати атындағы мемлекеттік университетті тәмамдаған. Бейбіт те Тоқтар сияқты көп балалы отбасынан шыққан. Анасы біраз жыл бұрын дүниеден озған, ал әкесі екінші рет шаңырақ көтеріпті. 

Жазира мен Жанболат, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Жазира мен Жанболат туралы не білеміз?
Тоқтар мен Бейбіт қалай танысты?

Бұл жұлдызды жұпты өнер табыстырды десе де болады. Ерлі-зайыпты алғаш рет Алматыда өткен "Нұр-Мұқасан" тобының концертінде танысады. Ол кезде Тоқтар Серіковтің енді ғана аты шығып, елге таныла бастаған шағы. 

"Нұр-Мұқасан кешінде отырсақ,  қаршадай қара қыз сахнаға шығып, "Өткен күндер-ай" деген әдемі әнді орындады. Қасымда Лұқпан Жолдасов отырған еді. Сол екеуміз "мына қыз керемет әнші екен" деп біраз әңгіме қылдық. Содан кейін осы қызды іздей бастадым. Бір күні кездейсоқ студияда жолығып қалдық. Сол кезде өнерге деген құлшынысы, ізденісі мықты екенін байқадым", - деп еске алады әнші сұқбаттарының бірінде. 

Алғашқы таныстықтан кейін қос әнші ұзақ уақыт аға-қарындас болып араласады. Бірде Тоқтар Серіков концертінде қыз баламен қосылып, ән айтпақшы болып, өзіне жақсы жұп болатын әншіні іздей бастайды. Ұзақ ойланып, өнердегі ағаларымен ақылдаса келе, таңдауы Бейбітке түседі. Сөйтіп екеуі алғаш рет дуэт болып,  "Өзің ғана" деген әнді шырқайды. 

"Сол әнді орындағаннан кейін-ақ, халық бізді қосып қойды. "Екеуі кездеседі екен, көңіл жарастырған екен" деген сияқты түрлі өсек тарады. Басында Бейбіт жылайтын, ел бізді өсек қылып жүр деп. Ақыр аяғында сол өсек шындыққа айналды", - деп күледі әнші Тоқтар. 

"Кукла Борбиге" айналған Бейбіт 

Бейбіт Сейдуалиева орыс тілді балабақшаға барып, орыс мектебін тәмамдаған екен. Содан болса керек, қазақ тілін жетік білмей, ана тілінде ойын толық жеткізе алмайтын кездері болған. Тіпті қазақша әндердің сөзін марқұм анасы орысшаға аударып, мағынасын түсіндірген екен. 

"Педагогика факультетіне оқуға түскен кезде, орыс бөлімі болмай, қазақ тобына түстім. Сол кезде қатты қиналғаным есімде. Алайда өз ана тілім ғой, білмегенім ұят қой деп, үйренуге тырыстым", - дейді Бейбіт. 

Мейрамбек Беспаев, әнші - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Мейрамбек Беспаев туралы не білеміз?
Тоқтармен танысқан кезде, болашақ жары "айтқан әніңді қалай түсінбейсің" деп ренжиді екен. 

"Ал қазір, керісінше, орысша сөйлеуден қалдым. Өйткені үйде бәріміз тек қазақ тілінде сөйлейміз", - дейді ол. 

Ал "кукла Барби" емес, Борби атануын әнші былай деп күліп еске алады: 

"Бір күні Тоқтар маған өзінше орысша сөйлеп, мақтау сөз айтқысы келді. Сөйтіп тұрды да "сен кукла Борбиге ұқсайсың" демесі бар ма. Сол кезде ішек-сілегім қатып күлдім. "Не болды, бір нәрсе бүлдіріп қойдым ба, неге сонша күлдің?" дейді. Кукла Борби емес, Барби дедім. "Барби деген біртүрлі ғой, барбиып тұратын сияқты, Борби әдемі естіледі" деді. Содан "кукла Борби" болып кеттік". 

Айтуынша, жұбайының телефонында әлі күнге дейін "Борби" деп сақтаулы екен. 

"Арамызды әдейі бұзғандар болды"

Тоқтар мен Бейбіт шаңырақ көтергенге дейін жеті жыл бойы аға-қарындас ретінде араласқан. Арадағы достық сезім кейін ғашықтыққа ұласады. Сол алты-жеті жылдың ішінде жұлдызды жұптың арасына от салып, бір-біріне қарсы қойғандар да болған екен. 

"Болар-болмас сөзге бола, екі жаққа ажыратып жіберген кездер болды. Бірақ бір таңғалғаным, Құдайдың бұйрығы деген керемет нәрсе бар. Егер Алла Тағала оны сенің жарың, жолдасың болуды бұйыртса, қаншама қиыншылық болса да, ешқайда кете алмайды екенсің", - дейді Бейбіт. 

Әнші болашақ жарымен алғаш танысқан сәтте-ақ, оның өмірлік азаматы екенін іштей сезген. 

Мейрамбек Бесбаев пен Сәкен Майғазиев - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
Сәкен Майғазиев Жәзираның Жанболаты екеуі кімнен таяқ жегенін айтты
"Бойында ер-азаматқа сай қасиеттердің бәрі бар. Намысшыл, мәрт. Біраз жыл араластық, дос болдық, қаншама қиындықты басымыздан өткердік. Сол кезде мен осы адаммен қол ұстасып өтсем, өкінбейтініме көз жеткіздім", - дейді әнші. 

"Бейбітсіз ас батпайды" 

Тоқтар Серіков қатал отағасылардың қатарынан емес сияқты. Әйеліме жұмсақпын дейді. 

"Мен өз әйелімді еркелете алмасам, онда несіне еркекпін?! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдеріңді сыйлаңдар, құрметтеңдер, ол Алланың сендерге берген аманаты деген. Бірақ, енді тайраңдатып, құрбыларымен қосылып алып, сауналарда демалып жүргенін қаламаймын. Ондайға мүлде тыйым саламын. Өзі де оған қызықпайды. Көбінесе екеуміз бірге жүргенді, бірге демалғанды жақсы көреміз",- дейді әнші. 

Тіпті қасында жары болмаса, таңғы асы да батпайтынын жасырмады. 

"Міндетті түрде қасымда отыруы керек. Қарны тоқ болып тұрса да, маған өзі шай құйып беруі керек", - дейді ол. 

Жан досына ақтармаған сырын жұбайы Бейбітке айтады екен. Кем-кетік тұстарымның барлығын жақсы білетін осы кісі дейді.

"Әйеліме кейде қабақ шытатын кездер болады. Себебі мен еркекпін, бірақ ашуым тез тарқайды. Өйткені маған ол адам керек. Оның бір күн болсын теріс қарап ұйықтағанын қаламаймын. Ол жақсы ұйықтап, жақсы тұруы керек. Ол күліп жүрсе, балаларым күліп жүреді. Сондықтан әйелімді құрметтеймін, сыйлаймын", - дейді Серіков. 

"Шешемнен кейін тамақты дәмді пісіретін менің әйелім" деп үнемі жарын мақтап жүреді. 

Отбасы болған соң, үйде ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны анық. Десе де ерлі-зайыпты шама келгенше, ұрыс-керіске бармауға тырысады екен. 

"Әке-шешемнің бір-біріне айғайлап, аттандап жатқанын көрмеппін. Сондықтан өз балаларымның да мұндайды көргенін қаламаймын. Кейде керітартпа мінездерім бар, ашуым басылғанда "неге сөйттің" деп айтып жатады. Мен қалай кешірім сұрайтынымды білесіз бе? Бейбітке "шай қойшы" деймін. Сөйтіп екеуміз дастархан басында басқа әңгіме бастаймыз", - дейді Тоқтар.

"Қазақтың барлық қызын қызғанамын" 

Тоқтар Серіков сұлу қыздарға қарайтынын, сұлулыққа қарап таңданатынын жасырмайды. 

Димаш Құдайберген мен әкесі Қанат Айтбаев - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
"Қазақстандамыз". Димаш орысша қойылған сұраққа қазақша жауап берді
"Бірақ Құдай бетін әрі қылсын, мынамен бір күн төсектес болайын деген махаббат емес менікі. Мен қазақтың барлық қызын қызғанамын. Жуырда инстаграм қазақтың қыздары қытайға тигелі жатыр деп шулады. Мен жын соққандай ауырдым. Өз әйелімді, қарындастарымды алып кетейін деп жатқандай қызғандым. Жылағым келді. Бұл сөзді айтқым да келді. Бірақ, артынан ойландым. Менің қарындастарым онсыз да саналы, олар бізден де намысшыл, олардың тиюі мүмкін емес. Қытайға тиетін кімдер – жезөкше қыздар, ар-намысы, тегі жоқ, қазаққа түрі ғана ұқсайтын біреулер. Олар тисе, тие берсін, олар үшін қайғырмаймын да", - дейді әнші. 

Әнші сұлу қыздарды көргенде, олардың тағдырын ойлап, өзіне жаны ашитын, қарайласатын қазақтың қара баласына тұрмысқа шықса екен деп тілейді екен. 

"Бір әйелді бақытты етемін деп, екіншісін бақытсыз қылу – еркектің сорлылығы"

Тоқтар Серіков жары Бейбіттің екінші әйел алуға қарсы екенін ашық айтады. Әншінің пікірінше, бір әйелді бақытты етемін деп, екіншісін бақытсыз қылу – еркектің сорлылығы. Көп әйел алғысы келетіндер, шын мәнісінде, қанағатсыз еркектер дейді. 

"Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) еркектердің қанағатсыздығына бола төрт әйел алуға рұқсат берген. Ол белгілі дүние. Әйтпесе ол әйелдер дүниеде көп болады, еркектер аз болады деп айтпаған. Біз, еркектер, өзіміз қанағатсызбыз, тойымсызбыз. Ана біреудің төсі ұнайды, бөксесі ұнайды, барлық еркек сондай, оны несіне жасырамыз", - дейді ол. 

Өнер жұлдызы неліктен екінші әйел алғысы келмейтінін былай түсіндіреді:

"Егер мен екінші әйел алсам, сол екінші әйеліммен ұйықтап жатқанда, аяқ астынан бірінші үйімдегі балам ауырып қалды делік. Балам тұрып, мені іздеді, мен оған ауадай қажет болдым. Сол сәтте мен баламның қасынан табыла алмай қалдым. Қандай сорлылық?! Мен сол баланың әкесімін бе, соның қасында ұйықтауым керек. Мен үстімді кірлеткім келмейді. Таңертең балам мені иіскеп шығарып салады. Қайтып келгенде, мен үйге бөтен иіспен келсем, не деген сорлы әке боламын. Баламды ренжіткім келмейді. Баламды әйелімнен жоғары қоямын, оны алдағым келмейді". 

Ернар Айдар - Sputnik Қазақстан
Дерекқор
Ернар Айдар туралы не білеміз?
Бүгінде Тоқтар мен Бейбіт төрт ұлдың ата-анасы. Тұңғышы Беколжас әнге мүлдем қызықпайды, спортқа жақын, әкесімен аңға шыққанды ұнатады. Одан кейін Әлинұр мен Сағинұр есімді егіз ұлдары бар. Ал биыл қарашада жұлдызды жұптың отбасы тағы бір шекесі торсықтай ұлмен толықты. Немересінің есімін әжесі Шағнұр деп қойған екен. 

"Қара пиар деген қара дақ"

Өнерде де, өмірде де көпке үлгі болып жүрген эстрада әншілері "атың шықпаса, жер өртейтін" жұлдыздардың қатарынан емес. Қара пиармен келген атақтың түк қажеті жоқ дейді екеуі де. 

"Шоу үшін, теледидардан жарқ етіп көріну үшін ешқандай жаман қадамға бармаймын. Тек жақсы жағына ғана. Болашақ ұрпаққа жақсы тәлім-тәрбие, үлгі алатындай нәрселерге ғана барамын", - дейді Бейбіт Сейдуалиева. 

Ал Бейбіттің жары Тоқтар қара пиарды "қара дақ" деп аударады екен. 

"Түкке тұрмайтын "қара пиар" деген дүние бар. Болмаған дүниені болдыртып қояды. Өнер жолында артыңнан сөз ергізбей жүру мүмкін дүние негізі. Тек сол жолда тыныш жүруің керек", - дейді. 

Әнші бүгінде әріптестері жиі отыратын инстаграм желісін ұнатпайтынын жасырмады. 

"Кейде парақшамдағы жазбаларды оқыған кезде, жарылып кете жаздаймын. "Бейбіт ханым, сіздің күйеуіңіз қатал адам деп естідік, сізді ұрып-соғады" екен деп жазады. Алла кешірсін, менің оған қалай дәтім барады?! Осындай дүниелерді оқып қаламын. Инстаграм маған ұнамайды, заман талабы сондай болған соң Бейбітке рұқсат етемін. Концерттер туралы ақпарат беруге, тыңдармандарымызды қай жақта жүргенімізден хабардар етіп тұруға ыңғайлы. Бірақ, жасыратыны жоқ, әйеліме ұзақ уақыт отыруға тыйым саламын", - дейді ол. 

"Барлық сұрағымның жауабын намаздан таптым"

Жұлдызды жұп шаңырақ көтергеннен кейін көп ұзамай намазға жығылды. 

"Бұрын қызба мінезді, бәрін бетке тура айтатын адам едім. Намаз мені түзеді. Барлық сұрағымның жауабын намаздан таптым", - дейді әнші Бейбіт. 

Әнші отбасы болған соң, өзі де өзгергенін ашық айтады. 

"Негізінен, бойдақ кезімізде де аузымыздан Алламыз түспей, әрдайым мешітке қарай асығып тұратынбыз. Екеуміз бас қосып, бірігіп түтін түтеткен соң, бес уақыт намазымды қаза қылмайтын болдым. Бейбіт те көп ұзамай мұсылмандық парызын атқаруға көшті. Аллаға шүкір, намазымызды оқып, жыл сайын ораза тұтамыз. Шын мәнінде дін – адамды жақсы іс жасауға ұмтылдырады. Әрі "намаз – мұсылманның қорғанышы" деген сөз де бар", - деген еді сұқбаттарының бірінде Тоқтар Серіков. 

"Әкем өмірден өткенде, өнерден біржола қол үзгім келді"

Мақпал Жүнісова - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
"Апа деп жүгіруші еді". Мақпал Жүнісова Медеу Арынбаевқа неге ренжігенін айтты
Тоқтар мен Бейбіттің үш-төрт жыл сахнадан көрінбей, өнерден уақытша қол үзгені қалың тыңдармандарының есінде болар. 

"Әкем өмірден өткенде, өнерден кеткім келді, өнерге зауқым соқпады. Сол кезде Бейбіт "сен кетсең, мен де кетемін ғой" деді. Сөйтіп екеуміз үш-төрт жыл сахнадан қол үздік. Біреулер Тоқтар Серіков дінге бет бұрыпты, содан кейін өнерден кетіп жатыр деп шулады. Шындығы, ол емес. Әкемнің қазасынан кейін сахнаға шыққым келмеді", - дейді Тоқтар Серіков. 

Алайда халықтың ыстық ықыласы мен әншілерге деген махаббаты оларды сахнаға қайта оралтады.  

"Депутат болу қолымнан келмейді"

Тоқтар Серіковке үлкен аға-апаларынан депутат болу туралы ұсыныс та түскен екен. Алайда жұмсақ орындықта отыра бергенді жаны сүймейтін әнші бұл ұсыныстан бас тартыпты. 

"Ол менің орным емес және орындықта таңылып отыру деген қанымда жоқ қасиет. Жұмсақ орындықта отыра беру қолымнан келмейді. Мен өзі күзде, қыста, көктемде қырға шығып, аң ауламасам, ауыратын қазақпын. Осы күнге дейін біреуден сұранып та көрмеген қазақпын. Құдай қосқан жарым Бейбіттен де сұранып көрген емеспін. Ал саясатқа беттегі масканы алып, шынайы маскамен бару керек. Ал шынайы маскамен барғандар ешкімге жақпайды. Менің шешем – сахна, әкем – өнер", - дейді эстрада жұлдызы. 

Жаңалықтар
0