14:05 20 Қаңтар 2022
Тікелей эфир
  • USD434.48
  • EUR492.61
  • RUB5.68
Спорт
Қысқа сілтеме алу
512 0 0

2021 жыл қазақстандық спортшылар үшін сәтсіз жыл болды деуге келмейді. Себебі олар коронавирус пандемиясына байланысты бір жыл кейінге шегерілген Олимпиада ойындарында Токио төрінде бақ сынады

АЛМАТЫ, 31 желтоқсан – Sputnik. 2021 жылы қазақстандық спортшылар түрлі жарыста бақ сынады. Олимпиада ойындарына қатысып, футзалдан жақсы нәтиже көрсетті. Арасында "әттеген-ай" дейтін тұстары да болды. Sputnik Қазақстан бір жылдағы спортшылардың жеңісі мен жеңілісіне шолу жасады.

Олимп шыңына шыға алмаған жыл

Шілденің аяғында Жапонияның Токио қаласында Олимпиада ойындары басталды. Қазақстан құрамасы 28 спорт түрінен 98 лицензия алған.

Ең алдымен Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында жанкүйерлерін тамсандырды. Қамшыбек Қоңқабаевпен бірге еліміздің туын көтеріп шыққан Ольга Рыпакованың киім үлгісін көпшілік жылы қабылдады.

Ел қоржынына алғашқы медальді дзюдошы Елдос Сметов салды. Бір күннен кейін, 25 шілдеде қазақстандық ауыр атлет Игорь Сон Токио Олимпиадасында 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль алды. Араға бір күн салып Зүлфия Чиншанло 55 келіге дейінгі салмақта Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ол жұлқа көтеруде 90 келіні бағындырды. Ал серпе көтеруде 123 келіні басынан асырды. Қоссайыс қорытындысы бойынша Чиншанло 213 келі көтерді.

Бокс бойынша жарыстар басталған соң қазақстандық спортшылар бірінен соң бірі ойыннан шығып қалды. Финалға шығады деген үміт артылған соңғы спортшы Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев еді, алайда олар да қола жүлдені қанағат тұтты.

Тамыздың басында қазақстандық палуандар боз кілемге шықты. Нәтижесінде Нұрислам Санаев (57 келі) Токио Олимпидасының қола жүлдегері болды.

Олимпиада ойындарында каратешілер жақсы өнер көрсетті. Дархан Асаділов пен Софья Берульцева қола жүлде алды.

Осылайша қазақстандық спортшылар Олимпиада ойындарынан 8 қола медаль әкелді.

Соған байланысты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті деді. Мемлекет басшысы Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек екенін айтты.

Боксшылар алғаш рет алтынсыз қалды

Токиода өткен Олимпиада ойындарында бокстан Қазақстан құрамасы алғаш рет алтын медальсыз қайтты.

Команда фавориттері алғашқы айналымнан да аса алмады. Мәселен, әлем чемпионы атанған Бекзад Нұрдәулетов (81 келі) бірінші жекпе-жекте ұтылды. Ал Василий Левит (91 келі) бірден нокаутқа түсіп қалды. 

69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіповке де үлкен үміт артылды. Себебі Қазақстан 2004 жылдан бері дәл осы салмақта төрт бірдей Олимпиадада алтын алған. Бірақ Жүсіпов те алғашқы жекпе-жекте ұтылды.

Оқи отырыңыз: Олимпиадада бокстан алтын алмаудың себебі неде – бас бапкер жауабы

Әбілхан Аманқұл (75 келі) жарыс жолын жақсы бастады. Бірінші жекпе-жекте өзбек боксшысын жеңді. Алайда екінші айналымда бразилиялық Эберт Соусаға жол беріп қойды.

Серік Теміржанов (57 келі) та екінші айналымнан аса алмады.

Содан үш боксшымыз ғана қалған. Зәкір Сафиуллин (63 келі) ширек финалда ұтылса, Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіде жоғары) жартылай финалда америкалық боксшыдан жеңіліп, қола медаль иегері атанды. Артынша Сәкен Бибосынов (52 келі) та финалға өте алмай, қола жүлдені қанағат тұтты.

Токио Олимпиадасына дейін қазақ боксшылары үнемі алтын медаль алып келген. 1996 жылдан бері бірнеше Олимпиада чемпионы шықты.

Токио ойындарындағы "әттеген-ай"

Токиода өткен Олимпиада ойындарында тартысты ойын көрсеткен спортшының бірі – теннисші Елена Рыбакина.

Теннис бойынша Қазақстан атынан 8 лицензия алған 7 спортшы Токиоға барды. Алайда теннисшілердің басым бөлігі жекелеген бәсекелерде жеңілді. Юлия Путинцева мен Ярослава Шведова аптап ыстық пен күн өту салдарынан жарысты жалғастыра алмаса, Зарина Диястың жарақаты ойыннан шығуына себеп болды.

Александр Бублик бірінші раундта ресейлік Даниил Медведевке есе жіберіп қойды. Ал Михаил Кукушкин беларус Илья Ивашкодан ұтылды.

Осылайша соңғы үміт Елена Рыбакина болды. Ол да намысқа тырысып, төрт қарсыласын жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.

Елена Рыбакина прошла в полуфинал Олимпиады
© REUTERS / EDGAR SU
Елена Рыбакина

Рыбакина швециялық Белинда Бенчичпен кездесті. Әлемдік рейтингте ол 12-ші орында, ал қазақстандық теннисші 20-шы орында тұр. Соған қарамастан Рыбакина мықты қарсыласына төтеп бере білді. Бірінші сетте сәл қалып қойса да, артынан бірден 5:3 есебімен алға шықты. Алайда швециялық теннисші есеп теңестіріп қана қоймай, алғашқы сетте жеңіске жетті. Есеп – 7:6. Ал екінші сетте Рыбакина 6:4 есебімен басым түсті. Дегенмен, үшінші сетте жол беріп қойды. Спортшылар 2 сағат 44 минут ойнады.

Қола жүлде үшін таласқа түскен Елена Рыбакина нәтижесінде үздік үштікке іліне алмады. Украиналық Элина Светолинамен шыққан Рыбакина 1:2 есебімен жеңіліп, жүлдесіз қалды. Алайда қазақстандықтар бұған дейін қазақстандық спортшылардың теннистен мұндай нәтиже көрсетпегенін айтып, Елена Рыбакинаға қолдау білдірді.

Паралимпиадашылар қуантты

Токиодағы Олимпиада ойындарынан кейін XVI Паралимпиада басталды, оған Қазақстан атынан 25 пара спортшы жеті түрлі спорт бойынша қатысты. Оның ішінде 7 спортшы суда жүзу, 6 спортшы дзюдо, 5 спортшы пауэрлифтинг, 3 спортшы таеквондо, 2 спортшы жеңіл атлетика бойынша қатысты. Сондай-ақ қазақстандық спортшылар алғаш рет каноэде ескек есу мен оқ атудан жолдама алды.

Жерлестеріміз ойындарды "алтынмен" бастады. Пауэрлифтингтен ерлер арасында 54 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Давид Дегтярев Паралимпиада чемпионы атанды.  Ол өзінің үздік нәтижесінде 174 келіні көтеріп, алтын медаль жеңіп алды.

Содан кейін дзюдошы Әнуар Сәриев (60 келі) Токио Паралимпиадасының күміс жүлдесін алды. Финалда Сәриев әзербайжандық Вугар Ширинлимен белдесті. Осы жекпе-жекте қарсыласы бірінші болып "вазари" ұпайымен алға шықты. Отандасымыз есепті теңестіре білді. Алайда жекпе-жектің соңында Ширинли өз әдісін іске асырып, жеңіске қол жеткізді.

© Photo : PHILIP FONG
Паралимпиада ойындарында 25 қазақстандық спортшы жеті түрлі спорт түрінен бақ сынады

73 келі салмақта белдесетін отандасымыз – дзюдошы Дәулет Теміржан Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Алтын жүлде үшін таласта өзбекстандық Рио Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Саидов Феруздан ұтылды.

Дзюдошы Зарина Байбатина Токиода Паралимпиадада күміс медаль алды, 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екінші орынға ие болды. Финалда Әзербайдан спортшысы Дурсадаф Каримовамен кездесті.

Нұрдәулет Жұмағали қола медаль жеңіп алды, спортшы 100 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзіп, 1:05.20 деген нәтиже көрсетті.

Содан кейін президент жарлығымен Давид Дегтярев ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен наградталды, Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариев "Парасат" орденін кеудесіне тақты. Нұрдәулет Жұмағали "Құрмет" орденімен марапатталды. 

Шахматты "бағындырған" қос қыз

Шахмат әлеміндегі үлкен жетістіктің бірі – 21 жастағы қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәліктің Гибралтарда өткен FIDE Women's Grand Prix (FIDE әйелдер Гран-при сериясының соңғы кезеңі) шахмат турниріндегі жеңісі.

Бұл турнир қазақстандық шахматшыға ерлер арасындағы гроссмейстер нормасын орындауға мүмкіндік берді, себебі турнирге басқа елдерден көптеген ерлер арасындағы гроссмейстерлер қатысты. Турнирде Жансая Әбдімәлік алты сағат бойы Ресейден келген халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Валентина Гунинамен бәскелесіп, жеңіске жетті.

Бұл Қазақстан мен Орталық Азия үшін айтулы оқиға болды, себебі бұған дейін бізде әйелдер арасынан шыққан ерлер гроссмейстерлері болмаған.

Артынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жансаяны айтулы жеңісімен құттықтады. Жансаяның жетістігі елімізде осы спорттың дамуына тың серпін берері сөзсіз деген баға берді.

Шахматта жақсы нәтиже көрсеткен қыздардың бірі – Бибісара Асаубаева. Ол биыл əйелдер арасында Азия чемпионы атанды.

Асаубаева 2004 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Шахматпен төрт жасынан бері айналысып келе жатқан ол жеті жасында ФИДЕ шебері атағын алған. 2017 жылы 14 жасқа дейінгі әлем чемпионы атанған.

Азия чемпионатындағы сенімді жеңіс

Олимпиада ойындарында жақсы нәтижеге қол жетпегенімен боксшылар Азия чемпионатында қарсыластарынан көш алда болды. Дубайда өткен ерлер мен әйелдер арасындағы бокстан Азия чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы бірде-бір алтын ала алмады, алайда әйелдер құрамасы сегіз алтын медаль жеңіп алды – бұл елдің медальдық есепте бірінші орынды иеленуіне жеткілікті болды. Екінші орынды Өзбекстан, үшінші орынды Моңғолия иеленді.

Азия чемпионатында Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Римма Волосенко, Милан Сафронова, Валентина Хальзова, Фариза Шолтай және Ләззат Күнгейбаева алтын медаль алды. Ал Владислава Кухта күміс медаль, Марина Вольнова қола медаль иеленді.

Артынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен спортшыларды құттықтады.

"Құрлықтың ең мықты спортшылары жиналған байрақты бәйгеде Қазақстанның қыздар құрамасы ел мерейін асқақтатты. Олар қоржынымызға 10 жүлде, соның ішінде 8 алтын медаль салды. Осы тарихи жеңістеріңізді Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына жасалған тамаша тарту деп санаймын", – делінген құттықтауда.

Сондай-ақ Дубайда өткен жастар мен юниорлар арасындағы бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 19 алтын, 15 күміс және 15 қола медаль жеңіп алды.

Ерлер командасында 8 бірдей спортшымыз алтын алды. Олар: Санжар Тәшкенбай (48 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі), Әбдіғали Әбдікәрім (57 келі), Ерасыл Ермек (60 келі), Елнұр Сүйінбай (63,5 келі), Абзал Серік (67 келі), Бақберген Әлиасқаров (75 келі) және Темірлан Мұқатаев (86 келі).

Бұдан бөлек, Мәди Әміров (92 келі) пен Даниал Сапарбай (+ 92 кг) күміс медаль алса, Арман Алматұлы мен Дәурен Мамыр қола жүлдегер атанды.

Осылайша, жалпыкомандалық есепте қазақстандық боксшылар бірінші орынға ие болды. Боксшы қыздар 12 медаль жеңіп алды. Милана Аюпова (63 келі), Аида Сәрібарова (81 келі), Диана Мағауяева (+81 келі) алтын алды.

Күміс жүлдегерлер: Айшагүл Елеубаева, Жұлдыз Шаяхметова, Гаухар Шайбекова мен Дана Дидай.

Ал Гүлнәз Бірибаева, Гүлнәр Тұрапбай, Хава Болкоева, Шахназ Исаева мен Анар Тұрынбек қоланы қанағат тұтты.

Спортшылар футзалдан сенсация жасады

Қыркүйектің соңында Қазақстан құрамасы Литвада өткен футзалдан Әлем чемпионатының 1/8 финалында 7:0 есебімен Таиландтан басым түсті. Артынша Әлем чемпионатының ширек финалында Қазақстан құрамасы Иранды 3:2 есебімен жеңді.

Бірінші таймда Қазақстан құрмасы Иранға есе жіберді, құрама 8-ші және 15-ші минутта гол жіберіп алды. Нәтижесі 0:2 болды. Алайда кездесудің 29-минутында қазақстандық шабуылшы Арнольд Кнауб есепті теңестірді. Ойынның аяқталуына бір минут қалғанда қазақстандық спортшылар жеңіс голын салды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы тарихи жеңіске жетіп, футзалдан Әлем чемпионатының жартылай финалына алғаш рет шықты.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от KAZAKHSTAN FOOTBALL FEDERATION (@kff_team)

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларды құттықтады. "Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, керемет сенсация жасады. Құтты болсын! Алдағы ойындарына да сәттілік тілеймін!", - деп жазды Тоқаев.

Алайда Қазақстан құрамасы Португалиядан жеңіліп, Әлем чемпионатының финалына шыға алмады. Артынша құрама үшінші орын үшін тартыста Бразилиядан 2:4 есебімен ұтылды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от KAZAKHSTAN FOOTBALL FEDERATION (@kff_team)

Әлем чемпионатында қос алтын қоржынға түсті

Бокстан әлем чемпионаты Белградта өтті. Оған Қазақстан атынан 13 спортшы қатысты, ел қоржынына 5 медаль түсті.

Қазақстан командасының алғашқы алтынын 48 келіде жұдырықтасқан Теміртас Жүсіпов финалда таиландық Вуттичай Юрачайды 5:0 есебімен жеңіп алды.

Сәкен Бибосынов 51 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Финалда ол америкалық Роско Хилдан басым түсті.

Ал боксшы Абылайхан Жүсіпов әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды. 67 келіде шаршы алаңға шыққан Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда жапониялық Севонрет Окадзавадан ұтылып қалды. Нәтижесінде отандасымыз әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді.

Ал Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов әлем чемпионатында күміс еншіледі.

Футбол тарихындағы ең үлкен жеңіліс

Қарашаның ортасында Парижде өткен әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстан футбол құрамасы Франция командасынан 0:8 есебімен ойсырай ұтылды.

Матч алдында Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері баспасөз мәслихатын өткізіп, бірқатар футболшының жарақат алғанын айтқан. Сол кезде негізгі ойыншының бірі Бақтиер Зайнутдинов қана емес, тағы бірнеше футболшының жарақат алғаны белгілі болды.

Мұндай жеңілістен кейін қазақстандықтар футболшыларға наразылық білдіріп, бөлінген қаржының желге ұшып жатқанын жарыса жазды.

Содан кейін Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин федерацияның мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар есебінен қаржыландырудан бас тартқанын мәлімдеді.

"Ең алдымен отандық жанкүйерлерден Франциямен ойын кезіндегі сәтсіздік үшін кешірім сұрағым келеді. Әрбір жеңіліс біздің өн бойымыздан өтеді. Жетекші футболшылардың үлкен тобын жоғалтып алғаннан кейін Парижде оңтайлы құраммен ойнай алмағанымызды айтып өтейін", - деді ол.

Айтуынша, 2022 жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылым есебінен қаржыландырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Ұйым УЕФА қаражаты, сондай-ақ демеуші тарту есебінен қаржыландырылады.

Қазақстаннан тағы бір IBO чемпионы шықты

Желтоқсанда қазақ боксшысы Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) Нұр-Сұлтанда өткен кәсіпқой бокс кешінде аргентиналық Хуан Эрнан Леалды (15-1, 4 КО) жеңіп, IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Жартылай орта салмақта бос тұрған әлем чемпионы титулы үшін өткен жекпе-жек он екі раундқа созылды. Елеусінов төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Данияр Елеусінов – кәсіпқой боксшы, жартылай орта салмақтағы IBF Inter-Continental белдеуінің иегері.
Ол елордада өткен жекпе-жекте кәсіпқой бокстағы он бірінші жеңісіне қол жеткізіп, IBO тұжырымы бойынша жартылай орта салмақта Қазақстаннан шыққан бесінші чемпион атанды.

Оған дейін осы белбеуді төрт жерлесіміз ұтқан. Олар – Василий Жиров, Геннадий Головкин (IBF мен IBO-ның қазіргі чемпионы), Бейбіт Шүменов пен Жанат Жақиянов.

Загрузка...

Басты тақырып