АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Дикий Арман деген атпен танымал қылмыс әлемінің серкесі мен әлем чемпионатына қатысқан қазақ боксшылары жайлы шулы видео тарады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әлеуметтік желі қолданушылары Дикий Арманның боксшыларға жекпе-жек үшін ақша беруіне наразылық танытты. Қазақстандықтар қылмыс әлемі серкесінің мұндай әрекетін теріс бағалап, криминалдық әлемде беделді адамның осылайша қазақ боксындағы ықпалын көрсетіп жатқанын жеткізді.
Instagram-пабликтердің бірі Дикий Арманның Қазақстан атынан шыққан әр спортшыға екі мың доллардан (шамамен 840 мың теңге) таратқанын жазды.
"Біздің мәдениет және спорт министрлігі масқара болды, қылмыс әлемінің адамы министр сияқты әрекет етіп жүр. Дикий Арман бокстан әлем чемпионатында ұтылған спортшыларға 2 мың доллар берді", - делінген видео сипаттамасында.
Сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушылары оның мұндай міндетті мойнына алып, боксшыларға чемпионатқа қатысқаны үшін ақша бергеніне таңғалды. Өйткені әдетте спорттағы жетістіктері үшін ақшалай ынталандыру спортшыларға мемлекет тарапынан беріледі.
Дикий Арманның мұндай әрекетін желі қолданушылары тоқсаныншы жылдармен салыстырды. Олар сол кезде қылмыс әлемінің адамдары спортшыларды банда қатарына қосқанын еске алды.
Ал кей қолданушы қылмыстық ортада танымал адамның жастарға жанкүйер екеніне таңғалды.
Қазір 2021 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалына Қазақстан құрамасының бес өкілі шықты. Шешуші жекпе-жекте Теміртас Жүсіпов (48 келі), Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Серік Теміржанов (57 келі) және Абылайхан Жүсіпов (67 келі) сынға түседі.
Дикий Арман қазақстандық спортшылармен бірге жүр
Бұдан бұрын желіде тағы бір шулы видео жарияланды. Ол жерде Дикий Арман бапкер рөліне еніп, қазақстандық боксшыларды иығынан қағады. Ал сол уақытта спортшылардың тәлімгері үнсіз қарап тұр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазақстан бокс федерациясы бұл видеоға түсініктеме беріп, боксшыларды даярлау аймағына кім кіріп-шығатынына жауап бермейтінін мәлімдеді. Себебі чемпионат Қазақстанда өтіп жатқан жоқ, ал ұйымдастыруға басқа ұйым жауап береді.
"Бұл чемпионат Қазақстанда емес, Сербияда өтіп жатқандықтан, біз ұйымдастыруға жауап бермейміз. Сондай-ақ белгілі бір адамдардың спортшылар жаттығатын аймаққа өтуіне жауапты емеспіз. Бұған ұйымдастырушы тарап жауап береді. Біздің міндетіміз – боксшылардың жақсы нәтижеге қол жеткізуі, өздерін жақсы сезінуі, тамақтану және тұратын жеріне қатысты мәселенің болмауы", - деп жауап берді федерацияның баспасөз хатшысы Аян Төлеген.