НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Сербия астанасында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында Қазақстанның он бірдей боксшысы ширек финалға өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Соңғы жекпе-жектер кезінде алты қазақстандық боксшы рингке шықты. Барлығы жеңіске жетіп, ¼ финалына өтті. Серік Теміржанов (57 келі) үндістандық Рохита Мораны 4:1 есебімен жеңсе, Абылайхан Жүсіпов (67 келі) поляк Дамиан Дуркачты айқын басымдықпен жеңді.
Айта кетері, 92 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Айбек Оралбай Өзбекстан өкілі Мадияр Саидрахимовтан ұтылып қалған. Нұрлан Сапарбай (+92 келі) бірінші айналымнан аса алмаса, Бек Нұрмағамбет (86 келі) бразилиялық Кено Мачадодан жеңілген.
Сербия астанасына 13 боксшымыз аттанды. Олар:
- Теміртас Жүсіпов (48 келі);
- Сәкен Бибосынов (51 келі);
- Махмұд Сабырхан (54 келі);
- Серік Теміржанов (57 келі);
- Саматәлі Төлтаев (60 келі);
- Санатәлі Төлтаев (63,5 келі);
- Абылайхан Жүсіпов (67 келі);
- Асланбек Шымбергенов (71 келі);
- Нұрқанат Райыс (75 келі);
- Нұрбек Оралбай (80 келі);
- Бек Нұрмағанбет (86 келі);
- Айбек Оралбай (92 келі);
- Нұрлан Сапарбай (+92 келі).
Әлем чемпионатының сыйақы қоры 2,6 миллион АҚШ долларын құрап отыр.
Алтыннан алқа таққандар 100 000 долларға ие болады. Күміс медаль үшін 50 000, ал қолаға 25 000 доллар беріледі. Чемпионат 24 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді.