НҰР-СҰЛТАН, 20 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның жастар лигасы аясында өткен хоккей турнирінде қақпашы өз қорғаушысын жұдырықпен бір ұрды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл оқиға "Ақтөбе" мен "Торпедо" хоккей клубтары арасындағы матч кезінде болған. Өскемен командасының қақпашысы Антон Осокин шайбаны өткізіп алғаннан кейін өзінің қорғаушысы Кирилл Индюковты бір ұрды. Осы сәттің видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.
Индюков қақпаны қорғаймын деп, шайбаны екі аяқтың арасымен өткізіп алған. Бірақ қақпашы оны сол аяғымен қайтара білді. Ал "Ақтөбе" клубының шабуылшысы тоқтаған жоқ, кері серпілген шайбаны тағы бір ұрып, қақпаға кіргізіп жіберді. Осы кезде "Торпедо" қақпашысы қорғаушыны шықшыттан бір ұрады.
Видеода Индюковтың шайбаны екі аяқтың арасымен өткізіп қана қоймай, қарсыласқа кедергі жасамағаны да анық көрінеді.
Бұл ойын 7:2 есебімен "Ақтөбенің" пайдасына аяқталды. Команда 9 ұпаймен үшінші орынға көтерілсе, "Торпедо" 6 ұпаймен алтыншы орында тұр.
Ал 18 қыркүейекте болған "Ақтөбе" мен "Номад" арасындағы матчта екі хоккейші төбелесіп қалды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram