НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев жұмыстан кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында бас бапкердің жұмыстан кеткені туралы мәлімет тарады. Барлығы Кенжебаевтың әлеуметтік желідегі жазбасына сілтеме жасаған. Ол ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кеткенін, тіпті, басшылықтың өтінішке қол қойғаны жайында жазды.
Кенжебаев дарынды боксшы Сабырхан Махмұдқа мүмкіндік бермегеніне де қатты өкінетінін жеткізді. Бірақ артынан жазбаны алып тастаған.
Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген Ғалымбек Кенжебаев пост жазбағанын жеткізді. Ал жұмыстан кетуге өтініш емес, ұсыныс жасағанын айтты.
"Ешқандай пост жазған жоқпын. Менде Instagram да жоқ. Негізі мен отставка жайында айтпаған едім. Басшылар өздері шешеді ғой. Өзім арыз жазған жоқпын, бірақ ауызша ұсыныс жасадым. Тұра тұр деді. Жиналыс өтуі керек. Бүгін-ертең нақты жауабын айтады", - дейді Кенжебаев.
Айта кетері, бұған дейін ұлттық құраманың бас бапкері Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктің негізгі себебін түсіндірген.
"Олимпиада жолдамалары бір жарым жыл бұрын сарапқа салынған. 2020 жылы наурыз айында соңғы лицензиялық турнир өткен болатын. Ол кезде Токиоға жолдама алған боксшылардың дайындық деңгейі басқаша еді. Ал Олимпиада ойындарын бір жылға шегерді. Бір жыл бұрын қазіргі боксшылар басқаша бокстасатын еді. Бір жылдың ішінде олардың өкшесін басып келе жатқан жастардың дайындығы да күшейді. Мысалы қазір Токиоға барған кейбір боксшылар көшбасшы емес. Оны Қазақстан чемпионаты да көрсетті. 91 келі салмақта мүлдем басқа боксшы. Левит ол чемпионатқа қатысқан да жоқ. Сол сияқты 63 келіде, тіпті, 52 салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы өзгерген", - деді Кенжебаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.