Спорт

Қазақстан Олимпиада трансляциясына қанша ақша жұмсады

© AFP 2024 / BEN STANSALLСборная Казахстана на Олимпийском стадионе в Токио
Сборная Казахстана на Олимпийском стадионе в Токио - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.08.2021
Жазылу
Құқық иесі трансляция бағасын төмендетуге Олимпиада ойындары басталардан бір күн бұрын келіскен

АЛМАТЫ, 4 тамыз – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Олимпиада ойындарын трансляциялауға қанша қаражат жұмсалғанын хабарлады.

Бұл мәліметтерді министрлік "Ақ Жол" демократиялық фракциясының депутаттық сауалына жауап ретінде жариялады.

Олимпиада ойындарының көрсетіліміне жапонның Dentsu Inc компаниясы және оның Орталық Азиядағы өкілі – шведтің Silver spring media компаниясы жауап береді.

"2018 жылдың 16 қарашасында аталған компаниялар 2021 және 2022 жылғы Олимпиада ойындарын жалпы сомасы 15 миллион долларға (техникалық шығындарды қоспағанда) сатып алуды ұсынды", - деп хабарлады ақпарат министрлігі.

2021 жылдың ақпанында "Қазақстан" РТРК"АҚ мен "Хабар" агенттігі" АҚ Silver spring media және Dentsu Inc-ке Токиодағы XXXII Олимпиада ойындары мен Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарын трансляциялауға байланысты бағасын ұсынуды және өткен кезеңдегідей 5,1 миллион долларға шарт жасасу мүмкіндігін қарастыруды сұрап хат жолдаған.

Айта кетері, 2016 және 2018 жылдардағы Олимпиада ойындарын көрсетуге техникалық шығындарды қосқанда 5,1 миллион доллар кеткен.

"Алайда компания бұл ұсынысты елемей, хатты жауапсыз қалдырды", - деді министрлік.

Алайда құқық иелерімен келіссөздер жалғасқан. Олимпиада ойындары басталардың алдында ғана олар бағаны төмендетуге келіскен.

"2021 жылдың 23 шілдесінде Токиодағы XXXII жазғы Олимпиада ойындарын және Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарын техникалық шығындарды ескере отырып, жалпы сомасы 6,25 миллион долларға трансляциялауға лицензиялық құқықты сатып алу туралы келісімге қол қойылды", - деп нақтылады министрлік.

Осыған байланысты қазақстандықтар спортшы Елдос Сметовтың алаңға шыққанын отандық телеарна арқылы көре алмады.

"Құқық иелері тиісті техникалық талаптарды беруден бас тартты, бұл тікелей эфир үшін техникалық трактілер жүргізуге мүмкіндік бермеді. Трансляция сынақ режимінде бұрын тексерілмегендіктен, спутниктік сигналдардың жиілігі мен форматы сәйкес келмеді. Осыған байланысты кеш қосылып, техникалық себептерге байланысты қазақстандық спортшы Елдос Сметовтің белдесуі "Хабар" телеарнасының эфирінде жоспарланған уақытта көрсетілмеді", - деп түсіндірді министрлік.

Кейін Сметовтің ойыны жазба күйінде көрсетілді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарлауынша, 24 шілде кешке ведомство құқық иелерімен және мемлекеттік телеарналармен бірлесіп барлық техникалық мәселені реттеген. Содан кейін трансляция арқылы қазақстандық спортшылардың өнері кедергісіз көрсетіліп келеді.

Жаңалықтар
0