Спорт

"Біз дайынбыз": Бас бапкер олимпиададағы жеребеге қатысты пікір білдірді

© Sputnik / Владислав ВодневТренировка сборной по боксу
Тренировка сборной по боксу - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.07.2021
Жазылу
Жарысты екінші айналымнан бастайтын боксшылардың да қарсыластары қарымды, дейді Ғалымбек Кенжебаев

НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik. Бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев олимпиада ойындарындағы жеребеге қатысты өз пікірін білдірді. Бас бапкердің айтуынша, команда күтпеген тосынсыйларға дайын, деп жазды Olympic.kz.

Кеше бокстан жеребе тарту рәсімі өтті.

"Турнир кестесі біз үшін тым жеңіл деп айта алмаймын. Біреуінің жолы болды, біреуіне сәттілік жетпеді деуге де құқығым жоқ. Тіпті, жарысты екінші айналымнан бастайтын боксшылардың да қарсыластары қарымды. Олимпиада ойындарында жеңіл жекпе-жек болмайды", - дейді Кенжебаев. 

Мәселен, оның айтуынша, Василий Левиттің қарсыласы – түбі кубалық саналатын Испания өкілі. Егер оны жеңетін болса, Ла Круспен кездеседі.

"Жалпы алғанда, Василийдің дайындығы жақсы. Соңғы жарыстарда жіберген бірқатар қателігінен сабақ алды. Қамшыбекке тоқталар болсам, өзбекстандық Баходир Жалоловпен өткен соңғы кездесуде жеңіліп қалды. Өте ауыр салмақта бәрі де мүмкін. Десе де, біз Қамшыбекке сенеміз, ол өте көп жұмыс істеді", - деді бас бапкер.

Бірақ финалға дейін де бірнеше жекпе-жек бар, болжам жасаудың қажеті жоқ. Жеңіл салмақтағы боксшылар да өздерін жақсы сезінеді.

"Физикалық жағына ғана емес, психологиялық жағына да мән беріп жатырмыз. Өйткені бұл жерде бәрі де рөл ойнайды. Күш, соққы, дайындық, сондай-ақ, споршының психологиялық жағдайы мен сәттіліктің те маңызы өте зор. Әрбір қарсыласқа жеке дайындалу қажет. Қарсыластан үнемі тосынсый мен күтпеген жауаптар болуы мүмкін. Бірақ біз дайынбыз. Қазір жаттығудың соңғы кезеңін өткізіп жатырмыз. Команда мүшелерінің жағдайы жақсы, климатқа, жат елге бейімделді. Алғашқы жаттығуды таза ауада өткізуіміздің де себебі осы", - деп түйіндеді Кенжебаев. 

Команда күн сайын ПТР-тест тапсырады, денсаулық жағдайы туралы анкета толтырады.   

Айта кетелік, қазақстандық боксшылар жарысты 24 шілдеде бастайды. Шаршы алаңға алғаш болып 57 келідегі Серік Теміржанов шығады. 

Жаңалықтар
0