Спорт

Қазақстандық UFC шеберінің Хабибтің інісіне қарсы жекпе-жегін қайдан көруге болады

© Photo : UFCУмар Нурмагомедов (слева) и Сергей Морозов перед поединком
Умар Нурмагомедов (слева) и Сергей Морозов перед поединком - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жекпе-жектің трансляциясын UFC-дің ресми сайтынан көруге болады. Қазақстандық арналар алдағы жекпе-жектің аңдатпасын жариялаған жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Сәрсенбі, 20 қаңтарда Абу-Дабидің (БАӘ) "Жауынгерлер аралында" UFC on ESPN 20 турнирі өтеді. Сол жерде қазақстандық Сергей Морозов Хабиб Нұрмағамедовтың інісі – Омар Нұрмағамедовқа қарсы шығады.

Морозов пен Нұрмағамедов арасындағы жекпе-жек турнирдің басында өтеді деп жоспарланып отыр. Екі спортшы Нұр-Сұлтан уақыты бойынша шамамен сағат 20:45-те шығады. Екеуі де UFC-да алғаш рет жекпе-жек өткізеді.  

Жекпе-жектің трансляциясын UFC-дің ресми сайтынан көруге болады. Қазақстандық арналар алдағы жекпе-жектің аңдатпасын жариялаған жоқ.

Бұған дейін спортшылар салмақ өлшеу рәсіміне қатысып, ең жеңіл салмақтың лимитін орындады. Морозов 61,2 келі, ал Нұрмағамедов 61,7 келі тартты. Сол жерде екеуі көз арбасты.

​Бұл жекпе-жек 2020 жылы қазан айында UFC 254 турнирі кезінде өтуі керек еді. Алайда Омар ауырып қалып, жекпе-жекті кейінге шегеруге тура келді.  

Спортшылар туралы ақпарат

Сергей Морозов 31 жаста. Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Жеті жасынан бастап футбол ойнаған. Жастар командасына да қосылды. Алайда оны клубтан шығарып жіберді. Өзінің айтуынша, мінезін көп адам көтере алмаған. Бірақ ММА-да жолы болды. Қазақстандық спортшы ресейлік М-1 промоушенде ең жеңіл салмақ дәрежесінде чемпион атанғаннан кейін UFC-мен келісімшартқа қол қойды. Морозов – аралас жекпе-жектер мен қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері, панкратионнан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 

Ал Омар Нұрмағамедов – Хабиб Нұрмағамедовтың немере інісі. Әкелері ағалы-інілі. Омар Нұрмағамедов – ММА-ден Ресей чемпионы, тай боксынан Дағыстанның бірнеше мәрте чемпионы, әскери самбодан әлем чемпионы. Gorilla FC турнирінде жеңімпаз атанған. Омар ағасы сияқты танымал бапкер Абдулманап Нұрмағамедовтан тәлім алған. Соның арқасында ММА-да он екі рет жеңіске жеткен. Бірде-бір жекпе-жекте есе жібермеген. 

Соңғы жекпе-жегінде Сергей Морозов төрешілер шешімімен америкалық Джош Реттингхаустан (16-5) басым түскен. Ал Омар Нұрмағамедов бірінші раундта аргентиналық Брайан Гонсалесті (2-10) жеңді.

Жаңалықтар
0