АЛМАТЫ, 22 мамыр – Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, "Құрмет" орденінің иегері, Олимпиада ойындарының жүлдегері Әділбек Ниязымбетов қазір Олимпиадалық дайындық орталығында әдіскер болып жұмыс істейді. Ол жас спортшылардың құжаты мен билетіне жауап береді. Спортшы Sputnik Қазақстан тілшісіне карантин кезінде немен айналысқанын, қолғабын шегеге ілгеннен кейін өмірінде қандай жаңалық болғанын және Токио Олимпиадасы жайлы ойын айтты.
"2019 жылдың қыркүйегінен бастап астанада Олимпиадаға дайындау орталығында методист болып қызмет етемін. Карантин кезінде елордада болдым. Үйде кітап оқып, үй шаруасына көмектестім. Үйдің шаруасы ешқашан бітпейді. Көктем кезінде аула тазалаудан бастап, гүл отырғызып, ағаш ектік. Уақыт осылай өтіп кетті",- деді Ниязымбетов.
Айтуынша, Олимпиада орталығында құжаттармен жұмыс істейді. Жас спортшыларды жарысқа жіберер кезде құжаттарын жинап, жол жүру билеттеріне дейін түгендеп отырады.
"Кезінде өзіміз спортшы ретінде жарыстарға барған болсақ, қазір қағаз жағына жауап беремін, әдіскермін. Ол бапкердің көмекшісі деген сөз. Жас спортшыларды сайыстарға жіберетін кезде құжаттарын, жол жүру билеттерін, неше күнге баратынын реттеймін. Оның алдында жинақтау жұмыстары жүргізіледі, ол жерде қандай құжат қажет екенін реттеп, соған жауап беремін", - дейді ол.
Спорт алаңынан кабинеттегі жұмысқа ауысу процесінің қалай жүргенін сұрадық. Ниязымбетов әр істің өз қиындығы бар екенін алға тартты.
"Ештеңе оңай келмейді. Спорт болсын, спорттан тыс жұмыстың да өз қиындығы бар. Қиындыққа төзу керек. Үйренісу қажет. Менде де дәл солай", - деді спортшы.
2018 жылы спорттан кеткен соң бапкер болудан бас тартқан Ниязымбетов әлі күнге дейін ол ойынан айнымағанын жеткізді.
"Жас кезімнен бастап бапкер болуды армандаған жоқпын. Әлі де болғым келмейді. Қазір өзімнің жұмысым бар. Ал бапкер болу үлкен жауапкершілік, өз балаңды қалай тәрбиелесең, алдыңа келген жас жеткіншекке де дәл солай қамқорлық жасап, өз балаңның жетістікке жеткенін қалай қаласаң, дәл солай жанкүйері болуың қажет. Ал бұл көпшілік ойлағандай оңай жұмыс емес, жауапкершілігі де жоғары",- деді ол.
Оқи отырыңыз: Карьерасын аяқтаған танымал қазақстандық спортшылар қазір қайда жүр?
Бала күнінен футболды жақсы көретін спортшы қазақ футболына көңілі толмайтынын жеткізді.
"Қазір де футбол ойнаймын. Ал қазақ футболына көңілім толмайды. Біздің мықты-мықты футбол ойнайтын жақсы спортшыларымыз бар, оларды құрамаға алмайды. Жоғарыда отырған бапкерлер алғысы келмейтін сияқты. Бұрынғыға қарағанда енді дамып, жақсы ойнап келе жатыр. Ішінде қазақ жігіттердің аз болғаны намысқа тиеді", - деді ол.
Сол футболды маған берсе өзім ақ көтерер едім, деп әзілдеді спортшы.
Ал бокс саласында аяқтан тарту, мүмкіндігің, кәсібилігің жетіп тұрса, сайысқа жібермеу, аренаға шығармау деген жоқ, дейді ол.
Айтуынша, бір спортты жақсы меңгерген адам басқа саланы да жетік меңгере алады.
"Спортшы қай спорт түрімен айналысқанына қарамастан, сол саланың қиындығын, дайындығын көреді. Үлкен аренаға шыққан адамдар қай спорт болса да алып кете алды. Футболға қатты берілемін, бірақ бір құраманың қатарына қосылып, сол салаға ауысамын деп айта алмаймын", - деді Ниязымбетов.
Токио Олимпиадасы 2021 жылға кейінге қалдырылды, дей тұрғанмен спортшылар дайындығын тоқтатпай, өз қалпын сақтап қалатынына сенім білдірді.
"Токиода біздің спортшылардың біршама табысқа жететініне сенемін. Ал өзім алаңға шыққан 81 келі салмақта Олимпиадада сайысқа түсетін Бекзат Нұрдәулетов есімді спортшыны ерекше атай аламын. Жас та болса бокста үлкен жетістікке жетіп жүр, қанжығасына Олимпиаданың алтынын байласа деген тілегім бар", - деді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Спортшының әлеуметтік желісіне шолу жасап, ол жақтан елорда әкімі Алтай Көлгіновтің, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен бірге түскен фотоларын байқадық. Спортшы бұл әрекетінің лауазымды қызметке орналасу үшін жасалып жатпағанын айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Жоғары жақтан бізге тапсырма келеді. Болып, өтіп жатқан іс-шараларға жібереді. Ол фотолар сондай шаралар кезінде түсірілген. Жалпы ұсыныс түсіп жатса, басшылық қызметке неге бармасқа?! Алайда бұл жағымпазданып, "мені көтерсінші" деген ойдан туып отырған жоқ. Тек жұмыс соны талап еткен соң жасалып жатыр", - деп түсіндірді ол.
2019 жылдың күзінде Әділбек Ниязымбетов "Екі жұлдыз" ән байқауына қатысқан болатын. Айтуынша, бұл сайысқа да басшылықтың тапсырмасымен қатысқан, алайда сахнада ән салу өзіне ұнағанын жеткізді.
"Спортта жүрген кезде бізге мұндай шараларға қатысуға рұқсат жоқ, өзіміздің де уақытымыз болмайды. Дауысым болмаса да, сахнаға шықтым. Маған ұнады. Ал сахнаға шығып ән айту мен алаңға шығудың арасы жер мен көктей", - деп түйіндеді сөзін спортшы.