Спорт

Карьерасын аяқтаған танымал қазақстандық спортшылар қазір қайда жүр?

CC0 / / Боксерский ринг
Боксерский ринг - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Олимп шыңын бағындырып, кәсіби спорттағы карьерасын аяқтаған танымал қазақстандық спортшылар туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

Владимир Смирнов

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бірінші Олимпиада чемпионы.

1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен дүбірлі дода 50 шақырымға созылған шаңғы марафонында жеңіске жетіп, алтын медальге ие болды. Шаңғы тебуден 4 дүркін әлем чемпионы.

1998 жылғы қысқы Нагано Олимпиадасында қола медальді олжалады. Ал 1999 жылы қысқы Азия ойындарында 2 алтын мен күміс медальді еншіледі. Спортшы 35 жасында кәсіби мансабын аяқтап, халықаралық олимпиада комитетінің мүшесі атанды.

Кейін Владимир Смирнов жеке кәсіппен шұғылданды. 2014 жылы қазақстандық Kcell компаниясының тұрақты даму жөніндегі комитетінің төрағасы, директорлар кеңесінің мүшесі болды. Kcell Скандинавиядағы ірі телекоммуникациялық TeliaCompany холдингінің құрамына кіреді.

Қазақстандық танымал шаңғышы 1991 жылдан бері Швецияда тұрады. Бұл елдің азаматтығын алған. Үйленген, екі баласы бар.

"Балқаш жолбарысы"

Василий Жиров Тәуелсіз Қазақстанның бірінші жазғы Олимпиада чемпионы (1996, Атланта, 71 келіге дейін), Вэл Баркер кубогінің иегері. Бұл кубокты қазақстандық боксшыға табыстаған кезде залда аты аңызға айналған спортшы Мұхаммед Әли оған қомешет көрсеткен. Сондай-ақ, халық арасында "Балқаш жолбарысы" атанған ол кәсіби бокста бірінші қазақстандық боксшы ретінде әлем чемпионы атанды.

Тағы оқыңыз: Василий Жиров Головкинмен не үшін араласпайтынын айтты

4 жылда бір рет өтетін дүбірлі додада жеңімпаз атанған соң, бағын кәсіби бокста сынап көруді жөн санайды. 1997 жылы кәсіби бокста алғаш рет рингке шығады. 1999 жылы ол бірінші жоғары салмақта (91 келіге дейін) IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанады.

2003 жылы сәуірде спортшы ұпай саны бойынша америкалық Джеймс Тониға жеңіліп, әлем чемпионы титулынан айырылды.

Кейін қазақстандық боксшы супер ауыр салмаққа ауысқанымен одан еш нәтиже шыққан жоқ. 2009 жылдың қазанында Василий Жиров спорттағы карьерасын аяқтады.

Бүгінде аты аңызға айналған қазақстандық спортшы АҚШ-тың Аризона штатындағы Феникс қаласында тұрады. АҚШ азаматтығын алған. Ажырасқан, 2 баласы бар.

Сидней Олимпиадасының чемпионы

Ермахан Ибраимов Сидней Олимпиадасының чемпионы (71 келіге дейін), ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

© Sputnik / Айгюзель КадирЕрмахан Ибраимов үйленген, 10 бала тәрбиелеп отыр
Карьерасын аяқтаған танымал қазақстандық спортшылар қазір қайда жүр? - Sputnik Қазақстан
Ермахан Ибраимов үйленген, 10 бала тәрбиелеп отыр

2002-2004 жылдары бокстан Қазақстан құрама командасының бас бапкері, 2004-2007 жылдары ҚР бокс федерациясының вице-президенті қызметін атқарды. 2007 жылдан бокстан республикалық Олимпиадаға даярлау орталығының директоры. Үйленген, 10 баланың әкесі.

Бахтияр Артаев

Бокстан Афины Олимпиадасының жеңімпазы (69 келіге дейін), Вэл Баркер кубогының иегері, 7 дүркін Қазақстан чемпионы. 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиадада бұрынғы жетістігін қайталай алған жоқ. Ол дүбірлі доданың ширек финалында ұлыбританиялық Джеймс Ди Гейлден (8:3) жеңіліп қалды.

Спортты карьерасын аяқтаған соң, 2009 жылы ол Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Айшабибі ауылдық округінің әкімі, қараша айында Жамбыл облысы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Бахтияр Артаев рингте, Олимпиада-2004, Афина қаласы
Карьерасын аяқтаған танымал қазақстандық спортшылар қазір қайда жүр? - Sputnik Қазақстан
Бахтияр Артаев рингте, Олимпиада-2004, Афина қаласы

2011 жылы Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2012 жылы 24 желтоқсанда "Астана" президенттік кәсіби спорт клубының президенті болды.

2014-2016 жылдары Лондонда білім алды. 2016 жылы "Тарлан батырлары" компаниясының директоры қызметін атқарды. Компания Қазақстанда спорттық кешен салумен айналасады.

2018 жылдың ақпанынан "Astana Arlans" кәсіпқой бокс клубының директоры болды. Үйленген, 4 баласы бар.

Бақыт Сәрсекбаев

2008 жылғы Пекин Олимпиадасының (69 келіге дейін) чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы (2006).

2009 жылы Қазақстанның бокс федерациясында тер төкті. Кейін "Astana Arlans" кәсіпқой бокс клубында бағын сынап көргенімен, жолы болмады.

Алайда қазақстандық БАҚ-та 2014 және 2015 жылдары боксшының есімі жиі аталды. Алдымен ол жаттықтырушысы әрі ағасымен сыйға берген пәтері үшін соттасты. Кейін Бақыт Сәрсекбаев әйелімен ажырасып, пәтерін және көлігін бөлісе алмай, бұрынғы сүйіктісін сотқа берді. Бүгінде боксшы жеке кәсіпкер. Ажырасқан, үш баласы бар.

Серік Сәпиев

Бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы (69 келіге дейін), Вэл Баркер кубогының иегері, екі дүркін әлем чемпионы (2005, 2007). Қазақстандық танымал боксшы 2012 жылы спорттағы жолын аяқтады.

© Sputnik / Владислав ВодневСерік Сәпиев 2012 жылы спорттағы карьерасын аяқтады
Карьерасын аяқтаған танымал қазақстандық спортшылар қазір қайда жүр? - Sputnik Қазақстан
Серік Сәпиев 2012 жылы спорттағы карьерасын аяқтады

"Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы Брунель университетінде білімін шыңдады. "Astana Arlans" кәсіби бокс клубының бас директоры қызметін атқарды (2014-2017).

2017 жылдың 28 ақпанынан 2019 жылдың 30 қаңтарына дейін ҚР парламенті мәжілісінің депутаты болды.

Қазіргі таңда Серік Сәпиев ҚР мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарады. Үйленген, 3 баласы бар.

Әділбек Ниязымбетов

Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері (81 келіге дейін), әлем және Азия чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның құрметті азаматы.

2018 жылдың қазанында Әділбек Ниязымбетов денсаулығына байланысты қолғабын шегеге ілді. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласында Олимпиадаға даярлау орталығында методист болып еңбек етеді.

"Жұмысқа тұруға Серік Сәпиев пен Бахтияр Артаев көмектесті. Менің жұмысым қағазбен байланысты. Өзім мұндай жұмысқа жақын емеспін. Бірақ жұмыс болған соң, оны да істеп үйрену керек", - деді спортшы сұқбаттарының бірінде. Бойдақ.

Ольга Шишигина

2000 жылы Австралияда өткен Синдей Олимпиадасында 100 метрге кедергілермен жүгіру сайысында Қазақстанның намысын қорғап, дүбірлі додада алтыннан алқа тағынған. Ол 2001 жылы спорттағы мансабын аяқтады.

Ұзақ жылдары бойы жаттықтырушы және оқытушы қызметтерін атқарды. 2013 жылғы 22 қаңтарынан осы уақытқа дейін ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" партиясының мүшесі. Тұрмысқа шыққан, ұлы бар.

Юрий Мельниченко

Грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы (1996, 57 келіге дейін), әлем чемпионы, 3 дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, Қазақстаннның жеті дүркін чемпионы, балуан.

Спорттық жолын аяқтаған соң, 2000 жылы грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырды. Кейін ҚР күрес қауымдастығы мен федерация вице-президенті, күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының директоры, "Астана" президенттік кәсіби спорт клубында басшылық қызметтерін атқарды. Үйленген, 2 баланың әкесі.

Александр Винокуров

Лондон Олимпиадасының чемпионы, қазақстандық танымал велошабандоз.

2012 жылғы Ұлыбритания астанасында өткен дүбірлі додадан соң, спорттағы кәсіби карьерасын аяқтады. Кейін "Астана" велокомандасының спорттық директоры болды.

2013 жылдан осы уақытқа дейін бұл команданың бас менеджері қызметін атқарады.

2014 жылдың маусымында Александр Винокуров Алматыда Vino брендімен шығарылататын велосипедтердің таныстырылымын өткізді.

Қазақстандық спортшы екі кітаптың авторы, киноға да түскен. Үйленген, 3 баласы бар. Қазір Францияда тұрады.

Кәсіби карьерасын аяқтаса да, Винокуров спорттан алыстаған жоқ. Ол жақында АҚШ-та өткен Ironman әлем чемпионатында 45-49 жас аралығында жеңімпаз атанды.

Жаңалықтар
0