"Олай айтуға болмайды": ғалым Абайға қатысты тосын мәлімдеме жасады

© Sputnik / Жания УранкаеваАбай Кунанбаев
Абай Кунанбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ғалым Абайды "Абай Құнанбаев" деп айту қате екенін айтты. Өйткені Абайдың азан шақырып қойған шын есімі – Ибраһим Құнанбайұлы

НҰР-СҰЛТАН, 21 қараша – Sputnik. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Алаш мәдениеті және рухани даму институтының ғылыми қызметкері, абайтанушы, ғалым Омар Жәлелұлы қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі дұрыс айтылмай жүргенін алға тартты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін қазақ ұлттық хореография академиясында ұлы ойшыл, ағартушы, философ Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған "Абай мұрасы – әлемдік мәдениет қазынасы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Жиында Абай тұлғасының әлемдік мәдениеттегі орны мен рөлі, тұлғаның мәдениет пен білімнің дамуына қосқан үлесі туралы сөз болды.

Конференцияда ғалым Омар Жәлелұлы "Абай Құнанбаев" деп дұрыс емес екенін атап өтті.

"Мәдениет атаудан басталады. Көп адам "Абай Құнанбаев" деп айтып, жазып жүр. Оған ешкімді кінәләудің қажеті жоқ. Бірақ біз бір нәрсені ескеруіміз керек. "Абай Құнанбаев" деп айту қате. Олай айтуға болмайды. Өйткені, Абайдың азан шақырып қойған шын есімі – Ибраһим Құнанбайұлы. Ал Абай лақап аты, оны псевдоним дейді", - деді ол жиында сөйлеген сөзінде.

Осы орайда абайтанушы сөзін дәлелдеуге тырысты.

"Мысалы, орыс жазушысы Максим Горькийді алайық. Оның шын есімі – Алексей Пешков. Біз Алексей Пешков Максим Горький деп айтпаймыз. Француз халқының ұлы жазушысы Стендаль бар. Оның шын есімі – Мари-Анри Бейль. Біз Мари-Анри Бейль Стендаль деп қолданбаймыз. Сондықтан тек "Абай" деп айту керек", - деді Омар Жәлелұлы.

© Sputnik / Дәурен ЕрболатОмар Жәлелұлы мектеп оқулықтарында қазақтың ұлы ақынының есімі дұрыс жазылмай жүргеніне қынжылды
Олай айтуға болмайды: ғалым Абайға қатысты тосын мәлімдеме жасады - Sputnik Қазақстан
Омар Жәлелұлы мектеп оқулықтарында қазақтың ұлы ақынының есімі дұрыс жазылмай жүргеніне қынжылды

Сондай-ақ ғалым мектеп оқулықтарында қазақтың ұлы ақынының есімі дұрыс жазылмай жүргеніне қынжылды.

"Әлемде қалыптасқан заңдылық бар. Псевдоним мен шын есім араластырылып айтылмайды. "Абай" деп айтсақ жеткілікті. Өйткені Абай тағдырлы есімге айналды. Оның атын айтсақ, барлығы түсінікті болады. Егер сауатты түрде айтқыңыз келсе, Ибраһим Құнанбайұлы болады. Ол (мектеп оқулықтарындағы ақын есімі – Sputnik) – қате. Мұхтар Әуезов "Абай жолы" кітабын шығарған кезде онда Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы деп жазған. Негізінен біз ойланбаймыз, кейбір жағдайға мән бермейміз. Ешқандай ел шын ат пен лақап атты қатар қолданбайды. Біз ғана солай істеп жүрміз", - деп түйіндеді сөзін ол.

Тағы оқыңыз: Абай ұрпағының шежіресі

Айта кетейік, 2019 жылдың мамыр айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу туралы жарлыққа қол қойып, үкіметке бірқатар тапсырма берген. Оған сәйкес, қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абайдың 175 жылдығы 2020 жылы аталып өтеді.

Жаңалықтар
0