Қоғам

Нұр-Сұлтанда супермаркеттер желісі жабылды – 400 адам жұмыссыз қалды

© Sputnik / Михаил Мордасов / Медиабанкке өтуПродажа молока в магазине
Продажа молока в магазине - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.01.2022
Жазылу
Компанияның бас директоры кенеттен қызметкерлермен байланыс жасауды тоқтатқан
НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Осы айдың басында астанадағы "КеңМарт" супермаркеттер желісінің жұмысы тоқтатылды. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген қызметкерлердің бірі компаниядағы жағдайды айтып берді.
Жақында барлық қызметкер жиналыс өткізген. Сол жерде бас директордың іс сапармен Алматыға кетіп қалғаны белгілі болды. Содан бері телефонын көтермейді, хабар-ошарсыз кеткен.
Жұмыскерлер басшының кабинетінен келісімшарт тауып алған. Оған сәйкес, негізгі дүкен – гипермаркет орналасқан жер 15 қаңтарға дейін босатылуға тиіс.
"5 қаңтардан бастап дүкен ресми түрде жабық тұр. Дәл қазір бізде басшы жоқ. Ешкім мәселенің мән-жайын түсіндірмеді. Біз жеткізуші компанияларға тауарды қайтарып, отырған жерімізді босатып жатырмыз", - дейді әйел.
Оның айтуынша, гипермаркетте және қаладағы шағын дүкендерде, шамамен 450 адам жұмыс істеген. Барлығы бір уақытта жұмыссыз қалып отыр.
Sputnik Қазақстан тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық жұмыспен қамту орталығына хабарласып, осы мәселенің мән-жайын сұрады. Жұмыс берушілермен өзара әрекет ету бөлімінің басшысы Бақыт Рақышеваның айтуынша, компания жабылған жоқ, өз қызметін тоқтатып отыр. Супермаркеттер желісінде 380-нен астам адам жұмыс істеген. Ал декретке шыққандармен бірге санағанда 400 адамнан артық.
"Білуімше, ол компания соттасып жатыр. Сол себепті толығымен жабылмайды. Ал қызметкерлер өз еркімен жұмыстан кетіп жатыр. Олар enbek.kz электронды биржасында жұмыссыз ретінде тіркеле алады. Сол жерде бос жұмыс орындары ұсынылады", - деп атап өтті Рақышева.
Бөлім басшысы компанияның қызметі не себепті тоқтатылғанын айта алмады.
Жаңалықтар
0