13:55 20 Қаңтар 2022
Тікелей эфир
  • USD434.48
  • EUR492.61
  • RUB5.68
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
165 0 0

Sputnik Қазақстан 2021 жылда әлемді дүрліктірген негізгі оқиғаларға шолуды ұсынады

НҰР-СҰЛТАН, 3 қаңтар – Sputnik. Былтыр әлемді дүрліктірген оқиғалар аз болған жоқ. Коронавирусқа қарсы вакцина шығарылса да, жаңа штамдар тарала бастады. Содан адамзаттың пандемиядан шығуға деген үміті су сепкендей басылды. АҚШ-тағы "демократиялық" оқиғалар мен ауған жеріндегі түбегейлі өзгерістер де өткен жылдың еншісінде қалды. Sputnik Қазақстан 2021 жылда әлемді дүрліктірген негізгі оқиғаларға шолуды ұсынады.

Капитолийдегі қақтығыс

Жылдың басында АҚШ-тағы президенттік билік жаңадан сайланған Джо Байденген тапсырылуы тиіс еді. Алайда осы елдің бұрынғы басшысы Дональд Трамп дауыс берудің нәтижесімен келіспей, өз жақтастарын "Американы құтқаруға арналған шеруге" шақырды.

2021 жылы 6 қаңтарда Трамптың мыңдаған жақтастары Капитолийдің алдында жиналды. Дәл сол кезде сенаторлар мен конгрессмендер сайлау қорытындысын талқылап жатқан. Бас кезінде адамдар наразылық акциясын өткізді. Алайда артынан тәртіпсіздіктер басталып кетті. Трамптың жақтастары ғимаратты басып алды. Халық Капитолийдің быт-шытын шығарды. Вашингтонда төтенше жағдай енгізілді.

Сенаторлар мен конгрессмендер шұғыл қауіпсіз жерге шығарылды. Тәртіпсіздіктер кезінде бес адам қаза тауып, полиция қызметкерлері жарақат алды. Осы оқиғадан кейін АҚШ Конгресі Трампты мемлекетті басқару өкілеттігінен айыруға және оған сенімсіздік танытуға бастама көтерді.

Содан Трамп ақылға келіп, өз еркімен отставкаға кетті. Ал Капитолийдегі қақтығыстарға қатысқан 727 адам қамауға алынды. Олардың ішінде 150-ден астамы сотталды. Бақсының киімін киіп келген Джейкоб Чансли ең ауыр жазаны арқалады. Оны 3,5 жылға бас бостандығынан айырды.

АҚШ-тың 46-шы Президенті Джо Байденді ұлықтау рәсімі 20 қаңтарда өтті. Бірақ Дональд Трамп салтанатты шараға келген жоқ. Осылайша, АҚШ тарихында 1869 жылдан бері болмаған оқиға тағы қайталанды. Сол кезде елдің 18-ші президенті Улисс Гранттың ұлықтау рәсіміне оған дейінгі мемлекет басшысы Эндрю Джонсон қатыспай қойды.

Трамп тағы бір дәстүрді бұзды. Бұрынғы президент жаңадан сайланған президентке "ядролық шабаданды" табыстап кететін. Бірақ Трамп оны бермей кетті. Содан Байденге жаңа "ядролық шабадан" жасатуға тура келді.

Жаңа штамдардың легі толастамай ма?

Бірнеше айдан кейін коронавирус пандемиясының басталғанына екі жыл болады. Осы уақыттың ішінде әлем елдері локдаунның түр-түрін көріп, карантиндік шектеулерге әбден үйренді.

Ал коронавирусқа қарсы вакцина шығарылғаннан кейін пандемияны тоқтатуға болады деген сенім пайда болды. Бірақ вирус мутацияға түсіп, жаңа штамдар шыға бастады.
Жылдың басында коронавирустың "дельта" штамы тарап, әлемді әбігерге салды. Қатаң шектеу шаралары енгізіле бастады. Ал ғалымдар вакцинаны жаңа штамға бейімдеуге кірісті.

"Дельтаның" дүрбелеңі басылмай жатып, Африкадан тағы бір штамм шықты. Оны "омикрон" деп атады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы деректеріне сәйкес, "омикрон" әлемнің 100-ден астам елінде анықталды. Осы мутация "дельтаға" қарағанда тез таралады. Сол себепті көптеген мемлекетте шектеу шаралары, тіпті, локдаун да енгізіліп отыр.

Ал кейбір ғалымдар пандемия "омикрон" штамымен аяқталуы мүмкін деп отыр. Себебі жаңа штамм шыққан сайын коронавирус әлсіреп барады. Мысалы, "омикрон" тез таралса да, оны жұқтырғандар көп жағдайда ауруханаға түспейді.

"Егер коронавирустың өлім-жітімі тұмаудан қайтыс болғандардың санымен теңесетін болса, онда пандемия аяқталды", - дейді вирусологтар.

Дегенмен, мамандар коронавирусқа қарсы вакцина алуға кеңес беріп отыр. Өйткені "екпе салдырған адамдар вирусты жұқтырса да, ауыр жағдайға түспейді".

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша, әрбір мемлекет 2022 жылдың ортасына дейін халықты вакциналау деңгейін 70 процентке жеткізген жағдайда ғана пандемияны тоқтатуға болады.

Тәліптер билікке келді

2021 жылдың мамыр айында НАТО өз күштерін Ауғанстаннан шығара бастады. Ал "Талибан"* қозғалысының белсенділігі арта түсті. Сарапшылар ауған жеріндегі жағдайға қатысты сан алуан болжам жасаған. Бірақ тәліптердің аз уақыттың ішінде билікке келетінін ешкім ойламады.

Тамыз айында тәліптер Ауғанстан астанасы Кабулды қоршауға алып, бірде-бір оқ атпай, 4,5 миллион халқы бар қаланы басып алды. АҚШ әскерилері шығып үлгерген де жоқ. Осыдан кейін Кабул әуежайында қарбалас басталды. Сол кезде әлем жантүршігерлік кадрларға куә болды. Тәліптерге қарсы соғысқан ауғандықтар елден қашамыз деп, әскери ұшақтардың доңғалақтарына жабысты.

Әуежайда бірнеше адам мерт болды.

БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі "Талибаннан" Ауғанстаннан кетуді қалайтындарға мүмкіндік беруді талап етті.

Тәліптер билікке келгеннен кейін елдегі жағдай тынышталған жоқ. Әуежайда екі бірдей жарылыс болды. Сол кезде 113 америкалық және 160 ауған азаматы қайтыс болды. Артынан мешіттерде жойқан жарылыстар басталды.

Бүгінде әлем елдері Ауғанстанда барынша көмек көрсетіп жатыр. Қазақстан да ауған халқына гуманитарлық көмек ретінде 5 мың тонна ұн жіберді.

Баға шарықтап кетті

2021 жыл рекордтық инфляциямен де есте қалатын болды. Әлем бойынша тауарлар мен қызметтердің бағасы шарықтап кеткен. Мәселен, АҚШ-та қараша айындағы инфляция 6,8 процентке өсті. Ондай жағдай соңғы рет 40 жыл бұрын болған. Ал Еуропада инфляция 13 жылдық максимум – 4,1 процентке көтерілді.

Инфляцияның негізгі себебі – шикізат бағасының өсуі. Оған қоса, көлік тасымалы қымбаттады. Сарапшылар тағы бір маңызды мәселені атап өтті. Соңғы екі жылдың ішінде тапсырысты жеткізу тізбегі бұзылды. Осы уақытқа дейін ірі компаниялардың басым бөлігі өз өндірістерін шетелде ашқан. Ал коронавирус пандемиясы басталғанда көбісі өндіріс ошақтарын жабуға мәжбүр болды.

2021 жылы вакцина шығарылғаннан кейін сұраныс арта бастады. Бірақ өндірістер жабылғаннан кейін осы сұранысты бірден өтеуге мүмкіндік болмады. Содан тапшылық туындап, баға шарықтап кеткен.

Қазақстан да инфляцияның көкесін көрді. Былтыр оның деңгейі рекордтық көрсеткішке жеткен. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, үкімет 2021 жылы инфляцияны 8,5 проценттен асырмай ұстады.

Ал 2022 жылы 4-6 проценттік дәлізге кіруге мүмкіндік бар. Бірақ инфляцияны 3 процентке дейін төмендету үшін қазіргі іс-шаралар аздық етеді. Оған қоса, экономиканы одан әрі әртараптандыру және импорт тауарларына тәуелділікті төмендету аясында жүйелі жұмыстарды жандандыру қажет.

Екі президентті атып тастады

Жазда әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары Кариб мемлекеті – Гаити туралы жарыса жазды. 2021 жылдың 7 шілдесіне қараған түні бір топ қаруланған адам мемлекет басшысының жеке резиденциясына шабуыл жасап, республика президенті Жовенель Моизды атып тастады. Ал оның әйелі ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Тергеу кезінде ондаған адам ұсталды. Олардың ішінде АҚШ пен Колумбия азаматтары бар. Кейбіреулері ұстау операциясы кезінде оққа ұшты. Прокурор президентке қастандық жасау әрекеті үшін премьер-министрді айыптады. Бірақ Ариэль Анри бәрін жоққа шығарды.

Жовенель Моиз 2017 жылы Гаити президенті болып сайланды. Бұған дейін 2015 жылы сайлауда жеңіске жеткен. Бірақ екі жыл бойы сайлаудың нәтижесіне қарсылық акциялары толастамады. Ал 2016 жылы екінші рет сайлау өтті.
2021 жылда Орталық Африкадағы мемлекет – Чад республикасының президенті Идрис Деби де оққа ұшты. Деби президенттік сайлауда тағы жеңіске жеткен. Ертесінде елдің солтүстігіне барған. Ол жақта қарулы қақтығыстар басылмай тұрды. 68 жастағы президент әскери операцияны өз қолына алған. Бірақ ауыр жарақат алып, қайтыс болды.

Идрис Деби Чадты 30 жыл бойы басқарды.

* – Қазақстанда, Ресейде және бірқатар мемлекетте тыйым салынған террористік ұйым.

Кілт сөздер:
оқиғалар, шулы оқиғалар, әлем
Загрузка...

Басты тақырып