Қоғам

Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады

© Официальный сайт Президента Казахстана / AMANНовогоднее поздравление президента Казахстана Касым-Жомарта Токаева с началом 2021 года
Новогоднее поздравление президента Казахстана Касым-Жомарта Токаева с началом 2021 года - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.12.2021
Жазылу
Мемлекет басшысы өткен жылды қорытындылап, 2022 жылдың Қазақстан халқы үшін жемісті өтетініне сенім білдірді
НҰР-СҰЛТАН, 1 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды жаңа 2022 жылмен құттықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Міне, егемендік жылнамасының тағы бір маңызды белесіне жеттік. Ескі жылмен қоштасып, жаңа жылға қадам басамыз. Бұл – әрбір адам ерекше көңіл-күймен қарсы алатын айрықша әсерлі сәт. Біз өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге жоспар жасаймыз", - деді Тоқаев.
Президент 2021 жыл еліміз үшін оңай болмағанын атап өтті. Дегенмен, халқымыз кез-келген сын-қатерге төтеп беріп, барлық кедергіні еңсере білді. 
"Індет кезіндегі қиындыққа қарамастан, көптеген жетістікке жеттік. Экономикамыз біртіндеп оңалып, жұрт қалыпты өмірге орала бастады. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тиімді шаралар жүзеге асырылды. Жас ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар қауымының жалақысы көбейді. Миллионнан астам тұрғын зейнетақы жинағын баспана алуға, ипотекасын өтеуге, емделуге жұмсады", - деді ол.
Алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Адам құқықтары саласына қатысты іс-шаралардың арнайы жоспары бекітілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жан-жақты қолдау үшін жүйелі жұмыс жүргізілді.    
"Парламент менің бастамам бойынша реформаларды одан әрі жалғастыруға тың серпін беретін бірқатар заң қабылдады. Жалпы, әрбір салада нақты нәтижеге қол жеткіздік. Мемлекет халықтың әл-ауқатын жақсартып, елдің бәсекеге қабілетін арттыруға бар күш-жігерін жұмылдырды", - деді мемлекет басшысы.
"Бір сөзбен айтсақ, биыл күрделі жыл болса да, толайым табысқа толы, жемісті жыл болды. Мұның бәрі – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы. Ел игілігіне қызмет етіп жүрген әрбір азаматқа осы сәтте шынайы ризашылығымды білдіремін! Жаһандық тұрақсыздық пен геосаяси сын-қатерлерге қарамастан, жалпыұлттық бірлігімізді бекемдеп, табысымызды арттырып, еліміздің күш-қуатын нығайта беру – өте маңызды. Біз осылайша дамудың жаңа сатысына шығуымыз керек", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, Қазақстанның жарқын болашағы өз қолымызда, яғни ел тағдырына бей-жай қарамайтын, нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында.   
"Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек", - деп атап өті президент.
Қазақтың жыл қайыру дәстүрі бойынша 2022 жыл – Барыс жылы. Асқар шыңды мекендейтін тау тағысын халқымыз киелі санаған.
"Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі және Тәуелсіздік монументіндегі барыс бейнесі – соның көрінісі. Бүгінде қанатты барыс жаңа Қазақстанның символына айналды. Тұран жолбарысын қайта түлету жоспарымызда бар. Бұл да келесі жылмен сәйкес келетін маңызды міндет. Алдағы жыл еліміз үшін тың қарқынмен дамитын берекелі жыл болсын! Жаңа жылда әр шаңырақ шаттыққа кенелсін! Баршаңызға амандық, бақыт тілеймін! Егемен еліміз өсіп-өркендей берсін! ", - деген тілегін жеткізді Тоқаев.
Жаңалықтар
0