Қоғам

Онлайн-кредит беру тәртібі өзгере ме?

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуЗнак процента в витрине, архивное фото
Знак процента в витрине, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.12.2021
Жазылу
Тұрғындардың жеке деректерін пайдалану арқылы онлайн кредитті заңсыз рәсімдеу оқиғалары азаймай отыр  
НҰР-СҰЛТАН, 29 желтоқсан – Sputnik. Мәжілістегі Nur Otan партиясының фракциясы интернет-алаяқтық мәселесін шешуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Статистикаға сәйкес, биыл интернет алаяқтық бойынша қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 17,8 мыңнан асып кетті. 25 мың адам барлығы 8,2 миллиард теңгеге алданды.
"Осыдан 7 ай бұрын онлайн кредит берумен байланысты алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткенін көтеріп, арнайы депутаттық сауал мен нақты іс-шаралар тізбегін ұсынған едік. Оның ішінде клиенттің биометриялық ерекшеліктерін сәйкестендіру процедураларын күшейтуді, нақты уақыт режимінде кескінді тексеру және растауды, екі сатылы аутентификацияны енгізуді агенттікке ұсындық", - деді депутат Елнұр Бейсенбаев мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, агенттік осы саладағы жұмысты әлі күнге дейін бір жолға қоймаған. Себебі азаматтардың жеке деректерін пайдалану арқылы онлайн кредитті заңсыз рәсімдеу оқиғалары азаймай отыр.
"Жуырда ғана елорда тұрғыны өзге адамдардың жеке құжаттарын пайдалану арқылы Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан қалаларының азаматтарына, олардың қатысуынсыз 10 миллион теңге онлайн-кредит рәсімдеген. Одан бөлек, алматылық жас жігіт Kcell телефон операторының тұтынушылары атынан 2 миллионнан астам теңгеге 5 смартфонды онлайн рәсімдеген. Бұл екі мысалдың сорақылығы, мүдделі азаматтың қатысуынсыз, яғни оның жеке деректерін пайдалану арқылы рәсімделіп отыр", - деп атап өтті депутат.
Осы орайда ол 2019 жылдан бастап SIM картаның ЖСН нөмірі арқылы тіркеуге алынатынын еске салды. Соған қарамастан, алаяқтар өзге нөмірді қолдану арқылы арам ойын оп-оңай іске асырып жатады.
"Жоғарыдағы көрсетілген нақты мысалдар жеке тұлғаны сәйкестендіру рәсімін реттеу жүйелері толық пысықталмағанын көрсетіп тұр.  Осы орайда жауапты мемлекеттік органдарға клиентті анықтауды күшейту бойынша онлайн кредит беру рәсімдеріне қосымша ұсыныстар енгізуді сұраймыз", - деді Бейсенбаев.
Депутаттық сауалда қосымша ұсыныстар көрсетілді. Олар:
  • онлайн кредитті рәсімдеу барысында жеке деректер мен телефон нөмірін оператор желісімен идентификация жасау;
  • тез арада барлық микроқаржылық ұйымның "Сәйкестендіру деректерін алмасу орталығының" ақпаратымен идентификация жасауды ұйымдастыру;
  • бас прокуратура мен тиісті құқық қорғау органдары тарапынан интернет-алаяқтықты жою бойынша жедел әрекет ету қадамдарын ұйымдастыру.
Оқи отырыңыз: "Тоғыз ай соттасуға мәжбүр": депутат онлайн кредит мәселесін көтерді 
Жаңалықтар
0