Қоғам

Кредиттің артық төлемі қысқартылуы мүмкін – агенттік депутаттарға жауап берді

© Sputnik / Владислав ВодневБанковские карты
Банковские карты - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.12.2021
Жазылу
Заң бойынша кредиттің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 проценттен аспауға тиіс. Алайда бұл шектеуге 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 145 800 теңгеден аспайтын қарыздар ілінбей қалды
НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова депутаттардың барлық микрокредит бойынша бірыңғай жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін реттеуге қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін "Ақ жол" фракциясы агенттік төрағасына депутаттық сауал жолдап, халықтың осал топтары жиі алатын кредиттердің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін реттеуді талап еткен. Депутат Дания Еспаеваның айтуынша, микроқаржы ұйымдары елді тонап жатыр. Себебі 145 мың теңгеге дейінгі кредиттердің тиімді мөлшерлемесі 2 мың проценттен асады.
Заң бойынша кредиттің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56 проценттен аспауға тиіс. Алайда бұл шектеуге 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 145 800 теңгеден аспайтын қарыздар ілінбей қалды. 2021 жылдың басында ондай кредиттердің көлемі 71,9 миллиард теңгеге дейін жеткен.
Депутаттық сауалға жауап берген қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова 50 АЕК-ке дейінгі кредиттерге шектеу таралмайтынын растады. Оның сөзіне қарағанда, шектеуді енгізген жағдайда микроқаржы ұйымдары ондай кредиттерді беруді тоқтатуы мүмкін.
"56 проценттік жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 50 АЕК-ке дейінгі микрокредиттерге қолданылуы лицензияланған микроқаржы ұйымдарының мұндай қарыздарды беруді тоқтатуына алып келуі мүмкін. Бұл ретте халық тарапынан қысқа мерзімді микрокредиттердің талап етілуі салдарынан микрокредит берудің көлеңкелі нарығының туындау тәуекелі бар", - дейді Әбілқасымова.
Осы орайда агенттік басшысы 50 АЕК-ке дейін кредит алған адамдардың борыш жүктемесін арттырмау үшін заңнамада жекелеген шектеулердің бар екенін еске салды. Мәселен, микроқаржылық қызмет туралы заңның 4-бабы 3-бөлігі 1-тармағына сәйкес, 50 АЕК-ке дейінгі микрокредит бойынша артық төлемнің шекті сомасы 100%-дан аспауға тиіс. Оған қоса, сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәндері белгіленген.
Әбілқасымова 145 мың теңгеге дейінгі кредиттер бойынша артық төлемнің шекті мөлшерін 2 есеге қысқартуға келісіп отырған да жеткізді.
"Халықтың борыш жүктемесін одан әрі шектеу мақсатында агенттік Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің "Ақ жол" ҚДП фракциясы депутаттарының 50 АЕК-ке дейінгі микрокредит бойынша артық төлемнің шекті мөлшерін 2 есеге - микрокредит сомасының 100%-інен 50%-іне дейін төмендету жөніндегі ұсыныстарын қолдайды", - деп жауап берді ол.
Жаңалықтар
0