Қоғам

Тәуелсіз Қазақстанға - 30 жыл

© Sputnik / Владислав ВодневГерб и флаг Казахстана
Герб и флаг Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.12.2021
Жазылу
Бүгін Қазақстанда ұлық мереке – Тәуелсіздік күні. Биыл айтулы мереке отызыншы рет тойланып отыр

Қазақстанның тәуелсіздік алғанына – 30 жыл

Қазақстан үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атқан еді. Дәл сол күні республика тәуелсіз ел ретіндегі өзінің жаңа тарихына қадам басты.
1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамындағы елдер өз алдына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да бар. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның Жоғарғы кеңесі "Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы" заң қабылдады. Қазақстан одақ құрамындағы елдер арасында мемлекеттік егемендігін ең соңғы болып жариялады.
"Меніңше, Тәуелсіздік күні тек ресми бекітілген мерекелік дата ғана болуға тиіс емес. Бұл күннің  анағұрлым маңызы үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болды. Бүгін әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен табысты күні есебінде мерекелей алады", - деген болатын Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде.
Елдің басты ұлттық мерекесіне орай қазақстандықтар осы жылы қатарынан төрт күн – 16, 17, 18 және 19-ы демалады.

Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін республика ядролық қарудан бас тартты, Семей ядролық полигоны 1991 жылдың 29 тамызында жабылды. Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан басқа бұрынғы КСРО елдерінің қатарында ТМД мақсаты мен қағидасы туралы декларацияға, содан кейін ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойды.
1994 жылдың 6 шілдесінде астананы Алматыдан Ақмолаға (қазіргі Нұр-сұлтан) көшіру туралы қаулы қабылданды. 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылдады.
Қазір Қазақстан – БҰҰ-ның толыққанды мүшесі, Еуроодақ, МАГАТЭ, ЮНЕСКО және басқа да аса ықпалды халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты белсенді түрде нығайтып отыр. Олардың қатарында ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ЭЫДҰ секілді беделді халықаралық ұйымдар бар.
Қазақстан он жылдық үзілістен кейін ЕҚЫҰ саммиті өткен Орталық Азия өңіріндегі алғашқы ел болды. Бұл ел мен ел президентінің беделін халықаралық аренада нығайта түсті.
Ал 2017 жылы Қазақстан ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізген ТМД-дағы алғашқы ел болды. Оған 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмеге төрт миллионға жуық адам келді, олардың жарты миллионы басқа елден келді.

Биыл Тәуелсіздік күні қалай мерекеленеді

Тәуелсіздік күніне орай президент жылдағы дәстүрмен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін ел азаматтарын мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Тоқаев Тәуелсіздік күні – ұлт мерейін өсіретін ұлық мейрам екенін атап өтті.
"Біз тарих тұрғысынан алғанда қысқа мерзім ішінде жаңа Қазақстанның негізін қаладық. Тұғыры берік, экономикасы қуатты, беделі биік мемлекетке айналдық. Мұның бәрі – ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының жемісі. Сонымен бірге бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі", - деді президент.
Ол кез келген халықтың табысқа жетуі азаматтарына байланысты екенін айтты. Адам капиталы мен мықты мемлекет – барлық қиындықты еңсере алады. Тәуелсіздік кезеңінде халқымыз елдіктің бірегей үлгісін көрсетті. Шын мәнінде, біздің бүгінгі жетістігіміз – барша халқымыздың ортақ жеңісі, деп жалғастырды сөзін мемлекет басшысы.
"Жаңа Қазақстанды өркендетуге азаматтарымыздың көбі сүбелі үлес қосты. Бүгінгі мерейлі сәтте еліміздің барша азаматына табанды еңбегі үшін зор алғыс айтамын", - деді Тоқаев.
Сондай-ақ, 16-17 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы "Астана" циркінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік бағдарлама қойылады. Елордада 17 желтоқсанда "Жастар" сарайында "Менің Отаным – Қазақстан!" концерті және жас көрермендердің музыкалық театрында "Шанель №5" спектаклінің премьерасы жоспарланған.
Алматыда 16 желтоқсанда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік отшашу болады. Отшашу "Астана" алаңында (ҚБТУ ғимаратына қарама-қарсы) сағат 21.00-де басталады. 16 желтоқсанда "Тұран" университеті флешмоб ұйымдастырады, ал Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында "Абылай хан" операсының премьерасы көрсетіледі. Тәуелсіздік күні ҚР Ұлттық кітапханасында "Тұғыры биік Тәуелсіздік" іс-шарасы өтеді.
Таразда Тәуелсіздік күні танымал өнерпаздар арасында "Өнер барысы" өтеді. Актер мен әнші, әзілкештер боз кілемде бақ сынасады. "Өнер барысы" жобасы 16 желтоқсанда сағат 13.00-де "Хабар" телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Жаңалықтар
0