Қоғам

Депутат Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай кредит амнистиясын жариялауды ұсынды

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуЗнак процента в витрине, архивное фото
Знак процента в витрине, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.12.2021
Жазылу
Мәжілістің бір топ депутаты халықтың банктер алдындағы берешегінің күн санап көбейіп жатқанына алаңдады
НҰР-СҰЛТАН, 8 желтоқсан – Sputnik. Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының депутаттары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты қаржылық қиындыққа тап болған қазақстандықтарға рақымшылық жасауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің бір топ депутаты халықтың банктер алдындағы берешегінің күн санап көбейіп жатқанына алаңдады.
Депутат Азамат Әбілдаевтың айтуынша, қазір халықтың 27%-і – банк алдында борышкер. Ел тұрғындарының ипотекалық несие бойынша берешегі 2,716 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде тұтынушылық мақсаттарға алынған несие – 5,19 триллион теңге болса, мерзімі өткен берешек 199 миллиард теңгені құрап отыр.
"Елімізде заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заң бұрыннан жұмыс істеп келеді. Бірақ жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жоқ. "Ақ жол" партиясы депутаттарының жарғақ құлағы жастыққа тимей бұған дейін де "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасы керек деп жүргеніне он шақты жыл болды. Бұл бастаманы сол кезде қаржы министрлігі іліп әкеткенімен, осы күнге дейін үнсіз қалып отыр. Үкіметтен де қолдау таппай отырмыз. Ал халық қарызға белшесінен батып барады", - деп қапаланды Әбілдаев премьер министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.
Айтуынша, тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосамыз деп, жалғыз пәтерін кепілдікке қойып, несие алып, өз ісін бастаған азаматтардың 90 проценті бүгінде кредитті қайтара алмай, банкрот болды. Өйткені 28 жылда ұлттық валютамыз 95 есе өз құнын жоғалтыпты. Банктердің тілімен айтқанда, 9 500 пайызға құнсызданды. Бұған қандай кәсіпкер төтеп бере алады!?, - дейді мәжілісмен.
Әбілдаев банктер мен микрокредиттік ұйымдар халыққа несие беріп, көмек қолын созады да, ал ақшаны қайтару кезінде түсіністікпен қарамайды.
"Қазіргі таңда банктер мен микрокредиттік ұйымдар жанашырлық, қамқорлық білдіретін құндылықтарымыздан жұрдай, қарақшыдан да сорақы болып барады. Қарақшының өзі соңғысын тартып алмаған. Ал олар әлеуметтік көмек пен зейнетақыға да қол сұғып отыр. Сонда ол азамат қалай өмір сүрмек? Оған тек шарасыздықтан өз-өзіне қол жұмсау ғана қалады. Бұл – ащы болса да шындық", - деді мәжілісмен.
Сондықтан Әбілдаевтың пікірінше, борышкерді қыспаққа алып, жалғыз баспанасынан, әлеуметтік көмектерден айырмай мәселені шешудің басқа жолдарын табу қажет.
Бұл ретте депутат кеше ғана Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай сотталғандарға рақымшылық жасау туралы заң қабылданғанын еске салды.
"Ал енді қылмыс жасап сотталғандарға рақымшылық жасап отырған мемлекетке аяқ астынан еңбекке жарамсыз болып қалуынан, қандай да бір оқыс оқиғаға ұшырау салдарынан қаржылық қиындыққа тап болып отырған азаматтарымызға неге қамқорлық жасамасқа!? Олар да біздің қоғамымыздың бір бөлшегі емес пе? Неге оларға да рақымшылық жасамаймыз!?", - дейді ол.
Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты кредиттік рақымшылық жасауды, сонымен қатар "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң қабылдауды ұсынды.
Сондай-ақ олар үкіметтен коллекторлық компанияларды, яғни "заңдастырылған рэкеттік компанияларды" тізгіндеуді сұрады.
Жаңалықтар
0