Қоғам

"Сендер бізден озып кеттіңдер": Тоқаев "Тәуелсіздік ұрпақтарына" грант табыстады

© Sputnik / Абзал КалиевПрезидент Казахстана Касым-Жомарт Токаев на церемонии закрытия Года молодежи
Президент Казахстана Касым-Жомарт Токаев на церемонии закрытия Года молодежи - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.12.2021
Жазылу
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған 30 грант ғылым, мәдениет, бизнес, ақпараттық технологиялар және медиа бойынша берілді
НҰР-СҰЛТАН, 8 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранттарын табыстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған 30 грант ғылым, мәдениет, бизнес, ақпараттық технологиялар және медиа бойынша берілді. Ал конкурсқа 14-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Президент әрбіреуіне 3 миллион теңгенің грантын табыстады.
"Мен барлығыңды осы марапатпен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер, шынымен де, нағыз дарынды адамсыздар. Меніңше, білім, темперамент, жаңа білім мен құзіреттерді алуға деген құлшынысы жағынан сіздер бізден озып кеттіңдер. Оны мойындау керек. Алдарыңызда үлкен жол жатыр. Біздің міндетіміз – сіздерге сол жолды ашып беру. Солай жасайтын боламыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Баршаңызды құттықтаймын! Суретке түссек, жақсы болар еді", - деді Тоқаев.
Президент өз сөзінде қазақтың "Талаптыға жол бер" деген сөзін де еске салды. Оның айтуынша, мемлекет жастардың талабын ұштауға барынша жағдай жасайтын болады. Ал жастар қазіргі ауқымды жұмыстар мен реформалардың игілігін көреді.
"Жақында Елбасы жастарға терең мағыналы үндеуін жолдады. Өскелең ұрпақ аға буынның үмітін ақтайтыны сөзсіз. Сол үшін әрбір жас бойына тек жақсы қасиеттерді сіңіруі керек. Әрдайым білімге құштар, еңбекқор болуы қажет. Жасампаз, отаншыл әрі ұлтжанды жастар ғана елімізді өркендете алады. Мен сіздерді болашақта кәсіби маман, өз ісінің нағыз майталманы болады деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін", - деп атап көрсетті президент.
Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдары ішінде азаматтардың жаңа буыны, оның үстіне лайықты буыны өсіп шыққанын да ерекше атап өтті. Ал жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып саналады. 90-шы жылдардың алғашқы жартысында жүйелі дағдарыс болса, "Болашақ" бағдарламасы қолға алынды.
"Осы бағдарламаның арқасында еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған жас әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алды және оқып жатыр. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде Қазақстанның дамуына өз үлесін қосып келеді. Жастарды қолдау үшін тұрғын үй бағдарламалары және арнаулы жобалар жүзеге асырылуда", - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.
Ол мәдениет, ғылым мен білім саласында табысқа жеткен жастарға мемлекеттік сыйлық берілетінін еске салды.
Жаңалықтар
0