14:49 06 Желтоқсан 2021
Тікелей эфир
  • USD436.29
  • EUR492.83
  • RUB5.92
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
Жәрдемақы қалай төленеді (68)
8783 0 0

Салалық министрлік халықты қорғау жолындағы өз миссиясының түсінігін әлдеқашан жоғалтқан республикалық ұйымға айналды. Оның атауын "бюджетті халықтан қорғау министрлігі" деп өзгерту қажет, деді депутат

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы жәрдемақы мен зейнетақы мөлшерін көтеруді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Ерлан Смайыловтың айтуынша, келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы қазіргі 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге, яғни, 41 процентке өседі. Ал зейнетақы мен жәрдемақы 5 процентке ғана көтеріледі.

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдардың, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты үйде отырған аналардың, көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын, сонымен қатар ең төменгі зейнетақыны ұлғайту мәселесін қарастырып жатқан жоқ. 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасында министрлік әлеуметтік жәрдемақының барлық түрін 2022 жылдың 1 қаңтардан бастап 5 процентке арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ бұл көлем инфляцияның статистикалық өсімі түгілі, азық-түлік пен киімнің, түрлі қызметтер мен тариф бағасының шығынын жаппайды", - деді Смайылов мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда депутат жәрдемақылардың көлемі де атап өтті. Мәселен, мүгедектік бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері I топ үшін 69 155 теңге, II топ үшін 55 108 теңге, III топ үшін 37 459 теңге құрайды. Бала бір жасқа толғанға дейін күтіміне ай сайын бірінші балаға – 17 643 теңге, екінші балаға – 20 860 теңге, үшінші балаға – 24 045 теңге, төртінші және одан көп балаға – 27 261 теңге төленеді.

"Жәрдемақы мен зейнетақының мөлшері ел азаматтарының нақты қажеттілігіне сай келмейтінін және олардың сапалы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайтынын көрсетіп отыр. Бұл ретте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтардың мүддесіне сай келмейтін ұстанымда отырғаны алаңдатады", - деп атап көрсетті Смайылов.

Оның айтуынша, халықты қорғап, үкімет пен ұлттық экономика және қаржы министрліктері алдында мәселені көтерудің орнына министрлік бюджет қаражатының тапшылығына сілтейді. 

"Салалық министрлік халықты қорғау жолындағы өз миссиясының идеологиясы мен түсінігін әлдеқашан жоғалтқан республикалық ұйымға айналды. Оның атауын "бюджетті халықтан қорғау министрлігі" деп өзгерту қажет", - деді депутат.

Ал есеп комитеті жыл сайын жүздеген миллиард бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғанын анықтап жатады.

Мысалы, 2020 жылы мұндай қаржының көлемі 570 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау кезінде миллиардтаған, тіпті триллиондаған қаражат талан-таражға салынады.

Фракция депутаттары әлеуметтік төлемге басымдық беруден адам капиталына инвестиция салу тұжырымдамасына көшу қажеттігін ерекше атап өтті.

Тақырып:
Жәрдемақы қалай төленеді (68)

Тақырып бойынша

Жаңа жылдан бастап 6,7 млн қазақстандықтың табысы өседі
Зейнетақы қоры қызмет көрсетуге қатысты хабарландыру жасады
Қазақстанда жаңа жәрдемақы енгізілді – ол кімге төленеді
Қазақстанда орташа зейнетақы қанша екені белгілі болды
2 трлн шешіп алған: қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын қайда жұмсады
Кілт сөздер:
парламент, жәрдемақы, зейнетақы
Загрузка...

Басты тақырып