Қоғам

Жаңа жылдан бастап 6,7 млн қазақстандықтың табысы өседі

© Sputnik / Абзал Калиев Портмоне с деньгами
 Портмоне с деньгами - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.11.2021
Жазылу
Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияға байланысты жыл сайын көтеріліп тұрады

НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері артады. Соның нәтижесінде бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы алатын 5,1 миллион адам кірісі өседі. Ал ең төменгі жалақының ұлғаюы жұмыс істейтін 1,6 миллион адамның табысын арттырады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияға қарай, жыл сайын көтеріліп тұрады. Үкіметтің негізгі мақсаты – халықтың өмір сүру деңгейін төмендетпеу. Мәселен, 2020 жылы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері екі рет көтеріліп, жалпы 10 процентке артқан. Биыл 5 процентке индексацияланды.

Осылайша, ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңгені құраса, бір айлық есептік көрсеткіш 2 917 теңге көлемінде бекітілді.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы өлшемдер тағы 5 процентке индексацияланады. Соның нәтижесінде ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 018 теңге, ал айлық есептік көрсеткіш 3 063 теңге болады.

Келесі жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік міндеттемелерді орындауға 4 триллион теңге бөлінеді.

Соның ішінде зейнетақы мен барлық әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін индексациялауға 190,4 миллиард теңге қарастырылған. Соның нәтижесінде 4,2 миллион адамның табысын артады. Олар:

  • 2,3 миллионға жуық зейнеткер, олардың ынтымақты зейнетақы мөлшері 7 процентке және базалық зейнетақы төлемі 5 процентке көбейеді;
  • 1,9 миллион адамның әлеуметтік жәрдемақы 5 процентке көтеріледі;
  • атаулы әлеуметтік көмек алатын 900 мыңнан астам адамның кіріс өседі.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысының келесі жылдан ең төмен жалақыны 42,5 мың теңгеден 60 мыңға дейін көтеруді тапсырған.

"Ал Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбекақыны ең төмен жалақыдан кем емес деңгейде төлеуге міндетті. Бұл шараның арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,6 миллион адамның ақшалай табысы өседі", - делінген ресми хабарламада.

Бірінші кезекте жалақысы төмен қызметкерлердің айлығы артады. Одан кейін жұмыс берушілер жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төмен жалақы көрсеткішіне сай қызметкерлердің басқа да санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.

Министрлік келесі жылы педагогтардың жалақысын арттыру шаралары жалғасатынын да ерекше атап өтті.

Осылайша, 2023 жылға қарай мұғалімдердің табысы екі есеге артады. Медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 4 жылда екі есеге өседі.

"2022 жылдан бастап мұрағатшылар, кітапханашылар, мұражайтанушылар, орманшылар, техникалық қызметкерлер және тағы басқа мамандардың, шамамен 588 мың адамың айлығы да көтеріле бастайды. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүріп жатыр", - деп атап көрсетті министрлік мамандары.

Жалпы 1,2 миллионға жуық азаматтық қызметшінің жалақысы жоғарылайды.

Жаңалықтар
0