Қоғам

Радикалдардың қолынан қаза тапты – ҰҚК барлаушысы туралы ақпарат жарияланды

© AFP 2024 / KARIM SAHIBБоевик с оружием, архивное фото
Боевик с оружием, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.11.2021
Жазылу
Барлау қызметінің тәжірибелі мамандары "Айсберг" операциясының жоспарын дайындап шықты. Негізгі мақсат – лаңкестік әрекеттердің алдын алу

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті барлаушы Сапарғали Әубәкіров туралы материалдар жариялады. "Барлау" қызметінің үздік маманы 2005 жылы "Шығыс Түркістан ислам партиясы" ұйымының жоспарын бұзып, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде бірқатар лаңкестік әрекеттердің алдын алуға көмектесті. Бірақ өзі радикалдардың қолынан қаза тапты.

"Айсберг" операциясы қалай басталды

90-жылдардың басында ұлттық қауіпсіздік комитеті Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында жиһадшылардың әскери лагерь ашқанын білді. Радикалдардың арасында Орталық Азиядан шыққан адамдар, Қазақстан азаматтары да аз болған жоқ. Күндердің күнінде олардың лаңкестік әрекетке баратыны белгілі. Бірақ сыртқы барлау қызметінде толыққанды ақпарат болмады.

"Барлау" қызметі радикалды идеяға берілген кейбір қазақстандықтар туралы мәліметті тапты. Бірақ басқаларды анықтауға мүмкіндік болмады. Олардың нақты қай жерде шоғырланғаны туралы ақпарат та тапшы еді. Содан күшейіп бара жатқан қауіп-қатердің алдын алуға шешім қабылданды.

Барлау қызметінің тәжірибелі мамандары "Айсберг" операциясының жоспарын дайындап шықты. Негізгі мақсат – лаңкестік әрекеттердің алдын алу. Ол үшін арнайы дайындықтан өткен агенттер радикалдардың арасына еніп, барлық ақпаратты жеткізіп отыруға тиіс, қажет болған жағдайда лаңкестік жоспарларды бұзып жүруге міндетті.

Әубәкіровке сенім артылды

Бастапқыда қазақстандық барлаушылар шетелдегі агентуралық жүйе арқылы әскери лагерьлердің орналасқан жері, құрылымы және дайындық әдістері туралы құнды ақпаратты орталыққа беріп тұрған. Артынан көрші мемлекеттер арқылы террористер тұрағына тыңшыларды жіберу жұмыстары қолға алынды. Осылайша, "Айсберг" операциясының белсенді фазасы басталған болатын. Ал тыңшылардың жұмысын ұйымдастыру үшін радикалдардың ортасына бір барлаушыны енгізу қажеттілігі туындады. Осы миссия тәжірибелі жедел қызметкер Сапарғали Ұқтайұлы Әубәкіровке тапсырылды.

"Ол террористер арасына кіріп, агентуралық-барлаушылық жұмысты ойдағыдай жүргізді. Теологиялық білімі бар және жиһад идеясымен уланған Қазақстан азаматтары туралы маңызды мәліметтерді жинау операциясын сәтті өткізді", - делінген ҰҚК материалдарында.

Сапарғали Әубәкіров Орталық Азиядан шыққан жиһадшылардың сеніміне кіре білді. Сөйтсе, олар Қазақстанның ірі қалаларында лаңкестік әрекеттерді ұйымдастыруды жоспарлап жүрген. Әубәкіров соның бәрін орталыққа дер кезінде жеткізіп, радикалдардың көптеген акциясына кедергі жасады.

Ал 2005 жылы қаңтар айында подполковник Әубәкіров жиһадшылардың қолынан қаза тапты.

Офицерді өлтіргендер жазасын алды

Радикалдар Әубәкіровтың барлаушы екенін қалай білгені туралы ақпарат жоқ. Бұл мәлімет әлі күнге дейін құпияда сақталып отыр. Алайда ұлттық қауіпсіздік қызметі оны жасаған адамдардын жазасын беруге шешім қабылдады.

Сол жылы сыртқы барлау қызметінің басшылары мен жедел құрамы шұғыл дабылмен көтерілді. Арнайы жиналыста қайғылы жағдай жан-жақты талқыланды. Сапарғали Әубәкіровтің денесі арнайы бортпен Отанына жеткізіліп, офицерлік сый-құрметпен жерленді. Зират басында әріптестері қатты қайғырып, өлтірген адамды тауып кек қайтаруға ант берді.

Содан жас барлаушылар мен тәжірибелі жедел қызметкерлерден тұратын арнайы топ құрылды. Олардың қатысуымен "Нысан" атты операция басталды. Соның аясында мамандар Сапарғали Әубәкіровтың өліміне қатысы бар адамдарды іздеуге кірісті. Офицердің соңғы күндері мұқият зерделеніп, барлық байланысына талдау жасалды. Осы ақпарат негізінде оның өліміне қатысы адамдар табылды. Барлығы өз жазасын алды.

Қаһарманның өмірбаяны

Сапарғали Ұқтайұлы Әубәкіров 1959 жылы 22 қаңтарда Павлодар облысы Ермаков ауданындағы Куйбышев атындағы кеңшарда дүниеге келген.

Павлодар қаласындағы №8 мектепте білім алды. Одан кейін әскери борышын теңіз флотында атқарды. Ал әскерден келген соң, Павлодар трактор зауытына барды. Сол жерде оны ҚСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мамандары байқап қалды. Сөйтіп, ол Дзержинский атындағы Жоғары мектебіне жіберілді.
Жоғары мектепте оқып жүргенде болашақ жары Тоғжанмен танысып. Соңғы курста оған сөз салып, шаңырақ көтерді.

"Сапарғалидің ақылдылығы, мейірімділігі және адалдығы мені таңғалдыратын, себебі осы қасиеттердің бір адамда болуы өте сирек кездеседі. Сондықтан Сапарғалимен кездескенім үшін тағдырыма ризамын. Сүйген адамнан айырылу оңай емес, жанымның жарасы жазылған жоқ. Бірақ бұл өмірде әрбір адам бір іс үшін жаралғанын түсінесің. Сапарғали да өз жолын таңдай отырып, бар күш-қуатын Отанына, туған жеріне, ең жақын адамдарына, туған жеріне қызмет етуге, борышын өтеуге арнады…", - деп жазды қаһарманның жан жары Тоғжан.

Сапарғали Ұқтайұлы Әубәкіров қайтыс болғаннан кейін президент жарлығымен батылдығы және көрсеткен ерлігі үшін "Даңқ" орденімен, сондай-ақ, "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті қызметкері" төсбелгісімен наградталды.

Жаңалықтар
0