Қоғам

Гарвард деканы қайтыс болған Ақназар Қажымұрат туралы айтты

Акназар Кажымурат - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.11.2021
Жазылу
Ол жүздеген студентке үлгі болып, аянбай еңбек етудің арқасында үлкен нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсеткен

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша — Sputnik. Гарвард деканы Ракеш Хурана Алматыда қайтыс болған студент  Ақназар Қажымұрат туралы айтты.

"Ақназардың математикаға деген табиғи таланты бар еді. Ол кампуста өзге студенттерді математикаға үйрететін. Басқаларға көмектескенді ұнататын. Өзгелерге үй жұмысын түсіндіріп, қолұшын созуға дайын тұратын жан еді", - деп жазды Хурана.

Декан Ақназар колледждің сыйлы, сүйікті студенті болғанын атап өтті.

Ол жүздеген студентке үлгі болып, аянбай еңбек етудің арқасында үлкен нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсеткен.

Декан бірінші курс аяқталған соң 2020 жылдың көктемінен бастап Қажымұрат оқу бойынша демалыста болғанын жеткізді.

"Мұндай суыт хабар баршамызға ауыр тиді. Ақназардың өлімі жайлы естігендегі қайғыға толы күйімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес", - деді ол.

Гарвардтағы Орталық Азия елдері студенттерінің қауымдастығы Қажымұраттың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты, деп жазады Гарвардтың Thecrimson.com газеті.

Ақназар Қажымұрат 3 қарашада із-түзсіз жоғалды. Сол күні кешкі уақытта әжесімен телефон арқылы сөйлескен. 5 қарашада криминалдық полиция қызметкерлері жас жігіттің денесін Бостандық ауданынан тапты. Денесінде зорлық-зомбылық іздері жоқ. Қазіргі кезде Ақназардың өліміне себеп болған жайттар анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Айта кетері, 2018 жылы Ақназар Қажымұраттың есімі әлемнің жас дарындары арасында кеңінен танылды. Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі ACT және SAT Subject Tests халықаралық емтихандарынан сүрінбей өтіп, ең жоғары ұпай жинады. Соның арқасында Американың кез келген үздік жоғары оқу орнын таңдауға мүмкіндік алған. Ол Гарвард университетінің грантын алды.

Жаңалықтар
0