Қоғам

Қазақстанда ревакцинация 22 қарашада басталады

© Sputnik / Абзал КалиевПодарок за вакцинацию
Подарок за вакцинацию - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.11.2021
Жазылу
Бірінші кезеңде жыл соңына дейін медицина қызметкерлері, педагогтар, медицина қызметкерлері, күштік құрылым қызметкерлері вакцина салдырады

АЛМАТЫ, 10 қараша – Sputnik. Қазақстанда коронавирусқа қарсы ревакцинация 22 қарашада басталады. Бұл туралы үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Ревакцинация 22 қарашада басталады, ол екі кезеңнен тұрады. Елде алдымен тәуекел тобындағы адамдар вакцина салдырғанын ескерсек, бірінші кезеңде жыл соңына дейін медицина қызметкерлері, педагогтар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, балалар тәрбиеленетін жабық мекемелердің қызметкерлері, күштік құрылым қызметкерлері вакцина салдырады. Олардың бірінші вакцинаны қашан салдырғаны ескеріледі", - деді Цой.

Сондай-ақ 60 жастан асқан адамдар, өз бетінше зерттеуден өткен және коронавирусқа қарсы антиденелердің жоқ екенін көрсеткен адамдар ревакциналаудан өте алады.

Оқи отырыңыз: Алматыда миллион адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

"Қазақстандықтар сәуірде жаппай вакцина салдыра бастады. Соған байланысты қалған азаматтар 2022 жылдың қаңтарынан бастап (вакцинаның толық курсын алғаннан кейін 6-9 ай өткен соң) ревакцинация жасата алады", - деді министр.

Үкімет басшысы Асқар Мамин ревакцинацияның басталуына қатысты медицина ұйымдары мен медицина қызметкерлерін дайындауды тапсырды.

"Эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып тұр. Инфекциялық ауруханалардағы орындардың жүктемесі 30%, ал реанимациялық орындардың жүктемесі 26%-ті құрап отыр. Бұл аурудың Еуропаның бірқатар елінде және де шекаралас елдерде өскенін ескерсек, санитарлық талап шаралары жаппай сақталуға тиіс. Барлық өңірде әкімдіктер санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын мониторинг топтарының жұмысы мен тиімділігін күшейтсін", - деді үкімет басшысы Асқар Мамин.

Ол сондай-ақ санитарлық режимді бұзғандарға қатаң шара қолдануды тапсырды.

"Қазір 8,5 миллионға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін, 7,7 миллион адам екінші компонентін салдырды. 22 қарашадан бастап ревакцинация басталады. Осыған байланысты егу пункттерінің, медицина ұйымдары мен медицина жұмыскерлерінің әзірлігін қамтамасыз ету қажет", - деді Мамин.

Жаңалықтар
0