Қоғам

Депутат бір реттік шылымды сатылымнан алып тастауды сұрады

© Sputnik / Владислав ВодневМади Ахметов
Мади Ахметов  - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.11.2021
Жазылу
Дүкен сөрелерінде құрамында никотині темекіден 2,5 есе жоғары бір реттік вейптер толып тұр, деді Мәди Ахметов

НҰР-СҰЛТАН, 3 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов бір реттік вейптерді дүкен сөрелерінен алып тастап, сатуға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Еліміз пандемиямен арпалысып жүргенде, жасөспірімдер арасында бір реттік вейп "эпидемиясы" белең алып барады. Бүгінде оң-солын танымаған жас ұрпақтың санасын көк түтінмен улаған бір реттік электронды шылымның дәурені жүріп тұр", - деді ол вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депуттатық сауалында.

Айтуынша, қазір дүкен сөрелерінде арнайы сұйықтықты толтыруды, қайта қуаттандыруды қажет етпейтін құрамында никотині темекіден 2,5 есе жоғары бір реттік вейптер толып тұр.

"Құны 2 мың теңгеден басталатын арзан "у" кәмелетке толмаған жеткіншіктерге емін-еркін сатылуда. Дүкен былай тұрсын, әлеуметтік желіні ашсаңыз, никотинді тауарды тәулік бойы үйіңізге тегін жеткізіп беретін пабликтерде, анонимді телеграм каналдарда жүздеген жарнама самсып тұр. Тапсырыс берушінің жасын сұрап, бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Осының салдарынан оқу жылының басынан оқушылар арасында түтіні будақтаған зиянды шылымға сұраныс еселеп артқан. Тіпті кейбір мектептерде жоғарғы сынып оқушылары бастауыш сыныптарға бір реттік темекінің құнына ақша қосып сатып, әуестендіріп жүр", - деді мәжілісмен.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Орталық Азиядағы "ең ішкіш ел" атанды: Депутат Мыңбай дабыл қақты 

Осы орайда Ахметов ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының 2019 жылы жүргізген зерттеуін мысалға келтірді. Оған сүйенсек, 11 жастан 15 жасқа дейінгі электронды темекі шегетін жасөспірімдер саны 3 есе, ал қыздар арасында 2 есе өскен. 3,9%-пен Алматының жасөспірімдері көш бастап тұр.

"Әлемнің 35 елі тыйым салған, 65 мемлекет арнайы шара қабылдаған электронды және бір реттік темекілер бізге Қытайдан ешқандай сертификатсыз, шектеусіз мөлшерде ағылып келіп жатыр. Бір қарыс құралдың құрамы әлі күнге дейін анықталмаған, нақты зерттеу жоқ, никотин дозасын да ешкім бақыламайды. Мамандардың айтуынша, бұл өнімдердің құрамындағы химиялық заттар, ауыр металдар мен никотин жасөспірімдердің ағзасын біртіндеп улап, өкпені қабындырып, кейін бауыр, бүйрек пек асқазанды зақымдайды. Сондай-ақ ағзасы толық жетіліп болмаған балалардың  жүйке жүйесіне кері əсерін тигізеді", - деді депутат.

Осыған байланысты Мәди Ахметов нақты ұсыныстарын жеткізді.

Атап айтқанда, мәжілісмен бір реттік вейптерді шұғыл түрде зерттеп, құрамын бұқараға жария етіп, мәселенің мән-жайы анықталғанша, бір реттік шылымды сатылымнан алып тастауды сұрады.

Сондай-ақ мектеп маңындағы дүкендерге қоғамдық бақылау ұйымдастырып, заңды белшесінен басқандарға қатаң шара қолдану керек деп санайды ол.

Бұдан бөлек, депутат үкіметтен отандық нарыққа кеден арқылы заңға қайшы, бірде-бір техникалық регламетке сай келмейтін бір реттік вейптер қалай тонналап кіргізіліп жатқанын сұрады. Ахметов бұған кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды ұсынды.

Жаңалықтар
0