НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Facebook әлеуметтік желісіне иелік етуші Meta Platforms (FB.O) компаниясы Қазақстан үкіметінің әлеуметтік желі контенті туралы есеп жүйесіне эксклюзивті қолжетімділік алғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Еске сала кетейік, кеше Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Facebook Қазақстанға ішкі "Контент туралы хабарлау жүйесіне" ("Content Reporting System" (CRS) тікелей эксклюзивті қолжетімділік ұсынғанын хабарлады. Бұл министрлікке Facebook-тің ғаламдық контент саясатын бұзатын, сондай-ақ ұлттық заңнама талаптарына қайшы келетін контенттер туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді.
Ведомство Қазақстан "Орталық Азия мемлекеттері ішінде жүйеге кіруге рұқсат алған алғашқы ел" екенін және контент саясатына жауап беретін Facebook халықаралық командасымен байланыстың тікелей арнасына қосылғанын атап өтті.
Сонымен қатар министрдің мәлімдемесінде компания әлеуметтік желідегі киберқауіпсіздік мәлелері бойынша қазақстандық мамандарды үйрететіні туралы Facebook өңірлік директорының сөзі келтірілген.
Facebook не дейді
Сейсенбі күні БАҚ-та Facebook әлеуметтік желісіне иелік етуші компанияның осы мәселе бойынша пікірі жарияланып, онда қазақстандық министрдің мәлімдемесі ішінара жоққа шығарылған.
"Біріншіден, біз Қазақстан үкіметімен бірлескен мәлімдеме жасаған жоқпыз, оның орнына Қазақстан үкіметі талқылауларға негізделген өз мәлімдемесін жариялады. Біз оларға жергілікті заңнаманы бұзатын контентті шектеу жөніндегі үкіметтің сұрауларын жаһандық өңдеу процесі жайлы айтып бердік", - деді Meta Platforms компаниясының Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі саяси коммуникациялар жөніндегі директоры Бен МакКонаги (Ben McConaghy) Reuters агенттігіне жолдаған хатында.
Ол бұл процесс "Қазақстан үшін эксклюзивті емес" екенін айтып, мұндай жұмыстар басқа елдердің үкіметтерімен де жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Осыдан кейін Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстан мен Facebook-тің бірлескен мәлімдемесі Қытай, Моңғолия және Орталық Азия өңірі бойынша Meta кеңсесінің басшылығымен келісілгенін айтты.
"Бұқаралық ақпарат құралдарында Meta Platforms компаниясының Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі коммуникациялар жөніндегі директоры Бен МакКонагидің ақпаратты теріске шығарған мәлімдемесіне қатысты ақпарат және қоғамдық даму министрлігі келесіні хабарлайды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі келіссөзді Meta (Facebook) компаниясының Гонконгта орналасқан Қытай, Моңғолия және Орталық Азия өңірі бойынша кеңсесімен жүргізді.
1 қарашада жарияланған бірлескен мәлімдеме мәтіні мен оның БАҚ-тағы жарияланымы осы аталған өңірлік кеңсе басшылығымен толық келісілген", - деп жазды Балаева өз Facebook парақшасында.
Қазақстан Facebook-ке қандай талап қойды
Еске сала кетейік, қазір Қазақстан мәжілісі балалар құқығын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын қарастырып жатыр. Ол құжатта Қазақстанда өз өкілдігін ашудан бас тартқан шетелдік әлеуметтік желі мен мессенджер жұмысын шектеу бойынша норма қарастырылған.
Депутаттар Facebook, YouTube, Telegram және Twitter сынды ірі медиамагнаттарды заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, Қазақстанда өз өкілдігін ашуға міндеттейтін норманы ұсынды. Сонымен қатар мұндай филиал басшысы да қазақстандық азамат болуы керек.