НҰР-СҰЛТАН, 1 қараша – Sputnik. Қазақстанда әр сыныптан кейін оқушылардың мемлекеттік тілді білу деңгейін тексеру жоспарланып отыр. Бұл бастама білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына енгізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазіргі уақытта Қазақстанда, біріншіден, қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде қазақ тілін оқытудың жалпы жүйесі жеткіліксіз құрылған. Осыған байланысты мектептердің, колледждердің, жоғары оқу орындарының оқу бағдарламалары арасында тіл оқытуда сабақтастық байқалмайды. Ал бұл мемлекеттік тілді оқыту сапасына әсер етеді. Салдарынан мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының түлектері қазақ тілін тиісті деңгейде меңгермейді", - делінген құжатта.
Бұдан бөлек, тұжырымдамада тағы бір мәселеге баса назар аударылған. Бүгінде орта білім беру жүйесінде қазақ тілі мен әдебиеті біріктіріліп, бір пән ретінде оқытылады. Ондайда білім алушыларға бір пән бойынша тіл мен әдебиетті игеру қиынға соғады. Ал халықаралық тәжірибеде тіл міндетті түрде жеке пән ретінде оқытылады.
Құжатқа сәйкес, "әр сыныпты бітірген соң барлық білім алушының мемлекеттік тілді білуіне бақылау жүргізіледі".
Сондай-ақ жұмыс берушілердің атсалысуымен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау жөніндегі инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеу жұмыстары жалғасады.
Оқи отырыңыз: Елді мекендердің тарихи атауы тек қазақ тілінде жазылады – заң жобасы мақұлданды
Студенттерге арналған қазақ тіліндегі базалық және бейіндік пәндер бойынша заманауи оқу әдебиеттерін әзірлеу мен басып шығару жұмыстары жалғаса береді. Ол әдебиеттер ЖОО-ның кітапхана қорына тапсырылады және университеттердің электрондық ресурстарында орналастырылады. 2025 жылға дейін мемлекеттік тілде 80 оқулық басылады.