Қоғам

ҰҚК "Сафари" арнайы операциясы туралы ақпарат жариялады

© Sputnik / Табылды КадырбековУголовное дело
Уголовное дело - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.11.2021
Жазылу
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда халықаралық есірткі құрылымын жою туралы мұрағат деректерін бөлісті

АЛМАТЫ, 1 қараша – Sputnik. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ұлттық қауіпсіздік органдары үшін нигериялықтар қиындық тудырған.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, олар сол 90-жылдары жергілікті криминалитетпен белсенді байланыс орнатқан. Қаржылық мүмкіндіктері мол нигериялықтар Қазақстан аумағын есірткі тасымалы үшін жүйелі түрде пайдалануға ұмтылған.

"Есірткі бизнесіне қатысы бар Нигерия азаматы туралы алғашқы мәлімет 1994 жылы тіркелді. Нақтырақ айтқанда, мәскеулік бір фирмаға тиесілі, ішінде 1260 келі марихуанасы бар контейнердің Антверпен (Бельгия) қаласында ұсталғаны туралы ақпарат ресейлік Федералды қауіпсіздік қызметінен келіп түсті. ФҚҚ-дан келген мәлімет бойынша, жоғарыда аталған есірткі арнасы жойылғаннан кейін қылмыскерлер есірткіні Қазақстан арқылы тасымалдау жолын қарастыра бастаған", - делінген комитет таратқан ақпаратта.

Алайда қазақстандық жедел қызметкерлер нигериялық есірткі сатушылармен тек екі жылдан кейін ғана бетпе-бет келді. Олар ісін жүзеге асыра бастағандықтан, комитет басшылығы кеңес өткізіп, тәжірибелі жедел қызметкерлерден жасақталған жедел топ құрады.

Шетелдіктерге қатысты үлкен көлемдегі ақпаратты зерттеп, есірткі қылмысына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен жоғары оқу орындарындағы шетелдік студенттерді тексеріп, ҰҚК қылмыстардың барлық тізбегін ашқан. 1996 жылдан 1998 жылға дейінгі аралықта Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның арнаулы қызметтерімен бірлесіп жүргізілген жұмыс нәтижесінде нигериялық есірткі саудагерлерінің жолын кесу бойынша бірқатар операция жүзеге асырылды.

Осындай операциялардың бірі "Сафари" деген атаумен 1996 жылы Алматы қаласында басталды. Сол кезде "бақуатты" өмір салтын ұстанып жүрген нигериялық студенттер ҚР ҰҚК назарына ілігеді. Олардың тек Қазақстандағы, Нигериядағы ғана емес, сонымен қатар Ресей, Пәкістан, Таиланд, Үндістан мен Бразилиядағы байланыстары да анықталды. Оларға қатысты материалдар, халықаралық заңсыз есірткі айналымына қатысы туралы мәліметтер жинақталды.

1997 жылдың шілдесінде Ұлыбританияның кеден қызметінен Бразилиядан Алматыға жалпы көлемі 2 келі кокаин бар екі бірдей пошта жөнелтілімі жіберілгені туралы ақпарат алынды. Екеуінде 2 келі кокаин болды.

Қазақстандық жедел қызметкерлер өздерінің болжамын ұсынды. Олар бұл жөнелтілім Алматыдағы тасымалдау бекеті арқылы Үндістан, Пәкістан және Бразилиядан Ресей Федерациясына есірткінің контрабандалық жолын ұйымдастырған нигериялық есірткі тобының жұмысы болуы мүмкін деді.

ҚР ҰҚК мен мемлекеттік тергеу комитетінің басшылары тарапынан аталған есірткіні "бақылап жеткізу" туралы шешім қабылданады. Алматы қаласында ҚР ҰҚК мен МТК бөлімшелерінің негізінде бірлескен жедел топ құрылады. Арнайы іс-шараны өткізу үшін Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінен бір топ маман техникасымен бірге іссапарға жіберілген. Бұл іске жалпы саны 50 шақты адам қатысты.

Алматыда жөнелтілімдерді қабылдап алып, әрі қарай Нигерия азаматтарына беретін қазақстандық екі азамат анықталды. Операция нәтижесінде 5 есірткі тасымалдаушыны ұстаудың сәті түсті. Пәкістан мен Бразилиядан Алматы қаласы арқылы Мәскеуге жеткізілуі жоспарланған 12 келі героин мен 2 келі кокаин алынды. Есірткі арнасының ұйымдастырушысы "У" деген Нигерия азаматы өзінің сыбайластарының ұсталып қалғанын сезіп, Қырғызстан аумағында бой тасалауға тырысты. Дегенмен, қылмыскер қырғызстандық әріптестердің көмегімен Бішкек қаласында ұсталып, қазақстандық құқық қорғау органдарына берілді.

Нигериялық басқа азаматтарды зерттеу барысында олардың ресейлік "К" деген азаматшамен байланысы бар екені туралы ақпарат РФ ФҚҚ-ға түсті. Героинды Мәскеу қаласына жеткізу мақсатымен аталған азаматтың 1997 жылдың 25-28 қазаны аралығында Алматы қаласына келетін ойы бар екені мәлім болды. Оны Шереметьево әуежайынан Алматыға дейін ФҚҚ қызметкерлері жасырын түрде бақылады. Алматыға келген "К" "Қазақстан" қонақүйіне орналасты.

Оның байланысын анықтау мақсатында қонақүйдің маңайына тәулік бойы жұмыс істейтін бақылау орнатылды. Қонақүйге орналасқан қыз жақын маңдағы дүкенге барды, айналасындағылармен байланыс орнататындай қимылы байқалмады. "К" қысылып- қымтырылмай, емін-еркін жүрді. Оның ертеңіне Мәскеуге қайтатыны белгілі болғанда, есірткі тасымалдаушы өзінің бақылауда жүргенін сезіп қойды ма деген болжам пайда болды.

Тек түн ортасында "Қазақстан" қонақүйіне екі африкалық келіп, "К" тұратын нөмірге кірді. Келесі күні есірткі тасымалдаушы қыз Мәскеуге баратын пойызға отырды. Оның артынша вагонға қазақстандық қарсы барлаушылар да мінді. Жөл-жөнекей жолаушылардың құжатын тексеру сылтауымен қарсы барлаушылар қыздың жеке заттарын тексереді. Алғашқыда оның заттарының арасынан есірткі байқалмады. Қыздың жүріс-тұрысы да ешқандай сезік тудырмайды. Іс-шараның тағы да сәті түспейтіндей болып көрінді, тек соңғы сәтте ҰҚК қызметкерлерінің бірі багаждағы шашқа арналған лактың аэрозольды баллондарының неге сынық екенін тексере бастағанда "К"-ның жүріс-тұрысы өзгерді. Баллондар ашылып, оның ішінен бұлтартпас айғақтар табылғанда ғана қыз өзінің қылмысын мойындай бастады.

Олжаның табылғаны туралы комитет басшылығына хабарланды, осыдан кейін барып "Сафари" операциясының белсенді фазасына көшуге, яғни есірткі тобының басқа қатысушыларын ұстауға бұйрық берілді.

1997 жылдың 29 қазанында өткізілген іс-шара нәтижесінде Нигерияның үш азаматы, Мали Республикасының бір азаматы және Ресейдің бір азаматы ұсталды. Заңсыз айналымнан жалпы құны 11 миллион теңгеден асатын 3 келі героин алынды.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында ұсталған үш африкалықтың төлқұжаты жалған болып шықты. Аталған есірткі саудагерлері Қазақстанға ірі көлемде героин мен кокаинды жеткізіп тұрғаны, одан ары қарай Ресейге және басқа елдерге бірнеше мәрте есірткі тасымалдаушыларды жөнелткені анықталды.

"Сафари" операциясы кезінде жинақталған тәжірибе қазақстандық чекистерге трансұлттық есірткі құрылымдарын анықтауда және жолын кесуде тиімді шаралар қолдануға, халықаралық есірткі арналарын жою бойынша бірлескен жедел іс-шаралар өткізу аясында шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнатуда пайдасын тигізді.

Жаңалықтар
0