Қоғам

Қазақстандық ғалымдар жараны емдейтін бірнеше инновациялық құрал әзірледі

© Sputnik / Болат ШайхиновЛаборатория Назарбаев университета
Лаборатория Назарбаев университета - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.10.2021
Жазылу
Бұл құралдардың арқасында терең жаралар мен күйіктерді емдеу процесін барынша тездетуге болады

НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан — Sputnik. Қазақстандық ғалымдар терең жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған бірнеше инновациялық құрал әзірледі. Солардың бірі – X-Graft биологиялық жабыны. Бұл туралы білім және ғылым министрлігі хабарлады.

Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры ғалымдар әзірлеген X-Graft жабыны заманауи инженерлік технологиялар көмегімен коллаген және эластин талшықтарынан жасалғанын айтты. Таңу материалы терең және ұзақ уақыт емделмейтін жараларға арналған, сонымен қатар трофикалық жараларды уақытша таңу үшін қолданылады. 

"Жабын қолданыста ыңғайлы, дәке таңғыш сынды жара бетіне жабысып қалмайды. Емдік қасиеті бойынша  шетелдік баламаларынан кем түспейді, беріктігі жоғары, икемді әрі абсорбцияға ие", – деді Ерлан Раманқұлов.

Құрал клиникалық зерттеулерден өткен, көп ұзамай елде тіркеледі деп жоспарланып отыр. Зерттеу нәтижелері биологиялық материалды қолдану жараны емдеу процесін едәуір тездететінін көрсетті. Сонымен қатар науқастардың ауруханада емделу кезеңін қысқартады.

Сондай-ақ Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары терең жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған "Фиброспрей" жасушалық препаратын ойлап тапты. Аэрозоль адамның тері жасушаларының (фибробласттар) суспензиясынан тұрады және жараның сауығу процесін екі есе жылдамдатады. Клиникалық тәжірибеде бұл препарат тері трансплантациясын тездету үшін қолданылады.

Бұған қоса, ғалымдар бағаналы жасушаларды қолдану арқылы күрделі сынықтар мен зақымдалған тізе буындарын қалпына келтіру технологиясын жасады. Клиникаға дейінгі сынақ нәтижелері бойынша биокомпозитті жасушалық гидрогель жоғары тиімділігін көрсетті. Гидрогельдің құрамындағы бағаналы жасушалар сүйек немесе шеміршек тіндерінің қалпына келу процесін тездетеді. Арнайы технологияның арқасында препарат операциядан кейін үш-алты ай ішінде зақымдалған сүйек пен шеміршек тінін қалпына келтіреді.

Жаңалықтар
0