02:39 30 Қараша 2021
Тікелей эфир
  • USD433.74
  • EUR489.52
  • RUB5.78
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
3057 0 0

Сенаторлар дамыған елдердің тәжірибесін қарастыруды ұсынды. Ол жақта жоғары оқу орындарында әлеуметтік осал топтар үшін оқу құны бөлек есептеледі

НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан –  Sputnik. Сенат депутаттары білім гранттарын тағайындау мен шәкіртақы төлеу тәртібін өзгертуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, пандемия, экономикалық дағдарыс пен инфляция халықтың жағдайын қиындатып жіберді. Әсіресе ауыл тұрғындарына оңай болған жоқ. Себебі табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың басым бөлігі ауылды жерде тұрады.

"Аграрлық университетті басқарған адам ретінде ауыл балаларының табиғатынан дарынды болатынын, олардың үлкен еңбекқорлық мен патриотизм сезімімен ерекшеленіп тұратынын айта аламын. Бірақ, өкінішке орай, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан көптеген дарынды бала жоғары білімнен тыс қалып отыр", - деді Күрішбаев сенаттың жалпы отырысында.

Осы орайда сенатор бірнеше проблеманы көтерді. Ауылда педагог тапшылығы әлі де бар. Бір мұғалім физика, әдебиет және музыканы оқыта береді. Ауылдағы мектептің материалдық-техникалық базасы да мәз емес. Ал сауалнама кезінде ауыл балаларының біреуі де интернет жақсы істейді деп айтпаған. Соның салдарынан көбісі мемлекеттік грантқа өтпей жатады, ал ақылы бөлімге түсетін ақшасы жоқ.

"Парламент депутаттары білім және ғылым министрлігінің алдында ауыл мектептерінің түлектеріне аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30 проценттен, кем дегенде, 50 процентке дейін арттыру мәселесін көтеріп келеді. Бірақ бұл мәселе табанды түрде шешілмей отыр", - деп атап өтті Күрішбаев.

Сенаторлар дамыған елдердің тәжірибесін қарастыруды ұсынды. Ол жақта жоғары оқу орындарында әлеуметтік осал топтар үшін оқу құны бөлек есептеледі.

"Шетелде оқуды төлеудің екі түрі бар. Барлығы үшін шартты құн және әлеуметтік осал топтардағы студенттерге арналған оқудың арнайы құны. Сонымен қатар көптеген университетте стипендия тағайындаудың басты талабы жай ғана үлгерім емес, отбасының табыс деңгейі де ескеріледі. Осындай және басқа да бағдарламалардың негізінде бұл мемлекеттерде әлеуметтік және материалдық жағдайына қарамастан, оқимын деген және іріктеуден өткен барлық жасқа жоғары білім алуға мүмкіндік берілген", - деді Күрішбаев.

Қазақстанда грант ҰБТ нәтижесі бойынша беріледі. Ал әлеуметтік осал топтардың квотасы 5 проценттен аспайды. Онымен қазіргі мәселені шешу мүмкін емес.

"Еліміздің білім гранттарын бөлу жүйесіне өзгеріс енгізетін уақыт жетті. Мемлекеттік гранттар мен стипендияларды тестілеу нәтижесі мен үлгерімнің негізінде ғана емес, сондай-ақ, мемлекеттің қолдауынсыз оқи алмайтындарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында бөлген жөн. Бұл шаралар тұрмысы төмен отбасылардан шыққан жастардың мансаптық өсуіне әлеуметтік лифт бола отырып, елімізде адам капиаталын жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді", - дейді Күрішбаев.

Осыған байланысты сенаттың бір топ депутаты үкімет басшысына ресми сауал жолдап, жазбаша түрде жауап беруді талап етті.

Загрузка...

Басты тақырып