Қоғам

Депутат ажырасқалы жатқан ерлі-зайыптыны татуластыру мерзімін ұзартуды ұсынды

© Public Domainнеке
неке - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.10.2021
Жазылу
Депутат ажырасу кезінде мүдделер мен құқықтары қорғалуы үшін балалардың сот ісіне қатысуы қажет деп санайды

НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай жоғары оқу орнында отбасы құндылықтарын дәріптейтін арнайы пән енгізіп, ажырасуға бел буған ерлі-зайыптыларды татуластыру мерзімін 6 айға дейін ұзартуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілісмен қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуіне, оның ішінде некелесудің азайып, ажырасудың өсуіне алаңдады.

Айтуынша, соңғы жылдары бұл проблема жастар арасында белең алып барады.

"Ықылым заманнан ұрпақ өрбітіп, көбеюді өсиет еткен салт-дәстүрімізді ұстануға не кедергі? Бәрін әлеуметтік жағдайға сілтей салу қисынды ма? Біздіңше, өте маңызды проблеманың төркіні – жастардың тәрбиесінде, қалыптасқан қоғамдық ортасында сияқты", - деді Мыңбай премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.

Отбасы жайлы ұлттық баяндама мен ресми статистика бойынша, 2015-2019 жылдар аралығында 274,5 мың отбасы ажырасқан. Яғни жалпы тіркелген некелермен салыстырғанда, ажырасу саны 35%-тен 43%-ке дейін көтерілген.

"Демек, соңғы бес жылда орта есеппен күніне 389 неке тіркелсе, 150 отбасы ажырасқан", - дейді депутат.

Мысалы, 2019 жылы 120 мыңға жуық адам некесін бұзса, оның әрбір екіншісі, яғни 60 мыңнан астамы 18 бен 35 жасқа дейінгі жастар. Одан кейінгі басым бөлігі 30 пен 34 жас (23,3%) аралығындағылар.

"Ғаламдық індетке байланысты былтыр үйлену мен ажырасу төмендегенін ескергеннің өзінде, бұл жағдайға бей-жай қарауға болмайды. Өйткені бізге әрбір отбасының тағдыры қымбат", - деді мәжілісмен.

Осыған байланысты Мыңбай ажырасуды азайту үшін жоғары оқу орнында отбасы құндылықтарын дәріптейтін арнайы факультативті пән енгізуді ұсынды.

Оқи отырыңыз: Назарбаева ажырасудың себебін атады: қазақстандықтар бұл жайлы не ойлайды?

Сондай-ақ ажырасу кезінде мүдделер мен құқықтары қорғалуы үшін отбасындағы балалардың сот ісіне қатысуын қамтамасыз ету қажет деп санайды.

"Сонымен қатар сот алдындағы отбасылық медиация сарапшыларының жұмысын ынталандырып, ерлі-зайыптыларды татуластыру мерзімін барынша ұзарту, яғни 6 айға дейін созып, олардың райынан қайтуына мүмкіндік жасаған жөн", - деді Мыңбай.

Бұдан бөлек ол президент халыққа жолдауында зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін баспана сатып алу мақсатында "Отбасы банкіне" аударуға рұқсат беруді қарастырғанын еске салды. Депутат көпбалалы отбасылар үшін де осындай қолдау тетігін енгізу керек деп есептейді.

Сондай-ақ мәжілісмен "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауын меншік түріне қарамастан барлық мекеме, ұйымдар мен ұжымдарда өткізуді, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та отбасы құндылықтарын заманауи форматта дәріптейтін ақпаратты, видео-контентті көбейтуді ұсынды.

Жаңалықтар
0