НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Сенат депутаттары ТМД-ға мүше мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялауға арналған заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Келісімге сәйкес, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына кіретін мемлекеттер бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесін жасақтайды. Құжаттың негізгі мақсаты:
- мина алаңдарын техникалық барлау;
- объектілерді миналар мен жарылу қаупі бар заттардың болуына техникалық барлау;
- бұрын ұрыс қимылдары жүргізілген аудандарды миналар мен жарылу қаупі бар заттардың болуына техникалық барлау;
- мина алаңдары мен объектілерді минадан тазарту;
- бұрын ұрыс қимылдары жүргізілген аудандарды миналар мен жарылу қаупі бар заттардан тазарту;
- акваторияларды миналар мен жарылу қаупі бар заттардан тазарту;
- бірлескен бөлімшелердің табылған миналар мен жарылу қаупі бар заттарын залалсыздандыру.
Келісімде тағы бір ескертпе бар. Оған сәйкес, Қазақстан Республикасы ұлттық инженерлік бөлімшені ТМД-ға кірмейтін мемлекетке жіберу мәселесін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандаты бойынша қарастырады.
Сенатор Нұржан Нұрсипатовтың айтуынша, бірлескен инженерлік бөлімше туралы келісімді ратификациялау бейбіт халықты жарылыс қаупі бар көптеген заттардан қорғау және миналанған аумақтарды тазарту қажеттілігінен туындап отыр.
"Келісім гуманитарлық айқын бағытқа ие, ал оны іске асыру ТМД кеңістігіндегі қауіпсіздікті, ҚР Қарулы Күштерінің машығы мен кәсіби деңгейін арттырады", - деді Нұрсипатов сенаттың жалпы отырысында.
Сенаторлар "Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады.