04:17 26 Қазан 2021
Тікелей эфир
  • USD425.07
  • EUR494.14
  • RUB6.06
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
5543 0 0

Әлеуметтік желіде психолог Серікгүл Салидің "бір әйелдің екі еркекке күйеуге шығуына заңды түрде рұқсат беру" туралы ұсынысы айтылған видео тарады. Алайда психолог бұл ойдың салыстыру мақсатында айтылғанын жеткізді

АЛМАТЫ, 7 қазан – Sputnik. Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде қазақстандық психологтың "бір әйелдің екі еркекке күйеуге шығуына заңды түрде рұқсат беру" туралы ұсынысы қызу талқыға түсті. Sputnik Қазақстан тілшісі психологқа хабарласып, бұл ойының түп төркінін сұрады.

Даудың басы

Дау бірнеше әйел алуды заңдастыру тақырыбынан басталды. Журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында Әмір Мәуленов есімді ер адам "бәйбіше рұқсат берсе, қыз көнсе, екі әйел алуға болады және мұны заңды түрде енгізу керек" деген ой айтты. Осылайша екі әйел теңеседі деген пікірде.

Бұл пікірге психолог Серікгүл Сали қарсы шықты.

"...Екінші әйел болғысы келетіндерді түсініп отырмыз, бірақ оны заңға енгізуге болмайды. (...) Онда әрбір әйел де екі еркекке күйеуге шыға алады деген заң қабылдау керек. Бір әйелдің екі күйеуі болуы керек, сонымен қоса бір еркектің екі әйелі болуы керек деген екі заңды бір уақытта қабылдау керек. (...) Менің табиғатым оны қаламайды, мен әйелдердің психикасын қорғағым келеді", - деп жауап берді Сали.

Журналист психологтан "мұны қалайтын әйелдер бар ма?" деп сұрады.

"Әрине, бір еркек оны қамтамасыз ете алмайды, баласын асырай алмайды, оған шамасы да келмейді. Үйде жатады, әйел ажырасып кетейін десе, елдің сөзі бар. Сондықтан (екі ер адамға) тигісі келетіндер бар шығар, оларға да мүмкіндік беру керек. Сондықтан екі еркек болса, бола берсін. ", - деп жауап берді психолог. 

"Бір әйелдің екі күйеуі болуы мүмкін" деген сөз айтылмады

Серікгүл Сали шулы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірмес бұрын сұхбатты толық тыңдауға кеңес берді.

"Бір әйелдің екі күйеуі болуы дұрыс емес. Бұл бір еркекте екі әйел болуы да қате деген оймен айтылды. Қазір бір сөзіңді алып, жариялап жіберетін заман. "Әйел теңдігін алды, ер мен әйел тең" деп жиі айтылады. Бірақ әйел физиологиялық жағынан еркектен төмен тұрады. Бұл құқық теңескен жоқ. Онда неге "әйел теңдігі" деп айтылады? Физиология жағынан әйел төмен болғанымен, рационалды шешім қабылдау, ертеңгі күнін, баланың болашағын ойлау жағынан әйел еркектен жоғары тұрады. Демек, ер мен әйел бір-бірінен бір жағынан төмен, бір жағынан жоғары. Салыстыра келе екеуінің құқығы тең деп айтылады", - дейді психолог.

Психолог Серікгүл Сали
© Photo : Серікгүл Салидың жеке архивінен алынды
Психолог Серікгүл Сали

Оның сөзінше, бұған екі әйел бір ер адаммен тұруы керек деген ой қайшы келеді. Сонда әйелдің теңдігі қайда? дейді маман.

"Еш елде бір әйелде екі ер болуы мүмкін емес. Қазақ әйеліне екі күйеу керек деген сөз айтылмады. Бір әйелдің екі күйеуі болу деген мүмкін емес, ешбір адамның миына сыймайды. Тура сол сияқты қазіргі заманда бір еркектің екі әйелі болуы керек дегенді заңдастыру да осылай миға сыймайтын нәрсе. Бұл осының мүмкін емес екенін салыстыру арқылы айтылды", - дейді психолог.

Психолог өз пікіріне әйелдердің басым бөлігі қарсы екенін, тек санаулы адам қандай мақсатта айтылғанын түсініп отырғанын жеткізді.

Қайдағы тоқал? Бір әйелді асырап алсын!

Сондай-ақ психологтан "бір еркек әйелді қамтамасыз ете алмайды" деу арқылы нені жеткізгісі келгенін сұрадық.

"Көптеген әйел қазір өз отбасын асырап, алға сүйреп отыр. Қайдағы тоқал? Тоқал тұрмақ, ең бірінші бір әйелді асырап алсын. Бізде ер адамдар әйелдің жан дүниесін түсінудің орнына "тағы біреуін аламын" дейді. Ал әйелдер жанында отбасын асырайтын, бесаспап ер адам болғанын қалайды. Алайда ер адамдар әйелдің қажеттілігіне ешқандай назар аудармайды", - дейді ол.

Ер адам әйелінің аяғы ауыр болса, басқа әйел керек дейді. Тура осы сияқты әйелдің де қажеттілігі бар. Әйелдің қажеттілігі үшін тағы бір еркек керек деген болмайды. Бір әйел мен бір еркек өздерін бір деңгейде дамытуы керек, дейді Серікгүл Сали.

Әңгіме соңында психолог бір әйелдің екі еркекке күйеуге шығуы туралы мәлімдемесі тоқал алып, екі әйелді заңды түрде теңестіріп, төрт әйел біріксе де, бір еркекке пара-пар келмейсің деген ойға қарсы пікір деп қорытындылады.

Сондай-ақ, қазақ отбасыдағы қыздың орнына қатысты ой айтты.

"Бізде отбасыда қызға қарағанда ұлды жоғары қояды деген нәрсе бар. Көп әйел өз құқығын білмейді. Оны бірнеше күннен бері жазылып жатқан пікірлерден де көріп отырмын. Әйелдердің өзі проблемадан құтылғысы келмейді, еңсесін көтергісі келмейді. Қызын өздері сияқты өсіреді. Мен осындай адамдармен жұмыс істеймін. Ал оның алдын алу үшін сәл де болса аналардың көзін ашу керек. Ол еркектің алдына түсіп кердеңдеу деген сөз емес, керісінше, әркім өз орнын білуі қажет", - дейді Серікгүл Сали.

Қазір қыздар жігіттерге, жігіттер қыздарға ерегісіп бара жатыр. Сондай әрекет жалғаспауы үшін ер адамдар тарапынан әйелді деген бағалау, сый-құрмет артуы қажет, деп түйіндеді маман.

Тақырып бойынша

Атырауда баласының күйеуінен екеніне күмәнданған мұғалім жантүршігерлік қылмыс жасады
"Көңілдесі бар деп айтады" Динара Сәтжан тоқал туралы әңгімеге нүкте қойды
Айгүл Иманбаева үкімет басында отырған шенеунік тоқал еткісі келгенін айтты
Келінінің бетін шанышқымен күйдірді – қорқынышты жағдайға қатысты психолог пікірі
Психолог баюға кедергі келтіретін әдеттерді атады
Кілт сөздер:
әйел, күйеу, психолог, мәлімдеме, видео
Загрузка...

Басты тақырып