Қоғам

"Маған лайк керек!": TikTok-қа видео түсіремін деп құрбан болғандар

© Photo : pixabay/ Nitish GuptaTikTok
TikTok - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.10.2021
Жазылу
Қазіргі таңда TikTok – ең танымал желінің бірі. Оны көбіне жастар қолданады. Олар бұл сервиске қызықты видеолар түсіріп, өздеріне оқырман жинайды

НҰР-СҰЛТАН, 3 қазан –  Sputnik. Бүгінде мектептегі бағадан бұрын TikTok-тағы лайкты ойлайтын жастар көбейіп барады. Олар бос уақытта кітап оқымайды, "қызықты" видео түсіруге тырысады. Осылайша, танымал хаустардың деңгейіне жетіп, қыруар пайда табуды қалайды. Өкінішке қарай, "лайықты" фото мен видео түсіремін деп, қазаға ұшырап жатқандар аз емес.

Сүйегіне дейін күйіп кеткен

Биыл шілде айында Шымкентте болған оқиға халықты дүр сілкіндірді. 15 жастағы қыз теміржол өткеліндегі қорғаныс торына мініп алып, смартфонға түскісі келген. Ал секіріп қалған кезде шашы электр желілерге тиіп кетті. Кернеуі 27 мың вольт болатын тоқтың қатты соққаны сонша, жас қыздың үстіндегі киімі жана бастады. Өзі сүйегіне дейін күйіп қалған.

Куәгерлердің айтуынша, мектеп оқушысы TikTok-қа видео түсіремін деп, қауіпті торға шығып алған. Оның жанында болған құрбылары да зардап шекті.

Осы оқиғаны көрген адамдар қызға бірден көмек бере алмады. Барлығы тоқтан қорқып, торға жақындамай тұрды. Құтқарушылар келіп, электр желілерді сөндіргенше жасөспірім бір сағаттай қиналып жатқан.

Видео түсірген досы тергеуге алынды

Ал Ресейде танымал болған TikTok блогер Степан Морков кезекті трюк жасаймын деп, абайсызда қазаға ұшырады. Сәуір айында ол ағасымен бірге кезекті видеосын түсірген. Жас жігіттер дәретхана қағазынан бір жарым метрлік мұнара жасаған. 23 жастағы блогер соның үстіне мініп алды. Ал ағасы мұнараны көлікпен соққан. Сценарий бойынша Морков автомобильден аттап секіруге тиіс болған. Алайда көліктің төбесіне соғылып, асфальтқа құлаған. Блогер сол жерде тіл тартпай кетті. Ағасы тергеуге алынды.

Бұған дейін Морков талай рет экстремалды видеолар түсірген. Мәселен, артта келе жатқан көлікті фейервекпен атты. Одан кейін тегенені көліктің артына байлап, үстіне мініп жүрген.

Былтыр Мәскеу қаласында тағы бір трагедия болды. 7-ші сынып оқушысы TikTok үшін видео түсіріп жатқанда терезеден құлап кеткен.

Туысының жерлеу рәсімінде қаза болды

Үндістанда 17 жастағы тиктокер Пратик Вадекар туысының жерлеу рәсімінде видео түсірген. Ол үшін қолдан жасалған тапаншасын алып келді. Бірақ онымен бірге түскен жігіттердің біреуі шүріппені басып жіберген. Блогер оқиға орнында көз жұмды. Ал видео жасағандар қашып кетті. Артынан екеуі ұсталды.

Оқи отырыңыз: TikTok желісінде видео түсірген ауыл әкімі жазаланды

Үндістанның тағы бір тиктокері өзіне жазылған адамдарды таңғалдырамын деп, ауыр сальто жасағысы келді. Бірақ мойнын және омыртқасын зақымдап алды. Дәрігерлер сегіз күн бойы жас жігітті ажалдан арашалап қалуға тырысты. Бірақ TikTok жұлдызы қайтыс болды.

Қауіпті челендждер көбейген

Бүгінде TikTok желісінің қолданушылары сан алуан челендждерді ойлап тауып, жан-жаққа таратып жатады. Соның ішінде өмірге қауіпті бастамалар да аз емес. Мәселен, Италияда 10 жастағы қыз "шыдамдылықты шыңдауға арналған" бір челенджге қатысып, қайтыс болды. Оған сәйкес, барынша ұзақ уақыт дем алмау қажет. Кішкентай қыз соны жасаймын деп, тұншығып қалды. Үлкен әпкесі оны ваннадан тауып алған, Оқушыны шұғыл ауруханаға жеткізген. Бірақ дәрігерлер ештеңе істей алмады. TikTok болса, баланың өліміне себеп болған контенттің табылмағанын мәлімдеді.

Бірақ желіде тағы бір қауіпті челендж анықталған болатын. Атауы - "40 таблетка ішіп ал да, не болатынын көр". Бұдан бөлек, тиктокерлер арасында "отшашу" челенджі тараған. Талап бойынша үйдегі розетканың сымдарын тұйықтап, фаер-шоуды көрсету керек. Осы челендждің құрбандары жайында ақпарат шықпаса да, талай мектептер мен сауда орталықтары жарықсыз қалды.

Жаңалықтар
0