10:32 27 Қыркүйек 2021
Тікелей эфир
  • USD423.91
  • EUR497.37
  • RUB5.82
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
971 0 0

Риэлтордың айтуынша, баспана бағасы тағы көтерілсе, жалдамалы пәтерлер де қымбаттайды

НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек –  Sputnik. Биыл дәстүрлі форматта оқуға кіріскен студенттерге баспана табу қиынға соғып тұр. Жатақханаға вакцина алғандарды ғана кіргізеді. Ал пәтер жалдайтын жастарға және олардың ата-анасына біраз ақша шығаруға тура келді. Себебі жалдамалы баспананың бағасы күрт көтеріліп кетті. Әсіресе ақылы бөлімде оқитын студенттер қиналып жүр. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген риэлторлар жалдамалы баспана не себепті қымбаттағанын және бағаның қалай өзгеретінін айтып берді.

"Төртеумізге бір бөлмені жалдауға тура келді"

Ақмола облысының тұрғыны Мәдина Көпжасарова Нұр-Сұлтан қаласында оқып жүр. Биыл екінші курсқа ауысты. Бірінші курста группаластарымен онлайн режимде танысқан. Сөйтіп бір жыл да өте шықты. Мәдина дәстүрлі формат туралы естігенде қатты қуанған. Бірақ астанаға келіп, пәтер іздегеннен кейін қуанышы су сепкендей басылды.  

"Біздің сабағымыз 6 қыркүйекте басталған. Оған дейін курстас қыздармен кездесіп, пәтер іздедік. Таба алмай, біраз сабылдық. Бағасы удай. Былтыр ғана бір бөлмелі үйдің бағасы 90-100 мың теңге болса, биыл 130-150 мың болып кетті. Студия-пәтерді 80 мың теңгеге табуға болатын еді. Қазір ол баға да жоқ", - дейді студент қыз.  

Мәдина құрбыларымен бірге пәтерді біраз уақыт іздеген. Бірақ таба алмапты. Көбісі студенттерге жалға беруге келіспейді. Ал келіскен күннің өзінде бағаны түсірмей отырып алады. Содан риэлтордың көмегіне жүгінуге тура келген.

"Біз алдымен риэлторлық компаниямен келісімшарт рәсімдедік. Олар өздері пәтер іздеп, бізге жалға беретіндердің мекенжайын жіберіп отырды. Сөйтіп, екі күннің ішінде тауып алдық. Бір бөлмелі пәтер, айына – 130 мың теңге. Төртеуміз тұратын болдық. "Көңіл сыйса, бәрі сыяды" дейді ғой (күлді). Амал жоқ, солай істеуге тура келді. Ата-анамызға салмақ салғымыз келмейді. Қосымша жұмыс іздейтін шығармыз", - деп атап өтті Мәдина.

Пәтерді жалға беру бағасы түспейді

Бауыржан есімді астаналық риэлтор осы салада көптен бері жұмыс істеп жүр. Оның айтуынша, биыл баспана бағасы көтерілгеннен кейін пәтерді жалға беру құны да көтерілді.

"Қазір баға шамамен 20-30 мыңға көтеріліп отыр. Енді пәтерді жалға беретіндердің арасында үйді ипотекаға рәсімдеп алған адамдар бар ғой. Оларға ай сайын банкке ақша төлеу керек. Биыл баспана бағасы көтерілгеннен кейін ипотекаға үй алғандардың ай сайынғы төлемі де көтерілді. Сол себепті үйді жалға беру құнын жоғары қойып отыр. Ал ипотекасы жоқ адамдар бағаны сәл түсіруі мүмкін. Бірақ ондай үйлер тез және ұзақ уақытқа жалға алынады", - дейді ол.   

Риэлтордың айтуынша, баспана бағасы тағы көтерілсе, жалдамалы пәтерлер де қымбаттайды.

"Біз баспананың арзандағанын ешқашан көрген емеспіз. Сондықтан пәтерді жалға алу құны түседі деп айту қиын. Сол күйінде қалатын сияқты", - дейді риэлтор.

Осы орайда маман студенттерге пәтерді жалға бермеудің тағы бір себебін айтты.

"Қазір үйі жоқ отбасылар көп. Жалдамалы үйге деген сұраныс жоғары. Сол себепті студенттерге үйді жалға көп бере бермейді", - деп атап өтті Бауыржан.

Қазақстан риэлторлары қауымдастығының вице-президенті Елена Грива да қалаға жұмыс іздеп келетін отбасылардың көп екенін растады.

"Біз талдау жасап отырамыз ғой. Оған сәйкес, шағын қалалар мен ауылдардан келетін адамдар өте көп. Олар не үшін келеді? Әрине, жұмыс іздеп, ақша табуды көздейді. Ал баспана болмағасын жалға алып тұрады", - деді Грива.

Бірақ маман жалдамалы пәтерлер әлі арзандайды деп отыр. Себебі баға жыл сайын құбылып тұрады.

"Бұның бәрі жыл сайын болатын нәрсе ғой. Жаңа оқу жылының алдында студенттер көп келеді. Жатақханада орын аз. Сосын жатақханада тұрғысы келмейтін жастар болады. Олардың барлығы жалдамалы пәтер іздейді. Ал сұраныс көбейген жерде баға көтеріледі. Біршама уақыттан кейін баға төмендейді. Бір қызығы, жалға беру құны 20 процентке өссе, артынан 10 процентке ғана түседі. Сонда бәрібір баға бұрынғыдай болмайды. Келесі жылы тағы солай, сөйтіп, 10 процентке көтеріліп келеді", - дейді Грива.

Оқумен емес, пәтер ақысымен әлек

Жақында пәтер жалдайтын студенттердің мәселесі мәжілісте көтерілді. Депутат Елнұр Бейсенбаевтың мәліметіне сәйкес,  елімізде 1,1 миллионнан астам студент бар. Олардың тек 16 проценті ғана, шамамен, 174 мың адам жатақханамен қамтамасыз етілген. Қазірдің өзінде жатақхана жетіспеушілігі 80 мың орынды құрап отыр.

2018 жылы сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2022 жылдың соңына дейін 75 мың студентке жететін жаңа жатақханалар салуды тапсырған. Осы тапсырма орындалса, біраз мәселе шешіледі. Алайда Елбасының бастамасы уақытында атқарылмайтын сияқты.

"Студенттер жатақханасы әсіресе Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жетіспейді. Мысалы, Алматы қаласында 170 мыңға жуық студент білім алса, оның тек 31 мыңы ғана жатақханамен қамтылған. Дәл қазірдің өзінде Алматы қаласы бойынша жатақхана жетіспеушілігі 35 мың орынды құрап отыр. Жоғарыда берілген тапсырмаға сәйкес, Алматы қаласында 2022 жылдың соңына дейін университеттерде 16 мың орындық 38 жатақхана құрылысы аяқталуы қажет. Бірақ соңғы үш жылдың өзінде 1600 орынға жуық 6 студенттік жатақхана ғана бой көтерді", - дейді мәжілісмен Бейсенбаев.

Ал білім және ғылым министрлігі осы жылдың соңына дейін 37 жаңа жатақхана пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Құрылыс жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласында, Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында қызу жүріп жатыр. Сосын Нұр-Сұлтан мен Алматыда жеке инвесторларды қосымша ынталандыру үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту мәселесі қаралуда. Өйткені осы екі қалада жатақханаға сұраныс жоғары болып тұр. Оқу орындары мүмкіндігіне қарай өз ақшасына да жатақхана салады. Ал кейбір университеттер тұрғын үй, жатақхана мен қонақ үйлерді жалға алып, соған студенттерді орналастыруға кірісті. Бүгінде 13 жоғары оқу орны 5 мың студент үшін төсек-орындарды жалға алып отыр.

Ал келесі жылы тағы 60-қа жуық студенттер үйі пайдалануға беріледі деген жоспар бар.

Загрузка...

Басты тақырып