НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Қазақстандық әскери қызметшілер ШЫҰ елдерінің "Бейбіт миссия" оқу-жаттығуына қатысады, деп хабарлады қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің – Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан әскери контингенттері терроризмге қарсы бірлескен "Бейбіт миссия – 2021" командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысады.
Бұл оқу-жаттығу Ресей Федерациясы Орынбор облысында өтеді. Оған Қазақстанның Қарулы күштерінен "Батыс" өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы, Әскери-әуе күштерінің Су-25 ұшақтары тартылады.
Оқи отырыңыз: 700-ден астам қазақстандық әскери оқу-жаттығу жиынына шақырылды
Оқу-жаттығу шеңберінде ШЫҰ-ға мүше елдердің әскери контингенттері терроризмге қарсы бірлескен операцияға дайындалып, оны өткізу мәселелерін пысықтайды.
"Бейбіт миссия" 2007 жылдың 27 маусымындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы бірлескен әскери оқу-жаттығуларды өткізу туралы келісім шеңберінде екі жылда бір рет өткізілетінін атап өткен жөн.